Атырау, 26 қараша 10:38
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Арзанның тұзы татымас

4 819 просмотра

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүйрегі ауыстырылған жандарға өмірлік қажетті дәрі-дәрмектің анағұрлым арзан баламасын мәжбүрлеп таңып отыр. Бұл адамдар жаңа бүйрегі (өмірі) үшін кезінде Ресейге, Қытайға, тіпті Пәкістанға дейін қыр асып барған еді. Отанымыз оларды алдымен түсіністікпен қарсы алды, алайда соңғы кездері осы уақытқа дейін жақсы болып келген арақатынасқа сызат түсе бастады...

 

ДӘРІГЕРЛЕР ЭКОРАЛҒА ҚАРСЫ

«Тірі» (яғни, мүрденің емес, донордан алынған) бүйректі ауыстырудың орташа құны - 35-40 мың доллар. Олардың квота күту мүмкіндігі жоқ: лайықты бүйректі жылдар бойына күту керек, ал көпшілігінің бұған уақыттары жоқ. Бұл жерде олар үшін «өмір сүргің келсе, қимылдай біл» деген мәтел орынды болмақ. Өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізу үшін біреулері көліктерін сатса, біреулеріне туыстары жинап берген, енді біреулері несие алған... Алайда ақша, донор, емхана табудың және ауыр операцияны бастан өткерудің соңы мұнымен бітпейді. Тым қымбат тұратын өте нәзік сыймен бірге тіршілік ете бастағанда, ол өзге ағзаны тастап кетуге ұмтылады. Бұған жол бермес үшін бұл адамдарға күніне екі рет иммунды депрессанттар ішу керек. Ауыстырылған ағзаны сақтау үшін иммундық жүйені басатын терапия маңызды. Иммунитетті басқанда, ол «өзге ағзаны» танып, оны итеріп шығаруға мүмкіндік бермейді. Мұндай дәрі-дәрмекпен қамту мемлекеттік тегін медициналық көмекке кіреді.

- Ота жасатқаннан кейін бірден өз трансплантологымның тағайындауы бойынша екі дәрмекті қабылдай бастадым. Біреуі итальяндық «Сандиммун Неорал» препараты болатын. Осы жақтағы нефролог дәрігер бұл тағайындауды қолдаған еді, - дейді бүйрегін ауыстырғандардың бірі Руслан редакцияға хабарласып. – Мен сандиммунді үш жыл қабылдадым, осыған дейін бәрі жақсы еді. Учаскелік дәрігеріме барып, ол менің нефрологымның жолдамасымен рецепт жазып беретін. Содан соң дәріханаға барып, дәрімді алатынмын. Бірақ осы айда облыстық денсаулық сақтау басқармасы күтпеген жерден біз үшін сандиммунды экоралға ауыстырыпты. Мен нефрологпен кеңескенімде, ол бұл препаратқа көшуіме үзілді-кесілді тыйым салды. Сөйтсек, ол синтетикадан жасалған, жанама әсерлері көп: қант, холестерин деңгейін арттырып, асқазанды «отырғызып», лоқсуды тудырып, құстырады екен... Бізді оны түрлі сауда маркасымен шығарылған бірдей дәрі деп сендіріп отыр. Алайда сандиммун  – көптен белгілі, өзін жақсы жағынан танытқан түпнұсқа дәрмек. Ал экорал – оның арзан баламасы немесе генерик. Мәселен, ғаламторда Экорал туралы ақпарат жоққа жақын, ол аз зерттелген, аз сыналған препарат, дәрігерлер, әдетте, бұл алмастыруға қарсы болады.

Гуля 2011 жылы Пәкістанда бүйрегін алмастырған, ол өзінің Алматыдағы емдеуші нефролог дәрігерімен кеңесіп тұрады:

- Ол да жаңа дәрмекке көшуіме мүлдем қарсы болды. Оның айтуынша, бұл генерик диабетке шалдықтырады екен. Бұл препаратты қабылдағанда ағзаның ауыстырылған мүшені итеріп шығарған жағдайлары болыпты. Дұрыс түсініңіз – егер дені сау адамдар иммунитеттерін нығайтып, көтеруге тырысса, біздер, керісінше, оны үнемі басып отыруға мәжбүрміз. Соның салдарынан сәби секілдіміз: бізге қарап тіпті түшкіруге де болмайды. Өйткені қарапайым тұмаудың өзі пневмонияға айналуы мүмкін. Ал препаратты ауыстыру – ағза үшін күйзеліс болмақ. Ал ол күресе ала ма, кім біліпті? Біз онсыз да науқаспыз, бізге енді жетпегені диабет еді. Бірақ бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының сатып алғанын, жыл аяғына дейін басқасы болмайтынын хабардар етті. Яғни, қаласаң ал, қаламасаң өзіңе керектіні өзің сатып ал деген сөз. Ал бұл өте қымбат дәрі, оны сатып алуды  кез-келген адамның қалтасы көтере бермейді. Қарашаның аяғына дейін қорым жеткілікті. Ал әрі қарай не істейтінімді білмеймін.

Жанна бес жыл бұрын Санкт-Петербургта ота жасатыпты, өзінің трансплантологымен үнемі байланыс жасап тұрады екен:

- Препаратты ауыстыру туралы хабар алғаннан кейін оған қоңырау шалдым. Ол маған тіпті экоралды байқап көруіме де тыйым салды. Оны алғаныммен ішкен жоқпын. Әзірге қорым бар, сандиммунды ішетін боламын. Егер оны беруді тоқтатса, өзімізге сатып алуға тура келетін болды...

