
Алматы көшелеріндегі «Сергек» бейнебақылау камералары 2027 жылы толығымен жойылуы мүмкін. Қала билігі қазіргі жүйені моралдық тұрғыдан ескірді деп танып, оның орнына заманауи балама цифрлық шешімдерді қарастырып жатыр, деп жазады BES.media.
«Сергектің» орнына жаңа жүйе келеді
Алматы қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсековтің айтуынша, бұған дейін қолданылып келген «Сергек» технологиясы соңғы 6–8 жылда ескіріп, заман талабына сай болмай қалған. Қазір нарықта кемінде 6–8 бәсекелес баламасы бар. Оның ішінде Астанада ұқсас жобаны іске қосқан «Presight G42» компаниясы бар, қос ұйым өзінің коммерциялық ұсынысын беріп үлгерген.
Алматы үшін таңдалатын жаңа бейнебақылау жүйесі тек жылдамдық асыруды тіркеп қоймай, автокөліктерден бөлінетін зиянды қалдықтарды (эмиссияны) анықтауға және терең бейнеаналитика жүргізуге қабілетті болуы тиіс.
Компанияға төленетін қаржы жарты миллиард теңгеге қысқарады
Шенеуніктер жаңа жүйені таңдаумен қатар, қазіргі оператормен арадағы қаржылық шартты да қайта қарап жатыр. 350 кешенді құрылғыны уақытында пайдалануға бермегені үшін компанияға төленетін қаражат 530 миллион теңгеге жуық сомаға қысқартылады.
Сонымен қатар Ревизиялық комиссияның ұсынысы бойынша қала әкімдігі істемей тұрған кешенді құрылғылар үшін ақша төлеуді тоқтатты. Ал алдағы уақытта жасалатын келісімшарттарда операторға төленетін сыйақы жазылған айыппұлдарға емес, бюджетке нақты өндірілген қаражат көлеміне байланысты болады.
Аудит тексерісі: миллиондаған теңгенің тиімсіз жұмсалды ма?
Ревизиялық комиссия жүргізген ауқымды тексеріс шаһарды цифрландырудағы өзге де ірі олқылықтардың бетін ашты:
443,7 миллион теңгеге әзірленген геоаналитикалық платформа жарамсыз болып шықты және іс жүзінде қолданылмаған;
Жасанды интеллектке негізделген 200 миллион теңгелік жолды бақылау жүйесі күткен нәтижені бермеді;
«Алматылықтың әлеуметтік картасы» мен «Қаланың цифрлық егізі» жобалары толықтай сәтсіздікке ұшырады.
Аудит қорытындысы бойынша қала бюджетіне 160,2 миллион теңге қайтарылып, тағы 56,8 миллион теңге тауар түрінде өтелді.
Өзге өңірлердегі жағдай
Алматы — «Сергек» операторымен келісімді қайта қарап жатқан жалғыз қала емес. Бұған дейін Астана қаласы бұл жүйемен келісімшартты ұзартпаған болса, Қостанайда сот шешімінен кейін жабдықтар толығымен алынып тасталған еді.
Алматы көшелеріндегі камералардың алдағы тағдырын қала әкімі бастаған арнайы комиссия шешеді.
В Атырау +31.7