Енді Атырауда төтенше жағдайлар кезінде әлемдегі ең ірі транспорттық тікұшақ – Ми-26 қолданылатын болады.
ТЖ министрлігі осындай екі тік ұшаққа ие болды. Екінші «алып құс» оңтүстік астананың ТЖ бойынша департаментінің әуе паркін толықтырды. 20 тонна жүк көтеруге арналған тікұшақты әскери де, азаматтық та міндеттерді атқару үшін пайдалануға болады. 80-жылдары оны Ауғанстандағы десант тастау операциялары үшін кең қолданған. Ал қазір оны ірі өрттерді сөндіруге, құтқарушыларды, техниканы және гуманитарлық көмекті тасымалдауға пайдалануға болады.
Қазір Атырауға әкелінген тікұшақ Ауғанстаннан кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін Тараз әуежайында сақталып тұрған. Өткен жылы Новосибирск авиация зауытында күрделі жөндеуден өтті. Оны қалпына келтіруге мемлекеттік қазынадан 15 млн доллар кетті. Зауыт екі жылға немесе 600 ұшу сағатына кепілдік береді.
- Қазір Атырау құтқарушыларының «Еврокоптер», Ми-6 және Ми-26 үш тікұшағы бар, - деп мәлімдеді «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ бас директоры Серік ҚАПАРОВ.
Ол, сондай-ақ, «Саламатты Қазақстан» бағадарламасы бойынша жүз шақырымға бір бекет есебімен трассалық медицина-құтқару бекеттері салынатынын хабарлады. Әр бекетте жаралыларды эвакуациялауға арналған тікұшақ алаңқайы жасалатын болады. Ми-26 алып тікұшақтарына қарағанда отынды аз жұмсайтын ұшу машиналарын қолданудың басты мақсаты – көлік апаттарынан зардап шеккендерді құтқаруда «алтын уақытты» тиімді пайдалану.
Ми-26 тікұшағының ұшуына кім рұқсат береді деген сұраққа С Қапаров: «тікелей ТЖМ басшысы», - деп жауап берді.
P.S. 1986 жылы шығарылған МИ-26 тікұшағының бағасы бізді қатты қызықтырды. Интернетте, әуе кәсіпорындарының сайтында су жаңа заманауи Ми-26, шамамен, 30 миллион доллар тұрады. Бұрын қолданылған тікұшақтардың құны шыққан жылы мен жалпы ұшу сағатына байланысты. Мысалы, Ресейде 90-жылдардың аяғында шығарылған Ми-26 тікұшағына 13 миллион сұрап тұр. Белоруссиялық «Белспецконтракт» кәсіпорны 1987 жылы шыққан, 594 ұшу сағаты бар (ресурсы - 20 000 ұшу сағаты) Ми-26 тікұшағын 1,4 миллион долларға сатады, ал одан жаңаларын 3 миллионға алуға болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