Үстіміздегі жылдың шілде айында 2030 жылға дейінгі Атырау қаласы құрылысының Бас жоспары дайын болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте болған жиналыста «Казгипроград-1» жобалау институтының бас сәулетшісі Әсия ӘБДІРАШИТОВА хабарлады.
Жоба жасаушының айтуынша, Атырау халқының саны 2030 жылға қарай 350 мың адамды құрайды деп күтілуде. Өткен жылдың желтоқсанында облыс әкімі жанындағы қала құрылысы кеңесі отырысында «мұнайлы астананың» Жайық өзені бойымен солтүстікке қарай түзіле дамуы нұсқасы келісілген болатын.
- Атырау қаласын дамытуға ең тиімді де жайлы аумақ өзен бойынан 800-1 000 метр қашықтық арасындағы аумақ болып табылады. Тұрғын үй массивтері темір жол магистралынан кейін солтүстікке қарай екі жағалаумен де салынады. Біз шығыстан батысқа қарай созылып жатқан мұнай құбырлары сияқты үлкен жоспарлау кедергілеріне тап болдық. Осы құбырлардың әрқайсысының өз қауіптілік санаттары бар, сондықтан да әр санатқа байланысты бірнеше жүз метр дәліздер қарастырылған, - дейді А. Әбдірашитова.
Әлия Молдағұлова көшесі кеңейтіліп, болашақта қаланың оң жақ бөлігінің орталық даңғылына айналады. Облыс орталығы аумағына Махамбет ауданының Алмалы ауылы кіреді, қаланың сол жақ жағалауындағы шекара бұрынғыша Қайыршақты ауылдық округіне қарасы Бесікті ауылы болмақ. Екі автокөлік көпірі салынады: Береке ауылы (бұрынғы Память Ильича) – Томарлы ауылы арасында және Алмалы-Бесікті арасында.
- Кезінде жинақы болған қала құрылымы аз қатарлы үйлерден құралған жекеленген елді мекендер болып шашырап кетті. Бұлардың құрылысы да әлі аяқталып болмаған. Олар өздерімен өздері өсіп жатыр, бір-бірімен, қала орталығымен жоспарлы түрде еш байланысы жоқ. Осылайша қала құрылымы нашарлап кетті. Осы шашылып жатқан елді мекендерді бірыңғай қалаға біріктіру қажет. Сондықтан да Бас жоспарда жаңа салынған үйлер көшелері жалғасады, кей жерлерде жаңа көшелер пайда болады, - дейді А. Әбдірашитова. – Атырау қаласының өзіндік ерекшелігі мен әдемілігі Жайық өзенінің жағасында орналасуына байланысты. Мұны архитектуралық мақсатта қолданбау дұрыс болмас. Бас жоспардың барлық идеясы өзенге жалғасып жатуы керек, яғни, осы жерлерге тұрғын үй аймақтарын, жағалау белдеуін, саябақтар мен аллеялар жүйесін салу қажет.
Оның айтуынша, қала орталығы Сәтпаев-Әлиев және Абай-Сатыбалдиев көшелерімен қиылысқан шаршыда орналасады. Бұл жердегі арзан бағалы тұрғын үй қорын бұзу есебінен кешенді қайта жаңғырту жүргізіледі. Ол, сондай-ақ, Абай көшесі мен Құрманғазы гүлзары («торговый центр») арасындағы Азаттық даңғылында көлік қозғалысын тоқтатуды ұсынды.
Азаттық даңғылының параметрі мен құрылыс сипаттары бұл жерде «Арбат» салуға мүмкіндік береді.
- Атырау қаласының оңтүс-тік-шығысында, солтүстікте, солтүстік-шығыста және Балықшы ауданында төрт кәсіпшілік аймағы қалыптасты. Біз бұларды реттеп, профилін өзгертуді ұсынамыз. Біз облыстық экология департаментінің қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан қоқыс полигонын солтүстік-батысқа 15 шақырым қашықтыққа көшіруді, мұнай құбыры басқармасының құю эстакадаларын заманауи газ ұстағыш жабдықтармен жабдықтау ұсыныстарын қолдаймыз.
Қаланың оңтүстік-шығыстағы кәсіпшілік аймағына келетін болсақ, бұл жерден барлық жөндеу-шаю станциялары мен мұнай базаларын Қарабатанға қарай, Теңдік станциясының шығысындағы жаңа алаңқайға көшіру қажет деп ойлаймыз. АМӨЗ-дің оңтүстігіне қарай Ұлттық индустриалдық мұнай-химиялық технопаркін салуға үлкен жер телімі бөлінді. Оның құрылысы әзірге басталған жоқ, біз осыны Қарабатан бағытына көшіруді ұсынамыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