Атырау, 24 қараша 22:09
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жалған диагнозбен балаларды шетел асырған

4 480 просмотра

АСТАНА. 26 ақпан. BAQ.KZ – Елімізде бала асырап алу төңірегіндегі біраз былықшылық бар екені белгілі болды. Бұған дейін БАҚ-тарда бала асырап алудағы қағазбастылық, бюрократтық, жемқорлық жайлы талай жазылды. Тіпті бала асырап алудағы бюрократтықтан мез болғандар, бала асырауды заңды рәсімдегеннен гөрі сатып алғанды жөн санаған жағдайлар да кезігіп жатыр. Сондай-ақ, балалар үйінің дәрігерлері тәрбиеленушіге «жазылмайтын ауру» деген жалған диогноз қойып, шетелдік азаматтарға «рахмет» үшін асырауға бергенін прокуратура мамандары анықтады.

 Соңғы 15 жылда Қазақстанда 50 мың бала асырауға берілген. Ал, олардың 9 мыңын шет ел азаматтары асырап алған. Олардың 70 пайызға жуығының жасы үшке де жетпесе, әрбір екіншісінің жас бірге де толмаған. Өкініштісі, шетке кеткен 673 баланың бүгінгі тағдары белгісіз. ҚР бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуына қарағанда, мұның себебі – баланы асырауға беруге араласушы – құқық қорғау органдары, сыртқы істер, білім және ғылым министрлігі мен қамқоршылық органдары арасында үйлесімділіктің болмауы. Сондай-ақ, ол Қазақстан азаматтары асырап алған балалардың да бір бөлігі бақылаудан шет қалғанын, құзырлы орган мамандары 3,5 мың баланың тағдыры туралы түсінік бере алмай отырғанын жеткізді.

«Жүзі жылыдан түңілме» деген сөзді басқа алған балалар үйінің басшылары бір кездері шетелдіктердің жылы жүзін көріп, «күлімдеген көздері үшін» баланы асырап алуға бере берген еді. Мұндай әрекетке қоғамда қарсылық көбейген соң, шет елдіктерге Қазақстан азаматтары асырап алудан бас тартқан, денсаулығы дұрыс болмаған, жазылмас дертке шалдыққан балаларды ғана беру туралы шешім қабалданды. Десе де, балалар үйінің басшылары бұдан да шығу жолын тауыпты. Шет елдіктерді көрсе күліп қоятын, күлген соң байқамай, баланы асырауға беріп қоятын басшылар «жазылмайтын дертке шалдыққан» деген жалған диагноз қойдырып, балаларды шет ел асырған.

Қанат СЕЙІТҒАППАРОВ, ҚР Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық салада заңдардың сақталуын қадағалау департаменті бастығы:

– Шетелдіктер асырап алынған балаларға жалған диагноз қойған фактілер анықталды. Шет елдіктер 1990 жылдан бері ресми түрде мүгедектігі анықталған небәрі 20 баланы ғана асырап алған. Яғни, шетелдіктерге негізінен дені сау балаларды асырауға берген. Мысалы, Шымкент қаласындағы балалар үйінің дәрігерлері «балалар миының салы және спазмдық тетрапарез" деген жалған диагноз қойып, «Қазақстан азаматтары оны асырап алғысы келмеді» деп көрсетіп, АҚШ-тық отбасыға 11 айлық қызды асырап алуға берген. Алайда, 5 айдан кейін америкалық дәрігерлер Қазақстанда қойылған диагноздің жалған екенін анықтаған.

Прокуратура маманының мәліметінше, балалар үйі дәрігерлерінің жалған диагнозбен балаларды шетел асыру фактілері Астана мен Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында орын алған.

