Атырау, 26 қараша 10:54
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Павлодардағы оқиға – кездейсоқтық»

2 754 просмотра

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мамандары Атырауда адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау мәселелері бойынша көшпелі семинар өткізді. Олардың бұл шараларына қарағанда, қыздарға вакцина егу науқаны кешікпей қайта жалғасын табатын секілді.

Естеріңізге салсақ, 1 қазанда Астанада, Алматыда, Павлодар мен Атырау облыстарында 11-12 жастағы қыздарды иммундау науқаны басталуы тиіс еді. Атырау облысына вакцина жеткізілмей қалды, ал Павлодар облысында екпе салынғаннан кейін екі қыздың жағдайы нашарлап, оларды жансақтау бөліміне жатқызуға тура келген болатын. Осы жағдайдан кейін папиллома вирусына қарсы вакциналау тоқтатылып, болған жағдайдың себебін тексеру үшін арнайы комиссия құрылған еді. Комиссия жұмысы аяқталмаса да, Санэпидқадағалау комитетінің өкілдері науқанның қайта жалғасын табатанына сенімді болып отыр.

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің жұқпалы аурулар эпидемиологиясы бөлімінің меңгерушісі Айнагүл ҚУАТБАЕВА вакциналаудың экономикалық негіздемесі туралы әңгімелеп берді. Түрлі сырқаттардан иммундауға жыл сайын 18 млрд теңгедей бөлінеді екен. Папиллома вирусына қарсы қосымша вакциналау шеңберінде де тұрақты қаржыландыру қамтылған. Басқа елдердің тәжірибелері вакциналаудың папиллома вирусынан туындайтын асқынулардан зардап шегетін науқастарды емдеуге қарағанда, экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді екенін көрсетіп отыр. Дәрігерлердің міндеті мақсаттық топтарды адамдармен қамтуды арттыру болып табылады. Әсері көп болу үшін 95 пайыздан кем емес топты иммундау ұсынылып отыр. Дүние жүзінде қазіргі кезде папиллома вирусының пайда болу тәуекелінің алдын алатын тек екі вакцина бар. Олар - нидерландтық «Гардасил» және бельгиялық «Церварикс» препараты. Екі вакцина да гендік-инженерлік, бірдей қасиетке ие және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған. Екі препаратты да белгілі бір сызба бойынша: 6 ай мерзім ішінде үш кезеңмен егеді. Қуатбаеваның айтуынша, бұл вакциналардың пайда болғанына 20 жылдан астам уақыт өткен. Алайда оларды ұлттық және мектеп бағдарламаларының шеңберінде белсенді түрде енгізу 10 жыл бұрын басталған. 2009 жылға қарай 21 елде 60 млн-нан астам екпе жасалды. Медиктердің сендіруінше, вакцина салынғаннан кейін ауыр реакциялар мен асқынулар болмаған. Талып қалған жағдайлар болған, алайда медиктер инъекциялық препараттарды салғаннан кейін туындайтын осындай реакциялармен жиі ұшырасады екен. Қазіргі кезде вакцина 127 елде енгізілген, 50 елде ол екпелердің ұлттық күнтізбесіне еніпті. Кей елдерде тек 9-14 жастағы қыздарды ғана емес, «жетіп алу» бағдарламасын жүзеге асырып, жоғары жастағы адамдарға да вакцина салады. Бұл мақсаттық топтарды жоспарлы иммундағаннан кейін 2-5 жыл ішінде жоғарғы жастағы топтарға вакциналау жүргізеді дегенді білдіреді. Жекелеген елдерде бұл вакцина иммундаудың тегін бағдарламасы шеңберінде 26 жасқа дейінгі тұлғаларға егіледі. Австралия мен АҚШ бәрінен озып тұр, ол жақтарда тек қыздарға ғана емес, ұл балаларға да егеді. Бұл елдерге Канада да қосылмақ.

Комитеттің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай ӘЗІМБАЕВА:

- Павлодардағы оқиғаны тергеу бірнеше күннен кейін аяқталатын болады. Оған қазақстандық медиктерден басқа, Копенгагендегі Еуропалық кеңсенің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қатысуда. Әзірге нәтижелер дайын емес, алайда алдын ала мәліметтер бойынша, осы екі жағдайдың вакцинаға еш қатысы жоқ. Бұл ағзаның жеке реакциясы, ол жерде тек екеуі ғана емес, мыңнан астам бала егілді ғой.

- Бірақ реакция басқа нәрсеге емес, вакцинаға болып отыр емес пе? Мың адамға екі жағдайдан келуі - өте көп емес пе?

- Бірақ олардың вакцинаға еш қатысы жоқ. Бұдан басқа вакцина қалдықтарының сынамасы зерттелді. Ол да жақсы нәтиже көрсетті. Сондықтан вакцинаның қатысы жоқ. Бәлкім, бұл сәйкестік шығар, мүмкін балаларда әлдебір сырқат басталған болар. Тексерудің ақырғы нәтижесі себебі неде екенін анықтайтын болады.

- Павлодардағы оқиғаға дейін қыздарына вакцина ектіруге келісім берген ата-аналардың арасында бас тартқандар болды ма?

- Мен мұндай ақпараттан бейхабармын. Өз балаларын осы сырқаттан қорғағысы келетін ата-аналар келісім береді деп ойлаймын. Бәлкім, ақпараттың тапшылығы салдарынан кейбірі бас тартатын шығар.

- Ал балалар үйі мен интернаттардағы балалардың екпесі туралы мәселені кім шешеді?

- Олардың заңды өкілдері, қамқоршылары және т.б. Біз пайыз қумаймыз, бүкіл халықты қамтуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Қазір бұған саналы түрде баратындар егілуде. Бұл – бір, екіншіден – біз ұсынып отырған екі вакцинаны да қауіпсіз әрі инфекциядан қорғайтын тиімді құрал деп сендіре аламыз.

- Атырауға вакцина ақыры келген жоқ, бұл вакциналау науқанының тоқтатылуымен байланысты ма?

- Вакцинаны жіберуді бұл үшін тоқтатқан жоқ. Вакцина жөнелтімі келе жатыр, қазір келісімшарт жасау мәселелеріне қатысты болып отыр. Сәл ғана қаржылық кідірістер туындап қалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 қараша 2013, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.