– Компания басшысы бола тұра, лажсыз жағдайға тап болып отырмын. Компания қызметкерлерінің арасында біліксіз қызметкер бар. Өз жұмысын орындаса, қалай-солай ыждағатсыз атқарады, үнемі тәртіп бұзады. Өткен жылы онымен еңбек келісімшартын бұзған едім, бірақ ол өз құқығын сотта қорғап, қайта жұмысқа алынды. Дегенмен, жұмысқа қайта алынғаннан кейін оның кәсіби қабілеті керемет бола қойған жоқ. Ескерту берілсе, оны елең қылмайды. Бір жағдай бола қалса, қайтадан сотқа шағымданатынын меңзейді. Мұндай бойкүйез адамнан құтылудың еш амалы болмағаны ма?
azh.kz сайтынан
Сұраққа заңгер Нұрбол АЛДИЯРОВ жауап берді:
– Біліксіз қызметкерді жұмыстан шығару қиын емес. Бұған заңды негіз табу қиындау.
Біліксіз қызметкерді жұмыстан шығарудың кең таралған негіздерінің бірі – сынақ мерзімінен өтпеген жағдайда қызметкерді жұмыстан шығару. Сынақ мерзімі қызметкердің кәсіби қабілетін анықтау үшін белгіленеді. Әдетте ол 3 айдан аспайды. Сынақ мерзімінен өту міндетті түрде еңбек келісімшартында көрсетіледі. Егер еңбек келісімшартында және жұмысқа қабылдау туралы бұйрықта бұл тармақ жоқ болса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданған деп есептеледі. Сондықтан оны сынақ мерзімінен өте алмады деген себеппен жұмыстан шығаруға болмайды. Сынақ мерзімі кезінде қызметкер тырысып, өзін жақсы жағынан көрсетіп, ал жұмысқа қабылданғаннан кейін босаңсып кететін жағдайлар да жиі кездеседі. Жұмыс берушінің қызметкерге еңбек келісімшартын бұзу себептерін көрсетіп, жазбаша түрде ескертіп, оны мерзімінен бұрын бұзуға құқығы бар.
Мәселен, кәсіпорындағы дағдарыс кезінде қызметкерлерді жұмыстан шығару қызметкерлер штатын қысқартуға байланысты орын алады. Ол үшін, егер еңбек, ұжымдық келісімшарттарда ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі қарастырылмаған болса, қызметкерлерге еңбек келісімшартының бұзылатындығы туралы бір айдан кем емес уақытта ескерту керек. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек келісімшартын бұзу ескерту мерзімі біткенше жүргізілуі тиіс.
Егер еңбек міндеттемесін әлденеше рет орындамаған болса, бұрын тәртіптік жаза алған болса, біліксіз қызметкермен қоштасуға болады. Осы негізде жұмыстан шығару үшін соңғы жарты жыл ішінде қызметкерде үш тәртіптік жазадан кем болмауы керек. Барлық тәртіптік жазалар құжат түрінде расталуы тиіс.
Бойкүйез қызметкерді әлденеше рет еңбек міндеттемесін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығаруға болады. Еңбек міндеттемесін әлденеше рет өрескел бұзу - жұмысқа келмеу, жұмысқа мас күйде немесе басқа түрдегі масайған кейіпте келу, заңмен қорғалатын мемлекеттік немесе коммерциялық құпияны жария ету, жұмыс орнында ұрлық жасау, мүлікті ысырап қылу немесе қасақана жою, ауыр салдарға соқтыратын қауіпсіздік техникасын бұзу болуы мүмкін.
Қызметкер аталмыш тармақтардың бірін бұзған жағдайда келесі шараларды алу керек:
– еңбек тәртібінің бұзылу фактісін құжат түрінде тіркеу;
– қызметкерден болған жайтқа жазбаша түсініктеме алу;
– кінәлі қызметкерді жұмыстан шеттету.
Тек осыдан кейін ғана жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қоюға болады. Алайда кей жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісімшартын бұзу мүмкіндігіне шектеу қойылады. Мәселен, қызметкер уақытша еңбекке жарамсыз кезде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген кезде жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісімшартын бұзуға жол берілмейді. Сонымен қатар, жұмыс берушінің бастамасымен іссапарда жүрген қызметкермен еңбек келісімшартын бұзуға болмайды.
В Атырау +3