Атырау, 26 қараша 12:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Любовь Толстованың сарытоғайлық әдістемесі

1 615 просмотра

«Қазақ тілін оп-оңай үйреніп алуға болады», - дейді Любовь ТОЛСТОВА. Бір ай ішінде негізгі модулдар мен грамматикалық құрылымдарды игеріп, содан кейін тұтас сөйлем құрастыруға болады. Грамматикалық құрылымдарды үйреніп болғанша, сізде үлкен сөздік қор қалыптасады.

Любовь Васильевна өз ісін жетік біледі: ол 36 жылдан бері қазақ тілін оқытып келеді. Көптеген жылдар бойы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен, қазір Атырау қаласының бірнеше кәсіпорындары мен ұйымдарында курстар жүргізеді.

- Мен Сарытоғайда туып-өстім. Сондықтан да менде қазақ тілін үйрену керек пе, жоқ па деген таңдау болған жоқ. Тілге деген сүйіспеншілігім бала кезімнен қалыптасты. Бұл мамандық таңдауымда да шешуші рөл атқарды. Сарытоғайда және Атырау қаласында мектепте жұмыс жасадым, соңғы жылдары ересектерді оқытып жүрмін. Менің оқушыларымның ішінде түрлі ұлттардың өкілдері бар, - дейді Любовь Толстова.

Бүгінде көптеген ұйымдарда қазақ тілін білу жұмысқа қабылдаудың негізгі талаптарының бірі және қызметтік көтерілуіне де себепші болады. Алайда Любовь Васильевнаның шәкірттері арасында тілді «өздері үшін», яғни, тұрып жатқан елдерінің тілінде сөйлеп, түсіне білу үшін меңгеріп жүргендер көптеп кездеседі екен. Сонымен қатар, қазақтар басқа ұлт өкілдерінің немесе шетелдіктің аузынан қазақша бір ауыз сөз шықса, соны жылы лебізбен қабылдайтыны да белгілі.

Любовь Васильевна өзінің ұзақ жылдық тәжірибесінен өз оқыту әдістемесін жасады. Оның бір ерекшелігі, оқушылар алған білімдерін бірден күнделікті өмірде қолдана алады. Кітаптарда көптеген сұхбаттар жалпылама тақырыптармен берілген немесе өте қиын құрылған деп есептейді ол. Жақында оның Білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкер атағына тағы бір марапат қосылды. Астанада Қазақстан Республикасы Бірінші Президентінің музейінде «Тіл жанашыры» төс белгісімен марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті. Осы беделді сыйлықтың иегерлерінің бірі – атыраулық оқытушы Любовь Толстова. «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің сыйлығы қазақ тілін дамытуға үлес қосқандарға арналған. Бұл марапатты ең алғаш болып қазақ тілін зерттеп жүрген түрік профессоры Абдувахаб ҚАРА, Еуропаның қыпшақтар одағының президенті Вад ЛАСЛО, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Кайум КЕСИЖИ, Индиан университетінің профессоры Уильям ФИЕРМАН сынды шетелдік ғалымдар алды. Кейінгі жылдары бұл сыйлықпен мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік тілді және қазақ мәдениетін қолдау бойынша іс-шараларға демеушілік көмек көрсеткен меценаттар марапатталды. Биылғы жылы марапаттауға 100-ге жуық үміткер ұсынылған, алайда комиссия 27 адамды таңдап алды.

- Марапаттау рәсімі аясында ұйымдастырылған семинарда мен айтыскер ақын Надежда ЛУШНИКОВАМЕН, ақын Үмбетәлі КӘРІБАЕВТЫҢ әдеби-мемориалдық мұражайының жетекшісі, сондай-ақ «Жағдаятты қазақ тілі» кітабының авторы Қанат ТАСЫБЕКОВПЕН таныстым. Белгілі бір жағдайлармен Қанат өз ана тілін тек 50 жасында ғана үйреніпті, жай үйреніп қана қоймай, әдістемелік оқулық жазған. Кітапта қазақ ұлтының салт-дәстүрі туралы құнды материалдар жиналған, адамның мінез-құлқы, тума-туыстарына қатысты қызықты сөз орамдары келтірілген, - дейді Любовь Толстова.

Бұл да оқытушының тіл үйрену үшін ең бастысы, жан қалауы болуы керек деген тұжырымын тағы бір рет растайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 қараша 2013, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.