Атырау, 23 қараша 13:54
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қара» тізім: салыстырып, хабарлаңыз

4 926 просмотра

Облыстық әкімдік пен ірі дәрі-дәрмек құралдарын жеткізушілер кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кірмейтін 152 дәрінің бағаларын ұстап тұру бойынша меморандумға қол қойды.

МИНИСТРЛІК ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Бұл туралы «Жайық Ақпарат» баспасөз клубында өткен баспасөз конференциясында Медициналық және фармацевтік қызметтерді бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ хабарлады. Баспасөз конференциясын өткізуге республикалық БАҚ беттерінде пайда болған ақпараттар себеп болған сияқты: денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтер арасында жасалған меморандумда дәріні бірден 100 және одан да көп пайыз қымбаттатуға рұқсат беріледі-міс. Кейіннен министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарды: «Меморандумға қол қоюдағы мақсатымыз тегін медициналық көмек көлеміне кірмейтін, халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне ең керекті және жиі қолданылатын 224 дәрі-дәрмек атауы бағасын белгілеу болып табылады. Олардың құны 10 ақпанда қалыптасқан бағалардан артық болмайды. Меморандум дәрі-дәрмек құралдары атауы тізбесін азайтуға емес, кеңейтуге мүмкіндік береді».

Атырау облысында дәрі-дәрмек құралдарын және медициналық бұйымдарды айналымға салу саласының 332 нысаны жұмыс жасайды. «Brando» ЖШС бір реттік екпе инелерін өндірумен айналысады. 267 дәріхана, 10 дәріханалық бекет, 12 дәріханалық дүңгіршек бөлшек сауданы жүзеге асырады. Сонымен қатар, облыста «Медикус центр» ЖШС, «Іңкәр» ЖШС, «Актюбфармацентр» және «Ромат» ФК ЖШС филиалдары сияқты дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды жеткізетін, өз дәріханалық қоймалары бар ірі жеткізушілердің өкілдіктері де жұмыс жасайды. Атырау қаласының өзінде 186 дәріхана, 5 дәріханалық бекет және 7 дәріханалық дүңгіршек бар. Олардың 39-ы «Медицина» АҚ-на, 11 дәріхана «Фармация» АҚ-на тиесілі, сондай-ақ, кәсіпкер Гүлжан ӘБДРАХМАНОВАНЫҢ жеке дәріханалар желісі жұмыс жасайды.

13 ақпанда облыстық әкімдікте болған жиналыста медициналық және фармацевтік қызметтерді бақылау департаментінің өкілдері, облыстың емдеу-профилактикалық ұйымдарының басшылары және жеке кәсіпкерлер баға ахуалын талқыға салды. Құрамына департаменттің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, «Фармация» БК, дәрігерлер қауымдастығы өкілдері, дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының қызметкерлері және т.б. енген бағаны реттеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Ал келесі күні меморандумға қол қойылды.

ТІЗІМ БАРЛЫҚДӘРІХАНАЛАРҒА ҚОЙЫЛАДЫ

- Меморандумға қосылған, бағалары белгіленген дәрі-дәрмектер тізімі облыстың барлық дәріханаларына ілінеді. Біздің департамент оны үнемі бақылауында ұстап отыр. Бүгінде бағалардың күрт өсуі байқалмайды. Алға қарай тізім кеңейтілетін болар деп ойлаймын, - деп хабарлады Байтолла Ғазизов. Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол меморандумға тіркелген бұл тізімге ең қажетті дәрі-дәрмектер енгенін айтты. Мәселен, 170 грамдық «Алмагель» сұйық дәрісі 400 теңге болып белгіленсе, 0,5г «Ампициллин» ампуласы – 40 теңге, «Аспаркам» (10 таблетка) – 35 теңге, «Гепабене» (275/50 мг) – 1 600 теңге, «Андипал» - 80 теңге, «Винпосан» ампулада және таблеткалар - 550 теңге, ересектерге арналған «Галазолин» тамшысы – 320 теңге, балаларға арналғаны – 295 теңге, «Диклофенак» гелі - 100 теңге, «Меновазин» - 160 теңге, «Мегасеф» - 3 000 теңге, «Корвалол» - 56 теңге, «Левомицетин» көз тамшылары - 130 теңге, «Кловикс» - 3 075, «Микогал» капсулалары – 1 600 теңге, «Мукалтин» - 90 теңге, валериан тұнбасы – 55 теңге, «Парацетамол» - 28 теңге, «Пенталгин» - 530 теңге, «Регидрон» (20 пакет) – 3 600 теңге, «Стрептоцид» - 30 теңге, «Супрастин» - 770 теңге, «Тридуктан» - 2 300 теңге, «Тромбокард» - 273 теңге, «Цинарикс» (50 мг ерітінді) – 875 тенге, «Эуфиллин» ампуладағы – 200 теңге және т.б. Егер сатып алушылар дәріханадан дәрілер бағасының негізсіз көтерілу фактілерін байқаса, олар бұл туралы департаменттің 27-16-69 телефонына хабарлай алады.

