– Мен алимент алу үшін сотқа жүгінген едім. Бірақ маған сәбидің кәмелетке толғандығын, мұндай талап-арызды оның өзі беруге тиіс екендігін желеуретіп, құжаттарымды қайтарып жіберді. Кейбір басылымдардан, егер бала толықтай менің асырауымда болса (ол университетте күндізгі бөлімде оқиды және жұмыс жасай алмайды), мұны ол үшін анасы ретінде менің жасай алатынымды оқыған едім. Менен талап-арызды алмауы заңды ма?
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ комментарий берді:
– ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай – ҚР АІК) 46-бабының 1-тармағына сәйкес, сотта құқықтарын өз іс-әрекеттерімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі) 18 жасқа толған азаматтарда және ұйымдарға толық көлемде болады.
Заңның аталмыш нормасына сүйенсек, егер сіздің балаңыз кәмелетке, яғни, 18 жасқа толған болса, іс бойынша талап-арызды сол беруі тиіс.
Егер ол сабағына байланысты сот отырысына өзі қатыса алмаса, онда ҚР АІК 58-бабының 1-тармағының (Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы) негізінде ол азаматтық істің жүргізілуін және оған өз атынан қатысуды өз анасына немесе басқа тұлғаға сеніп тапсыра алады.
Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс (ҚР АІК 62-бабының 1-тармағы). Мұндай сенімхатты біздің қаладағы кез келген нотариустан алуға болады.
Сенімхатта өкілдің төмендегідей іс-әрекеттердің әрқайсысын жасауға арнайы өкілеттігі қарастырылып, рұқсат етілуі тиіс: сотта іс жүргізуге өкілеттіктер, қуыным арызға қол қоюды, медиация жүргізу туралы шарт жасасуды не iстi төрелікке немесе аралық сотқа беруді, қуыным талаптарынан толық немесе iшiнара бас тартуды және қуынымды мойындауды, қуыным нысанасын немесе негiзiн өзгертудi, бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуды, өкiлеттiктердi басқа адамға берудi (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым жасауды, сот қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етудi, берiлген мүлiктi немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілге өкiлдiк берушiнiң атынан барлық iс жүргiзу әрекеттерiн жасауға құқық бередi (ҚР АІК 61-бабы).
Университеттің күндізгі бөлімінде оқитын балаға қатысты алиментке келер болсақ, шынымен де ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 138-бабының 2-тармағында «егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады» деп қарастырылған.
Яғни, егер бала университеттің күндізгі бөлімінде оқитын болса және жасы 21-ге толмаса, онда оның өз әкесінен алимент өндіріп алу туралы сотқа талап-арыз беруге толықтай құқығы бар.
В Атырау +3