Маманның айтуынша, бала асырап алудағы құйтырқылық мұнымен ғана шектелмеген. Мысалы, Алматы облысында, «Қазақстандықтар асырап алудан бас тартты» деген сылтаумен 5 жасар баланы италиялық отбасыға асырауға берген. Тексеру барысында, Қазақстан азаматтарының атынан жазылған бас тарту туралы арыздардың жалған екені анықталды. Сондай-ақ баланың туған анасы ата-ана құқығынан айырылғанын да білмейтін болып шықты. Өйткені, сот шешімі сырттай шығарылған. Ал, анасына ол туралы хабар берілмеген. «Қазіргі уақытта сот актісіне наразылық білдірдік» – дейді Бас прокуратура өкілі.

Тексеру барысында таңқалыс тудырған тағы бір жайт – 36 жетімнің Оңтүстік Африка Республикасы мен Кения азаматтарына асурауға берілгені. Бұл елдерде халықтың әлеуметтік жағдайы өте төмен екенін ескерсек, балалар үйінің басшылары жетімдерді есіркеп, болашағын ойлап шекара асырмағаны белгілі. Сондай-ақ, ол елдердегі балалардың кейінгі жағдайын бақылау да қиын.

Бүгінгі таңда бала асырап алуда ең алдымен артықшылық туыстарына, сонан соң Қазақстан азаматтарына беріледі. «Бекітілген ережеге сай, шет елдіктер орталық есепте үш ай тұрған баланы ғана асырап алу құқығына ие. Оған дейін бала бір ай алғашқы, екі ай аймақтық есепте тұруы шарт. Яғни шет елдіктер тек жасы алты айдан асқан баланы ғана асырап ала алады.

Алайда, прокуратура мамандары бұл ереженің де сақталмай келгенін айтады. Олардың мәліметінше, 1999-2006 жылдар аралығында 237 баланы шет елдіктер асырап алған. Олардың 165-інің жасы 2 айдан 6 айға дейін екені анықталған.

Балалар үйі басшыларының шет елдіктерге әдемі көзі үшін ықыласы аумағаны әмбеге аян. Заң бұзушылыққа жол берген балалар үйі басшысының бірі прокуратура қызметкерінің «неге балаларды өз азаматтарымызға емес, шет елдіктерге асырауға беруді қалап тұрасыздар?» деген сауалына: «тіл табыса білу керек» деп жауап қатқан көрінеді.

Прокуратуранің мәліметіне қарағанда, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 34 мың жеткіншектің жыл сайын оннан бірі ғана асырап алынады екен. Сондай-ақ, соңғы жылдары бала сатып алудың алты жағдайы тіркелген. Мұндай жағдайдың қалыптасуын мамандар бала асырап алу мәселесіндегі бюрократиялық іс-әрекеттермен түсіндіреді.

Жоғарыда айтылған жағдайларға орай, Бас прокуратура мамандары елімізде жетімдер мен асырап алуға ниеттілердің бірыңғай мәліметтер банкін құруды ұсынып отыр. Олардың пайымдауынша, мұндай жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, бала асырап алу тәртібін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірыңғай мәліметтер банкі асырап алуға ниет танытушы адамнға баланы таңдау мүмкіндігін туғызады. Әйтпесе, неше түрлі бюрократиялық әрекетке барып, балалар үйінің басшылары асырап алушының таңдау құқығын шектейді. Сол арқылы, пара беруге мәжбірлейді.

Бас прокуратураның бірыңғай мәліметтер банкін құру туралы ұсынсын шенеуніктер мен депутаттар да мақұлдап отырған көрінеді. Демек, алдағы уақытта бұл жайлы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Тексеру нәтижесінде, прокуратура органдары тарапынан кәмелет жасқа толмаған 800 баланың құқығы қорғалып, 150 лауазымды тұлға жауапқа тартылып, алты қылмыстық іс қозғалды.

Тек енді «шет елдікті көрсе күліп қоятын басшылардан сақта құдай!» деп тілейік.

Дереккөз: baq.kz

26 ақпан 2014, 10:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.