Атырауда бір ай ішінде жұмыртқа 40 пайыздан аса бағаға қымбаттады. Бастапқыда он данасы 180-190 теңгеден 230-240 теңгеге дейін күрт көтеріле бастады. Ал қазір 10 данасы 270-280 теңгеге дейін барып қалған. Кейбір дүкендерден 300 теңгеден де сатады. Бағаның осылайша күрт көтерілуі немен байланысты?
Негізінен, жұмыртқа Атырауға Ресейден, Белоруссия мен Украинадан, сондай-ақ, Қазақстанның басқа өңірлерінен әкелінеді. Бұл жерде Ресей қашан да көшбасшы болатын. Ресейлік құс фабрикасы өз өнімінің босату бағасын көтергенге дейін осылай еді. Өз өнімінің бағасын көтеруді ресейлік құсшылар өздерінде құс басын жаңарту басталғандығымен түсіндірді. Ересек мекиен тауықтарды союға жіберіп, оларды әлі жұмыртқа салмаған жас тауықтармен алмастырды. Бұдан басқа, ресейлік құс фабрикалары жем бағасының қымбаттағанын желеуретіп отыр.
Таң қаларлығы, ресейлік жұмыртқалардың бағасы көтерілгеннен кейін ізін ала Белоруссияда, Украинада, Қазақстанда да олардың бағалары шарықтай бастады. Жұмыртқалардың күрт қымбаттауы отандық құс фабрикалары көп орналасқан Қарағандыда, Қостанайда, Ақмола облыстарында байқалды.
- Біздің супермаркеттер желісіне түрлі құс фабрикаларының жұмыртқалары жеткізіледі. Бірақ барлық жерде дерлік бағалар қымбаттап кеткен, - дейді «Атаба» ЖШС-нің сүт департаментінің саттық жөніндегі директоры Александр КОРЖКОВ. -Бағалары жоғары болғандықтан, Ресей мен Белоруссиядан өнімдер әкелу тиімсіз болып кетті. Ал Ресей нарығында баға көтерілгеннен кейін көп сұранысқа ие бола бастаған қазақстандық фабрикалар да өз өнімдерінің босату бағасын көтеріп жіберіп, мұны да мекиен тауықтарды маусымдық жаңартумен түсіндірді. Сонда да қазақстандық құс фабрикасының өнімдерін таласып-тармасып алып жатыр. Нарықта жұмыртқа өнімінің тапшылығы байқалады.
«Идеал Маркет» ЖШС-нің маркетинг бойынша директоры Сергей ГУТОРОВТЫҢ айтуынша, өз супермаркеттері үшін олар жұмыртқаларды отандық өндірушілерден сатып алатын жергілікті жеткізушілерден алады екен.
- Бөлшек сауда бағасының көтерілуі өндірушілердің босату бағасын көтеруі салдарынан орын алып отыр, - деп атап өтті ол. – Қазіргі кезде біз анағұрлым төмен баға ұсынысын жасайтын жеткізушілерді белсенді түрде іздестірудеміз. Құлсарыдағы құс фабрикасына бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныспен әлденеше рет шыққан едік. Алайда бұл мәселе шешімін таппай отыр. Құс фабрикасы өзінде өндіріс көлемінің көп еместігін айтады.
Қазіргі кезде құс фабрикасында 38 мың мекиен тауықтар «еңбек етуде». Құс фабрикасының жұмысшылары мекиендерді 70 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазан айында журналистермен кездесу кезінде Құлсарыдағы құс фабрикасының директоры Әлімжан БАЛЖІГІТОВ фабрика Атырау облысының жұмыртқаға сұранысының үштен бір бөлігін қанағаттандырады, бірақ өнімнің бір бөлігі күн сайын Ақтауға жіберіледі деп мәлімдеген болатын («ЖС», №41, 10.10.2013 ж., «Құлсарыдағы құс фабрикасы»):
- Қазіргі уақытта біз Ақтауға жеткізуді тоқтаттық, бүкіл өнім Атырауда қалады. Апта сайын Атырауға 100 қорап жіберіледі, бұлар 36 мың жұмыртқа. 30-35 қорабын ТШО қызметкерлерін тамақтандыруды ұйымдастыра-тын «ESS» компаниясы сатып алады. Қалған өнімдер жәрмеңкеде құлсарылықтарға сатылады. Бірінші санатты жұмыртқалардың босату құны – 22теңге, екінші санатты – 21теңге, үшінші санатты – 20 теңге.
Айта кету керек, құс фабрикасынан жұмыртқалар қатардағы сатушыға тікелей түспейді, алдымен көтерме саудагерге түседі.
Жергілікті құс фабрикасынан жұмыртқа сатып алатын кәсіпкерлер оларды дүкендерге сатады. Әрине, олар оған өздерінің үстеме ақысын қосады.
Жеке кәсіпкер Магомед ГАСАНОВ жұмыртқаны біздің облысымызға көп уақыттан бері тасымалдап келеді.
- Енді Ресейден тасу тиімсіз боп кетті, - дейді ол. – Айталық, баға көтерілгенге дейін біз олардан жұмыртқаны 19 теңгеден сатып алатын едік. Енді олар 26-27 теңгеден шығатын болды. Ал егер салықтарды, жеткізу шығындарын есептесек, мұндай қымбат жұмыртқаларды кім сатып алады? Сондықтан біз қазір анағұрлым төмен баға ұсынатын құс фабрикаларын іздеуге мәжбүрміз. Қазір негізінен Ақмола облысынан, Қарағанды мен Ақтөбеден әкеліп жүрмін. Құс фабрикаларында орташа босату бағасы – 23 теңге, мен бұл жерде жұмыртқаны 25 теңгеден сатамын.
Қалғандары бөлшек сауда бағасына қосып сатады екен. М.Гасанов – жұмыртқаны құлсары-лық құс фабрикасынан сатып алатын азғана кәсіпкерлердің бірі.
- Оларда өнім көлемі кішкентай, біздің қаламызға жетпейді, - деп есептейді ол. – Дүкендер мен базарларға мен құлсарылық жұмыртқаларды 25 теңгеден тапсырамын.
Оған дүкен немесе базар сатушысының үстеме бағасын қосыңыз. Нәтижесінде жергілікті жұмыртқалар алыстан әкелінетін жұмыртқалардан арзанға түспейді.
Айтпақшы, біз Құлсарыдағы құс фабрикасының жұмыртқаларын еркін саттықтан табуға тырыстық. Таба алмадық.
- Мен жұмыртқаны Ақтөбеден, Оралдан әкелемін, - дейді қаладағы ірі базарлардың біріндегі сауда нүктесінің қожайыны. – Жергілікті, құлсарылық жұмыртқаларды қуана сатар едім. Шындығында, ол шеттен әкелінетін жұмыртқаларға қарағанда арзандау болып, тез өтіп кетуі керек қой. Бірақ Құлсарыдағы құс фабрикасымен тек бірнеше жеке кәсіпкер ғана жұмыс істейді. Ұсақ жеткізушілердің күшті бәсекелестері де бар. Бұлар - өз қызметкерлерін тамақтандыруды ұйымдастыра-тын шетелдік фирмалар мен ірі кәсіпорындар. Сонда арзан жұмыртқалар ірі көтерме бағамен сатып алушыларға бұйырады, ал бөлшек саудада құны импортты жұмыртқа бағасынан айырмашылығы жоқ үстеме баға қосылған жұмыртқалар қалады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор