Қазақтың қара домбырасы Түркияның сайлау алды науқанында тартысқа түрткі болды. Атқарушы биліктің «Әділет және даму» партиясы ноғай әншісі - Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін партияның ұраны етіп алғаны сол еді, елдегі ұлтшылдар өре түрегелді. Олардың ойынша, билік партиясы «домбыраны» қосымша ұпай жинау үшін әдейі пайдаланып отыр, әрі бәсекелес партия авторлық құқықты таптады.
Еске салайық, өңірлік билік органдарының сайлауы отызыншы наурызда өтеді. Түркиядағы ән өрбіткен саяси текетірес жайлы әріптесіміз Ержан Жүніс баяндайды.
Түркиядағы сайлау алды науқанда тартысқа түскен «Домбыра» әні осы. Оның авторы, әрі орындаушысы - танымал әнші Арсланбек Сұлтанбеков. Ән 1997 жылы жазылғанымен, соңғы бір аптада оның танымалдығы артып, хитке айналды. Оған себеп - билік партиясы «домбыраны» сайлаудағы әнұранына айналдырған. Және ең қызығы - әнді автордың рұқсатынсыз өңдеп пайдаланған.
Арсланбек Сұлтанбеков, композитор:
- Мен тілеймін, саяси пиғылда қолданбасын. Ақ партияға бермедім мен, ол да қолданбасын. Менен көп адам сен сотқа бересің бе деп телефонмен сұраушы. Мен барлығына айтамын, асыққан іс бұл қайнап тұр. Сотқа беремін деп айтпадым.
«Домбыраны саясаттың құралына айналдыруға жол бермеймін», - деген композитордың ойын Түркияның бір топ депутаты да құптап отыр. Ал Ұлттық қозғалыс партиясының депутаты Синан Оган парламент мінберіне шығып, бүкіл түркілерге ортақ құндылықтарды жеке бастың қамына пайдаланған Ақ партияны сын садағына алды. Оларда домбыраның үніне өздерінің электораты да еріп кетеді деген үрей бар сынды.
Оган, Түркия ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты:
- Түркілердің әнін саяси мақсатта пайдалану құптарлық іс деп есептемеймін. Бұл қадамдарыңыз арқылы түркішілдікті көздеген халықтың даусын жинаймын деп ойлайсыздар ма? Олай болса, оңбай қателестіңіздер, оны алдағы сайлау көрсетеді.
Қоғамдық сын-пікірге жауап беру үшін билік партиясы өкілінен түсініктеме беруді сұрадық. Сөйтсек даудың басы түріктің әншісі Уғур Ышлақтың өзінде екен. Ол әннің мәтінін өзгертіп, жеке әні ретінде партияға ұсынған. Алайда қоғамдық талқылау тудырғаннан кейін өтірігі шыққан орындаушы «Домбыра» ол халық әні деп ойладым деп, жауапкершіліктен жалтарғысы келді.
Уғур Ышлақ, әнші:
- Біз осы уақытқа дейін «Домбыра» әнінің сөзі Арсланбек Сұлтанбековтікі, ал музыкасы кавказ не ноғай халқының шығармасы деп қабылдап келгенбіз. Себебі, біз ән тарихын зерттей келе, осы ұйғарымға тоқтадық. Егер «Домбыраның» авторы расымен Арсланбек болса, кездесіп айыбымды жуып-шаюға әзірмін.
Түркия саясатында «домбыра» тақырыбы қызу талқыланып жатқанда, Ыстамбұлдағы жергілікті қандастарымыз домбыра үйірмесін ашты. Қазірдің өзінде үйірмеге қатысуға ынта білдірген шәкірттердің қарасы көп.
Седат Солақұлы, домбыра үйірмесінің ұстазы:
- Қазір бір-екі күн домбырамен байланысты саяси нәрседен бастап қазір интернет сайттарынан да Түркиядағы азаматтар домбыраны қайдан сатып аламыз деп сұрап жатқандар көп. Қазақстанға не болсын, домбыра керек Түркияға.
Сайлау төңірегіндегі бұл дауда бауырлас қазақ пен ноғайдың домбырасы, қазақ мәдениеті жеңіп шықты. Екі ішекті аспапқа деген қарапайым жұртшылықтың қызығушылығы артты. Тіпті Ыстамбұлда домбыраны сатып алуға сұраныс көбейді. Әрине, бұл жергіліктің қазақтардың мерейін өсірген жағымды жаңалық болды.
Дереккөз: astanatv.kz