Б. Ғазизов, сондай-ақ, тізімге кірген 152 дәрінің 125-і Қазақстан аумағында өндірілетінін баса айтты. Ал импорттық дәрілерге келетін болсақ, оның пікірінше, олардың бағасы 5-7%-ға өсуі мүмкін. Облысқа ертерек әкелінген дәрі-дәрмек, оның болжамы бойынша, әлі бір айға жетуі керек. Меморандум бір жыл мерзімге жасалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, республикалық бюджеттен вакцинация жасауға, сол сияқты диабет, гемофилия, В және С гепатиттері және т.б. әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуге қаржы бөлінеді. Негізінен бұл препараттар стационарлық емханаларға арналған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 1 млрд 400 млн теңге сомасына дәрі-дәрмек жеткізу келісімі бар.

«БІЗ ҚУАНА КЕЛІСЕР ЕДІК, АЛАЙДА...»

Баспасөз конференциясына шақыртылған фармацевтер өз пікірлерін жария айта алмады, алайда жеке әңгімелесу кезінде өз жеткізушілерінің бағаны көтеретінін күтіп отырғанын, қалай болғанда да, бәрібір бағаны көтеруге тура келетінін айтты.

- Қазақстанда 15 ірі дистрибьютор бар, біз солардан сатып аламыз. Кейде тапсырыс берілген тауарлар кешігіп жатқан жағдайда жергілікті жеткізушілерден де алатынымыз бар. Дистрибьюторлардың дайындаушы-зауыттармен тікелей келісімшарттары бар және шарттар шетелдік валюта бағамымен жасалады. Сондықтан олар бізге тауарды теңгемен кері есептеп сатады. Доллардың өсуіне байланысты дистрибьюторлардың шығындары өседі, сәйкесінше, біз де көп төлейміз. Дәріханаларда негізінен бір апталық тауар қоры қалды, кейбіреуі бір айға жетер. Ешкімде артық қаражат жоқ, бәрі айналымға салынған, ассортиментті, дәріханалар желісін кеңейту қажет, - дейді Атыраудағы жеке меншік дәріханалардың бірінің өкілі. Сондай-ақ, дистрибьюторлардың өздері үлкен партиямен тауар алмайды, бәрінің де несиелері бар, консигнациямен жұмыс жасауда. Олар тауарды тезірек өткізіп, консигнантқа (тауар иесі) ақшаны тез беруге тырысады. Ал аз көлемде тауар алу тез айналымға кепілдік береді. Дәрі-дәрмектер бағасының өсуі, кейбір дәріхана иелерінің пікірінше, жаңа жылға дейін байқалған, барлығы да көп позициялар бойынша көтерілулер болғанын растап отыр.    

Жаңа тауарды доллардың жаңа бағамымен алуға тура келеді және бағаның көтерілуі бес-жеті пайызбен шектелмейтін болар. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді жеткізу тендерлерін ұтып алған фирмалар шарттарды дәрінің бұрынғы бағасымен жасады және осы бағаны ұстауға мәжбүр болады. Ұтылып қалмас үшін оларға бұл шығындарды басқа дәрілердің бағасын көтеру арқылы жабуға тура келеді. Бәрінен бұрын фармацевтерді 1 наурыздан бастап Қазақстанда үшінші елдерден (Кеден одағының құрамына кірмейтін елдерден) дәрі-дәрмектер әкелуге баж салымын көтереді деген алып-қашпа әңгіме мазалайды. Осы мәселе бойынша біз хабарласқан кедендік бақылау департаменті қызметкерлері мұндай өзгерістер туралы естімегендерін айтты. Облыстағы дәрі-дәрмек қоры бір айға жетеді, содан кейін осы меморандумның қалай әрекет ететінін көретін боламыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.