Атырау, 26 сәуір 05:58
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Шекспир туындысын жаңғыртты

Сурет
6 338 просмотра


Лир патша қартайған шағында биліктен кетіп, өзінің патшалығын үш қызы - Регана, Гонерилья және Корделияға бөліп беруге шешім қабылдайды. Олардың үлестерін белгілеу үшін әрқайсысынан өзін қаншалықты жақсы көретінін айтуды өтінеді. Екі үлкен қызы - Регана және Гонерилья бұл мүмкіндікті пайдаланса, кенже қызы Корделия жағымпазданудан бас тартып, өз махаббатының бұдан жоғары екенін айтады. Ашуға мінген әкесі кенже қызынан бас тартып, патшалықты Регана мен Гонерильяға бөліп береді. 

Алайда көп ұзамай Лир өзінің үлкен және ортаншы қыздарының сүйіспеншілігі оларға өзінің патшалығын берген сәтте аяқталғанын түсінеді. Регана мен Гонерилья кәрі Лирді суық қабылдап, ақыр соңында оны патшалықтан қуып жібереді. Тек әкесін жанындай жақсы көретін Корделия ғана әкесінің жанынан табылады.


Таныс сюжет, солай емес пе? Бағзы заманда, 400 жыл бұрын болған хикая туралы Шекспирдің пьесасын Атырау әуесқой жастар театры қазақ тілінде шебер ойнағандары сондай, Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында қойылымды тамашалаған көрермендер ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Қойылымды қоюшылардың сахналық уақытты бір сағатқа сыйғызып, ең әсерлі сәттерді ұсынуы да өте маңызды еді.

- Біздің актерлер жақында Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында 10 күндік курсты аяқтады. Ол жерде танымал профессорлардан дәріс алып, біліктіліктерін жетілдірді. Әуезов атындағы академиялық театрда, жастар театрында болды, - деп әңгімелейді жастар театры жетекшілерінің бірі Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВА. – Сөйтіп «Лир патша» қойылымын сахналауға шешім қабылдадық. Әрине, біраз уайымымыз болды, өйткені бұл өлмейтін классика ғой, әлемде қаншама қойылымдары мен экрандық нұсқалары көрсетілді. Дегенмен, кірісіп кеттік, көрермендерге қатты ұнады.


Қойылымның барлық жағынан кәсіби тұрғыда сахналауына Махамбет драма театрының мамандары - режиссер Мұқанғали ТОМАНОВ, қойылым суретшісі Тимур КОЕСОВ, балетмейстер Анар ЕСЕНҒАЛИЕВА да көмектескен еді. Сахнада басты кейіпкерлерді әуесқой жастар театрының әртістері Қуанышбек ХАЙРУЛЛИН (Лир), Ақбөбек НАЗЕНҒАЛИЕВА, Әсел САЛАУАТҚЫЗЫ және Әйгерім СИЛЫҚОВА (қыздары) ойнады.

Қайырлиеваның айтуынша, Сарайшықта ашық аспан астында Секеркөл туралы аңыздың желісі бойынша қойылым қою жастар труппасының жоспарында бар екен. Қойылым сценарийі жазылуда.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

1 мамыр 2019, 11:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.