Атырау, 24 қараша 16:43
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шу алқабына қарасора өңдейтін зауыт керек

2 177 просмотра
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкіметтік сағатта баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа депутаттардың жолдаған сауалы аз болмады. Солардың бірі – Дариға Назарбаеваның атышулы Шу алқабындағы қарасораға қатысты тың бастамасы болды. 

- Қарасорадан жасалатын препараттарды бүгінгі таңда обырмен, ЖИТС дертіне шалдыққандарды емдеуде пайдалануда. Мәселен, Израил, Чехия, Канада мен Голландия елдерінде кеңінен қолданысқа ие. Тіпті, оны есте сақтау қабілетіне қатысты аурулар мен Альцгеймер секілді сырқаттарды емдеуге оң әсері бар. Бұл ретте әлемнің бірқатар елдерінде қарасораны арнайы өсіру қолға алынғаны да белгілі. Мұнымен қатар, әлем бойынша бұл өсімдіктен 25 мыңға тарта өнім шығарылады. Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жылдан бері Шу алқабындағы қарасорамен күресіп келеді. Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат та бөлінуде. Бұл тиімді ме өзі? Нәтижесі қаншалықты? Ендеше, бүгінде жабайы қарасораны пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жеткен сияқты. Яғни, ол жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға пайдалануға берген жөн шығар. Олар алқапта өсетін қарасорадан дәрі-дәрмек өндіруді қолға алсын. Қажет болса, тиісті заңнамалық өзгерістер жасайық. Әрине, тиімді деп танысақ. Мұндай ойға Сіз қалай қарайсыз. Қандай пікір білдіресіз, - деді министрге қарата сауал жолдаған депутат Дариға Нұрсұлтанқызы.
Өз кезегінде министр бұл мәселенің өзектілігін айта келе, шешім қабылдау тек қана Ішкі істер министрлігінің құзыретіндегі шаруа емес екендігіне тоқтала келе, қажет болса, кез-келген мекемемен шаруаның қисынын келтіріп, бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендігін білдірді.
- Әрине, 140 мың гектар жердің барлығын жіті бақылауда ұстау мүмкін емес. Қазіргі кезде біз ол жерде оннан астам бақылау қосындарын салғанбыз. Ол жерде маусымдық кезең бойынша ауысыммен құқық қорғау органдарының қызметкерлері күзетуде. Бұл тиімді тәсіл болмаса да оның кеңінен тарап кетпеуіне тосқауыл қоюдың бір амалы. Сондықтан бұл мәселені шешуде екі нұсқа бар. Алқапты түбегейлі құрту керек немесе оны халықтық шаруашылықта пайдалану қажет. Ал осы мәселеге қатысты қандай ұсыныс болса да қолдаймыз, - деді Ішкі істер министрі.

Дереккөз: Baq.kz

13 қаңтар 2014, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.