Атырау, 24 желтоқсан 19:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Қаламыз шынымен жасыл белдеудің қожасына айнала ма?

3 225 просмотра

Әкімдіктің көгалдандыру туралы бағдарламасының жария болғанына аз уақыт өтсе де, атыраулықтар  көкірегіне  гүлденген алқапта өмір сүру арманының мықтап орныққаны байқалады. Күн сайын дерлік редакцияға жол жөндеу жұмыстары кезінде тамырымен жұлынған ағаштардың тағдырына алаңдаған адамдар қоңырау соғады. Көпшілігі метасеквойяны сатып алу үшін Кореядан келген көгалдандырушы маманның байланыс деректерін беруді өтінеді.

Айтпақшы, біздің жарияланымнан кейін метасеквойя Атырауда танымал өсімдікке айналған. Дмитрий ПАКТЫҢ айтуынша, күн сайын таңертең бірнеше көшеттер жетіспей қалатын көрінеді, оны ұрлап кетеді екен. Дегенмен, бұл текке жасалған әрекет деп ескертеді Дмитрий. Тамырымен жұлынған ағаштардың басқа жерге жерсініп кетуі неғайбыл. Өйткені оларды отырғызу уақыты өтіп кеткен. Олар қазір үйреншікті емес ортаға бейімделудің күрделі процесінен өтіп жатқан көрінеді. Оның айтуынша, қазір барлық көшеттер сырқаттанып, арнайы күтімге мұқтаж боп тұр екен.

Шынымен де Атырауды оазиске айналдыруға бола ма? Әлде оған салынған миллиардтар тағы желге ұша ма? Осы сұрақтарды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВҚА жолдаған едім.

- Бағдарламаны жарияладыңыздар. Енді әрі қарай не болмақ?

- Корея мамандары бізге тұжырымдаманы тарту етті, енді оны жүзеге асыру керек. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда. Жұмысты екі кезеңмен жүргізу жобаланып отыр. Бірінші кезең – қаланың болашақта кеңейетіндігін (Бас жоспар бойынша) есепке алып, оның айналасын жасыл-желекті алқап белдеуімен қоршау. Мерзімі 2015 жылға дейін.

- Ал егер, мәселен, белдеу жүргізілетін жерде жеке меншік нысаны болса ше?

- Белдеу түп-түзу болуы міндетті емес. Ондай жағдай кездессе, нысанды күремейміз. Ал алқап отырғызу аймағы сәл ығысатын болады. Екінші кезең – бірінші сақинадан 15 км қашықтықта екінші сақинаны жүргізу. Белдеудегі бір жағында теңіз болғандықтан, оны таға деп атаған дұрыстау болар. Осы «белдеулердің» басты мақсаты – бірқатар қауіпті өндірістер (АМӨЗ, «Болашақ» зауыты, болашақ интеграцияланған газ-химия кешені) тарапынан тасталатын зиянды шығарындыларды, сондай-ақ, Теңіз кенішінің жағымсыз әсерлерін бейтараптандыру. Осы кезең аясында облыс орталығына жалғасқан трассалардың (мәселен, Атырау-Астрахан) бойына орман қорғау алқаптары отырғызылатын болады. Бұл жұмыс 2016-2020 жылдарға жоспарланған.

Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Топыраққа биологиялық, гидрогеологиялық және химиялық талдаулар жасау қажет. Жер асты сулары жоғарыда орналасқан жерлерге (ал олар бізде тұзды) топырақтың беткі қабатында орналасатын тамыр жүйесі бар өсімдіктер отырғызылатын болады. Метасеквойяның, мәселен, осындай жөке тәріздес тамыр жүйесі бар. Басқа өсімдік түрлері таңдалатын болады. Бізде ақ терек пен қарағаш қана өсіп қоймайды ғой.

- Ал ең маңызды - суару мәселесін қалай шешу жоспарланып отыр?

- Зерттеу барысында белгілі бір жер учаскесіне қанша су қажет екендігін зерттеп, анағұрлым оңтайлы техникалық шешімді таңдайтын боламыз. Жобада екі (Жайықтың сол жақ және оң жақ жағалауындағы) канализациялық тазарту құрылғыларының биотоғандарынан тазартылған суды пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Алайда суару үшін негізгі су көзі Жайық өзені болмақ. Дұрыс пайдаланған жағдайда оның қоры бүкіл Атырауды суаруға еркін жетеді. Суару пластик тұрбалар арқылы нүктелі әдіспен жүзеге асырылатын болады.

- Бірақ соңғы кездері Жайық өзені тартылып барады. Ал бізде су қоры бар жасанды су қоймалары жоқ қой.

- Мәселе мынада – Атыраудың топарығы жасанды қойма жасау үшін жарамсыз. Су құм арқылы өзіне жол салып алады да, ағып кетеді. Сондықтан үкіметке ұсыныспен шығып, ескі арналарды тереңдету жұмыстарын қаржыландыруға қол жеткіздік. Оның жасанды су қоймаларынан айырмашылығы – суды сақтап тұрады. Қазір осы жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Оны 2012 жылдан бастап республикалық «Жасыл Даму» бағдарламасына енгізуді жоспарлап қойдық.

- Ал көгалдандыру үшін жауапты мамандандырылған кәсіпорынды құру мәселесі қалай боп жатыр?

- Егер бүкіл процесс үшін әкімдікке қарасты бір кәсіпорын жауап беретін болса, жұмыс жақсы жүргізілетін болады деп ұйғарылды. Әзірге оны құру туралы мәселе пісе қойған жоқ. Өйткені бағдарламаны қаржыландыру мәселесі әлі шешілу үстінде.

- Жоба бойынша көгалдандыру бағдарламасындағы бюджет шығындары бар болғаны 15-20 пайыз құрап отыр. Шығындардың негізгі бөлігін қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындар – АМӨЗ, ТШО, НКОК және басқалар өз мойындарына алулары керек екен. Сіздер олардың  келісімдерін алдыңыздар ма?

- Осы компаниялар тарапына әкімдіктен, мәслихат депутаттарынан ұсыныстар түсті. Біз осы компаниялардың басшылықтарымен кездесеміз. Бағдарламаның негізгі инвесторлары осы компаниялар болатындықтан, техникалық-экономикалық негіздеме барлық халықаралық стандарттар ескеріліп, жасақталуда. Олар ақша санауды біледі. Сондықтан егер негіздеме осы стандарттарға сай келмеген жағдайда, бұған қатысудан бас тарта қояры анық.

- Сіздің басқарма қаладағы ең үздік аулаға конкурс жариялады деп естідім.

- Иә, 3-маусымда қорытындысын жариялаймыз. Осындай конкурстар арқылы қала тұрғындарына қалауын тапса, бәрін де өсіруге болатынын көрсеткіміз келеді. Мен АҚШ-та, Чехияда болдым. Ол жердегі малынған жасыл-желектің болуы – мемлекеттің емес, тұрғындардың еңбегінің нәтижесі. Ал бізде ше? Нұрсая мен басқа да айтулы ықшам аудандарға қараңызшы. Коттедждердің аулаларында жасыл-желектер жоқ. Ал ондағы үй иелерінің көпшілігі 15 күндеп Теңіз бен Қарабатанда жұмыс істейді. Үйлеріне келген соң барлық демалыс күндерін өз аулаларын абаттандырудың орнына, барлар мен мейрамханаларды шарлаумен өткізеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 маусым 2011, 02:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.