Атырау, 26 қараша 20:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Алаяқтық жасау - ала жіпті аттау

8 623 просмотра

Соңғы жылдары көптеген атыраулықтар алаяқтықтың құрбаны болды - бұл фактілерді қылмыстық деректерден күнде кездестіруге болады. Зардап шегушілер өз ақшаларын қайтарып алу үшін тек полицейлерге ғана емес, адвокаттарға да жүгініп жатады. Халықтан «ақша жинаудың» ең кең тараған тәсілдері туралы адвокат Гүлсім САБЫРОВА әңгімелеп берді.

«ДУАДАН АРЫЛТАМЫН...»

Кейбір адамдар құмалақшы, емші сияқты балгер-тәуіптерге қаралып, сан соғып жатады.Солардыңішінде көбі жалған тәуіптердің кәсіби алаяқтығының құрбандығына шалынады. Мұндай балгерлер адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, сезімдерімен ойнап, бастарын қалай айналдыруды жақсы біледі. Адамға, бет пішініне жіті зер салып, қандай күйде тұрғанын аңғарса болды - әрі қарай бәрі шеберлікке байланысты. Жасы егде тартқан әйелдерге көбіне ауру, дуа немесе жақын бауырларының бірінің, немесе өзінің ажалы туралы айтады. Ер адамдарды ақшасы мен денсаулығына дуа салынған деп қорқытады.

Содан кейін осы салынған дуадан, аурудан және т.б. кесапаттардан өзі ойлап тапқан дұға, кері дуа және түрлі рәсімдер арқылы арылтатынына сендіреді. Емші мен көріпкелге бару арзан емес, алайда, адамды белгілі бір рәсім жасаймын деп «шырмауына түсірсе», бұл «тазаланудың» құны тәуіптің «тәбеті» пен клиенттің төлем қабілеттілігіне тікелей байланысты. Ол жын-перілер денеңнен толықтай кетіп, «тазару» үшін «тарылмау» керек деп шеберлікпен миларын айналдырады. Бұл үшін ол бірнеше күн дұға оқып-мыс, клиент өз үйінде «оқылған» шөп, тұз, су және т.б. ішулері керек. Адамдар мұндай «тәуіптерге» жан-тәнімен сеніп, ақша мен бағалы заттарын оңай беріп қояды. Кейде айлакер емші тұрақты клиенттеріне түрлі кесапаттардан құтылумен қатар «керекті адамдармен» таныстығын алға тартып, арзанға пәтер немесе кезексіз жер телімін, арзан құрылыс материалдарын алу сияқты көмектер ұсынады. Міне, сол кезде оның қалтасына ақша молынан құйылады. Ал егер берген уәдесі орындалмай, клиенттер наразылық білдіре бастаса, дуа саламын, ауруыңды қайтарамын деп қорқытады. Осындай жолмен қысым көрсетіп, ақша бопсалаудан кейін екінің бірі полицияға барып, шағымдана алмайды.

Қазақтардың «құрысыншысы» алаяқтарды ұзақ уақыттар бойы түрмеден қорғайды, алайда күндердің күнінде бір «тұтыларлары» һақ. Мысалы, өткен жылы «тәуіп» К-ва және оның «жеке кәсіпкер» қызы ҚР ҚК 177-бабы («Алаяқтық») бойынша 5 жылға сотталды. Іс бойынша зардап шегуші ретінде Атырау қаласының 24 тұрғыны тартылды.

Олардың кейбіреуімен тәуіп әкімдік, архитектура, жер инспекциясы сияқты мемлекеттік органның қызметкері ретінде танысады. Кейбіреулерін ол өзінің емдеу сеанстарымен арбаған. Пәтерді арзан бағамен сатып алуға, кезексіз жер алуға, тіпті, бір әйелге баласын колледжге түсіруге көмектесемін деп уәде берген. К-ва қылмыстық істеріне қызын тартып, оның атына ЖК ашып, қала орталығынан кеңсе ашып, қайыршақ тас сатамын деп газет пен теледидарға жарнама береді. Құрылыс материалдарына алдын ала төлем жасаған сатып алушыларға сатып алу-сату шарттарын жасап, түбіртек берген. Алайда, бұл шарттар заң талаптарына сәйкес келмей, түбіртекте кіріс кассалық ордерінің номері жоқ болып шықты. Ең бастысы, бұл ЖК-ға ешкім құрылыс материалдарын жеткізіп отырған жоқ, яғни, бұл басынан бастап әлеуетті сатып алушылардан ақша иемдену үшін жасалған алаяқтық іс екені белгілі болды.

«ПӘТЕР АЛУҒА КӨМЕКТЕСЕМІН»

Атырауда өткен жылы «пәтерді арзандатылған бағамен немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша алуға, жер телімдеріне кезексіз ие болуға, жақсы жұмысқа кіргізуге көмектесемін» деп ақша алу фактілері бойынша бірталай алаяқтық қылмыстық іс қозғалды. Алаяқ алдымен белгілі бір сома қомақты ақша алып, біраз уақыт өткеннен кейін тағы да осындай ақша сұратады. Алайда еш әрекет жасамайды. Ақша алғаннан кейін клиентпен «таңғы ас» ішіп, ақысын өзі төлеп, риза қылады. Содан кейін ұялы телефонының номерін өзгертіп, жасырынып жүреді. Әрине, кейіннен адам өзінің алданғанын түсінеді, полицияға шағымданып, қылмыстық іс қозғалады. Алайда бұдан алданған адамға жеңілдік болмайды - алаяқ ұсталып, сотталғанның өзінде ақшасын қайтарып ала алмасы анық. Атырау  шағын қала, осындай алаяқтық әрекеттер туралы бәрі естиді, атағы шыққан алаяқтардың аты-жөндеріне дейін біледі. Дегенмен... Мысалы, 2013 жылдың сәуірінде №2 қалалық сот төрт атыраулықты банкке кепілдікке салынған пәтерлерді арзандатылған бағамен, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтерлерді кезектен тыс алып беремін деп алдаған К-ва мен С-ваны 5 жыл бас бостандығынан айырды. Алаяқтар жалпы сомасы 17 млн теңге жымқырған екен.

