10 қарашада Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде «Атырау су арнасы» (АСА) КМК тарифтерін көтеру бойынша жұртшылық тыңдауы өтті.
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті (ТМРАД) басшысының міндетін атқарушы Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА жұртшылық тыңдауын өткізгенде антимонополия қызметкерлерінің бар болғаны ресмилікті сақтап отырғандықтарын ұқтырды: 1 желтоқсаннан бастап «АСА» қызметтерінің (сумен қамту 27 пайызға және кәріз 30 пайызға) қымбаттайтындығы туралы мәселені ТМРАД жанындағы сараптама кеңесі мүшелері, қалалық әкімдік пен ТМРА мақұлдаған.
Р. Мизамғалиева 2013-2015 жылдарға арналған суға тариф белгілеудің жаңа механизмін енгізудің кешенді жоспарына сілтеді:
- Бұл жоспар кәсіпорын активтерін модернизациялауға тарифтерді көтеру есебінен алынған қаржыларды инвестициялауды қарастырады. Бұл судың нормативтік техникалық ысыраптарын азайтуға және нормативтен тыс ысыраптарын жоюға әкелуі тиіс. Сонымен қатар жоспар қалалық су арнасы қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін өңірдегі орташа айлық жалақыға сәйкестендіруді қарастырады. Қазіргі кезде облыс бойынша орташа айлық жалақы 180 мың теңгені құрайды. Алайда «АСА»-ның өндірістік қызметкерінің 53 мың теңге болатын қазіргі орташа жалақысы есебімен жаңа тарифте жалақыны тек 70 мың теңгеге дейін көтеруді қарастырдық.
Судың қымбаттауының негізгі себебі - 2012-2014 жылдарға «АСА» инвестициялық бағдарламасының көбеюі болып табылады. Ол бастапқыда 570 млн теңгені құраған еді. АСА директоры Андрей ТАШЛЫКОВТЫҢ (суретте) айтуынша, инвестициялық бағдарламаға электр қуатын қазіргі сорғылардан анағұрлым аз тұтынатын заманауи 91 сорғыны (бұл қолданыстағы жабдықтардың 30 пайызы) сатып алу және орнату туралы тармақ қосылған. Экономистер бұл жобаны 727 млн теңгеге бағалап отыр. Жаңа сорғы жұмыс жасаған бірінші жыл ішінде АСА электр қуатын сатып алуға 33 млн теңге үнемдемек деп есептейді.
Бұдан басқа, тұтынушыларға жіберілетін су есепшоттарында енді пайдаланылған су мөлшеріне қарай дифференциялау болмайды. 2012 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген, айына 3 текшеден аз су тұтынғандарға арналған төменгі тарифтер мен одан көп тұтынғандарға немесе су есептегіші жоқтарға арналған жоғарғы тарифтер енді жойылады.
Р.Мизамғалиеваның айтуынша, дифференциалды тарифтер өзінің ынталандырушы рөлін атқарған. Қазір пәтерлердің 95 пайызы су есептегіштерімен жарақталған. Енді 2012 жылдың сәуіріне дейінгі болған жағдай секілді АСА-да тұтынушылардың екі тобы: жеке және заңды тұлғалар болады.
Тұрғындарға арналған орташа тариф бір текше метр су үшін (ҚҚС-сыз) 53,7-ден 68,28 теңгеге дейін, кәріздік қызмет – бір текше үшін 24,1-ден 31,39 теңгеге дейін көтеріледі. Заңды тұлғалар үшін бір текше су тарифі 168,56-дан 189,7 теңгеге өседі. Ал АСА басшылығының сендіруінше, судың текше метрінің өзіндік құны бір текше үшін 86 теңгені құрайды, сондықтан да жаңа тариф олардың шығындарын жаппайды екен.
Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ әкімдіктің АСА тарифтерін көтеруге келісім беруге мәжбүр болғанын, өйткені АСА-ның кредиторлар алдындағы жалпы қарызы қазіргі уақытта 600 млн теңгеге дейін өскенін, соның ішінде қалалық бюджет алдында – 216 млн теңге, тұтынылған электр энергиясы үшін – 200 млн-дай теңге екенін мәлімдеді. Суды тазартуға арналған химиялық реагенттер үшін де қарызы бар екен. Қарағаевтың айтуынша, АСА-ның мемлекеттік кәсіпорын екеніне қарамастан, билік оған ешқандай көмек көрсете алмайды, өйткені ол шаруашылық есептегі кәсіпорын. Мемлекет қаржысына тек республикалық «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жаңа ықшамаудандарда су құбырлары салынуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