ТАҢЕРТЕҢ АҚША - КЕШКЕ ЖҰМЫС

Бізге көбіне өзге біреу үшін өз атына несие алған адамдар көп келеді. Ақшаға ие болған адам несиені төлемей жүр, не істеу керек? Мұндай жағдайда зардап шегушінің қолынан келетіні - банкке несие төлеу мерзімін кейінге шегеру жөнінде өтініш жазу ғана. Басқа еш нәрсе жасай алмайды. Жұмыстың жоқтығы, балаларының барлығы және басқа да жағдайлар қарызды өтеуден құтқармайды. Егер сіз бен ақшаны алған адам арасында жазбаша қарыз беру шарты болса, сотқа шағымдану керек. Алайда, бұл сізді несиені төлеуден құтқармайды. Банк алдында қарыз алушы - сізсіз.

Кей кездері адамның материалдық қиындықтарын пайдаланып, түрлі алаяқтықтарға барады. Мәселен, оны пәтерін аз уақытқа үлкен ақша сомасына кепілдікке салуға көндіреді - бизнесті дамытуға шұғыл түрде ақша керек-мыс. Несиенің бір бөлігін пәтер иесіне береді және қалғанын өздеріне қалдырып, бизнесін дамытқаннан кейін несиені жауып, пәтер құжаттарын қайтарамыз деп уәде береді. Кейіннен қарызды ешкімнің қайтарып жатпағаны анықталады, қарыз өсіп жатыр, ал төлейтін ештеңесі қалмаған адамның кепілдікке салынған пәтері банктің иелігіне көшеді, қарызгер көшеде қалады. Осылайша жақында 40 жастағы жұмыссыз әйел өзін фирма директорымын деп таныстырған тәжірибелі алаяқтың торына түсті. Ол әйелге 100 000 теңге жалақысы бар жұмысқа алам деп уәде беріп, оны түрлі банктерден жалпы сомасы 5 000 000 теңге тұтынушылық несиесін алуға көндіреді. Бұл ақшалар «технологиялық жабдықтар» сатып алуға кетеді-міс. Директордың айтуынша, «осы жабдықтар алынса, фирма бар қуатымен жұмыс жасап, ақша құйылады, несиені тез жабуға болады». Ақ көңіл әйел алаяқтың сөзіне сеніп, төрт банктен тұтынушылық несиесін алып, ақшаны «жұмыс берушісіне» береді. Әрине, ол осыдан кейін жоғалып кетті. Алданған жанды алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі жыл сынақ мерзімімен бес жыл бас бостандығынан айырады. Қылмысты ұйымдастырушы әлі іздеуде.

Тағы бір мысал: 2013 жылдың қаңтарында азамат Д-ва 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол өндірістік база сатып алуға, бизнес жобаны дамытуға, жаңа үйлерден арзандатылған бағамен пәтер алуға, ұлын жұмысқа орналастыруға ниеттенген төрт адамды банктен несие алуға алдап-арбап көндіреді. Зардап шегушілерге жалпы құны 235 миллионнан астам теңге шығын келтіреді! Кезінде Атырау қаласының тұрғын әйелдері А. мен С. 8 және 9 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар жекешелендірілмеген үйлері бар адамдарды тауып, оларға жекешелендіруге көмектескен және шағын сыйақыға пәтерлерін банкке кепілдікке салып, бизнестеріне бастауға ақшамен көмектесулерін өтінеді. Алаяқтар несиені тезірек жауып, пәтер құжаттарын қайтарамыз деп уәде береді. Іс жүзінде олар ақшаны өздеріне салып алған. Ал адамдар пәтерсіз қалудың аз-ақ алдында қалды, өйткені банк бұл үйлерді төленбеген несие үшін сатуға құқылы еді. Зардап шегушілердің бақытына орай, кепілге салу және банк қарызының келісімшарты сотта жарамсыз деп танылды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ САҚ БОЛЫҢЫЗДАР 

«Дабыл қоңырауы» деген телефон арқылы алаяқтық жасаудың бір түрі жұрттың барлығына белгілі. Сізге полиция қызметкері болып қоңырау шалып, ұлыңыз (жұбайыңыз, әкеңіз және т.б.) белгісіз бір қылмыс жасап,  ұсталды, егер қазір ақша әкелсеңіз, істі жауып тастауға мүмкіндік бар деп хабарлайды. Кейде белгілі бір мекенжайды айтып, ақшаны қоқыс шелегіне тастауыңды, не болмаса, белгілі бір сомаға актив-карта сатып алуды сұрайды. Жұрттың бәрінде пәлеге тап болған бауырына көмектесу сезімі оянады. Мұндай жағдайларда сол туысыңа бірден телефон шалып, қайда екенін, не істеп жүргенін анықтау керек. Кейде алаяқтар интернеттегі, әлеуметтік желілердегі ақпараттарды, өзіңіздің және туыстарыңыздың суреттерін қолданады. Мұндай алаяқты тауып, ұстау қиынға соғады.

Жазып алған Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.