Бұл адамдардың синтетикалық препараттарды қабылдағылары келмеуіне себеп - олар денсаулықтарының тұрақтылығы мен өмірлері үшін қорқады. Сарапшылар генериктердің жанама әсерлерін - бір препаратты сол құрамдағы екіншісіне алмастырған кезде қанда өзгерістер байқалатындығымен байланыстырады. Ал бұл ауыр асқынуларға соқтыруы мүмкін.

 

ҚҰМ СҰЛЫНЫ АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ

Бүгінде көптеген дәрі‑дәрмектердің генериктері (дженериктер деп те жазылып жүр) бар. Бұлар - ұқсас қасиеттері мен бірдей әрекет ететін заттектері бар, басқа сауда маркасымен тіркелген дәрілік препараттар. Мәселен, сандиммун мен экоралды ортақ әрекет ететін циклоспорин (ciclosporin) заты біріктіреді. 

Генериктердің құны едәуір төмен, кейде он есе деуге болады. Бұл бір қарағанда денсаулық сақтау органдарына қаржыны үнемдеу үшін алғышарттар секілді көрінеді. Алайда генерикалық препараттар - өндіру технологиясында, шикізатты тазарту деңгейінде ауытқулары және т.б. болуы мүмкін басқа өндірушінің препараттары. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бірқатар жағдайларда генериктерге клиникаға дейінгі сынақтар толықтай жасалмайды екен, оның салыстырмалы ірі клиникалық нәтижелі сынақтары жоқ және мұндай дәрілік құралдар қауіпсіз емес. Сондықтан да дәрігерлер өз пациенттерінің препараттарды алмастыруына қарсы болатын шығар. Алайда олар ресми медицина деңгейінде өз пікірлерін жарияламауды жөн көреді. Өйткені ол соңғы жылдары қабылданған денсаулық сақтау саласындағы шығындарды оңтайландыру стратегиясына қарама-қайшы келеді. Соңғы кездері дәрілік құралдарды мемлекеттік сатып алу түпнұсқа препараттарды генериктермен теңестіретін жаңа ережелер бойынша жүргізілуде. Нәтижесінде  белгілі бір препаратқа үйренген пациент оның баламасын қабылдауға мәжбүр болады. Анағұрлым қолжетімді дәрілік препараттарды сатып алу бюджеттің әлеуметтік шығындарын қысқартуға бағытталған мемлекет саясаты болып табылады. Алайда бұл саясат ағзалары ауыстырылып салынған пациенттердің наразылығын тудырады. Биылғы жыл бойына тегін дәрмектер тізіміне Экоралды Сандиммунды алмастырғыш препарат ретінде енгізуге қатысты жанжалдар тек Атырауда ғана емес, Алматыда, содан соң Астанада орын алған еді. Бұл мәселе жұртшылықтың талқылауын туғызып, осы қалаларда алмастыру бағдарламасын шұғыл тоқтатқан болатын. Қалай дегенмен де, Экоралдан бас тартқандар қайтадан Сандиммунды алуда. Ресейде бұл мәселе де қызу пікірталастар туғызып, ол жақтағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де осындай тәсілді қолданыпты. Алдымен генериктер, содан соң жанжалдар, кейін түпнұсқаға оралған. Енді аса осал топтағы пациенттердің өмірі мен денсаулығынан ақша үнемдеуді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолға алған секілді...

 

ЖЫЛ АЯҒЫНА ДЕЙІН - САНДИММУН

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алмастырғышқа көшуге байланысты пациенттердің наразылығы жөнінде жақсы хабардар екен. Редакция сауалына берген облыстық басқарманың дәрілік заттармен қамту бөлімінің басшысы Алмагүл ДӘУЛЕТОВАНЫҢ жауабынан:

«Амбулаториялық науқастарды тегін қамту үшін дәрі-дәрмектерді сатып алу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 04.11.2011 жылғы №786 бұйрығымен реттеледі. Онда аурулар, препараттар атауы мен сатып алуға тиесілі дозалар көрсетілген. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын сатып алынатын дәрілік заттардың шекті бағалары жөніндегі бұйрығын  жаңартып отырады. 2013 жылғы тендер бойынша «Ағза мүшелері мен тіндерді ауыстырғаннан кейінгі ахуал» және «Үдемелі гломерулярлы аурулар» сырқаттары бойынша «Экорал» сауда атауымен «Циклоспоринт препараты сатып алынды. Жыл сайын науқастардың осы тобы үшін сатып алынатын «Сандиммун» сауда атауындағы циклоспоринт сатып алынбады, өйткені оның сатып алу бағасы 27.12.2012 жылғы №903 ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен реттелетін шекті бағадан асып кетеді. Экорал бүкіл науқасқа жететін мөлшерде сатып алынды, алайда оны көндігу қабілеті нашар болғандықтан, «Экорал» генеригі ағзаны итеріп шығару кризінің жиілеуіне ұшыратады деген қорқыныш салдарынан пациенттердің бір бөлігі қолданудан бас тартып отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша Д-есебіне бүйрегі ауыстырылған 16 науқас тіркелген. Оларға ағзаны итеріп шығару кризінің алдын алу мақсатында Циклоспоринді үзіліссіз қабылдау ұсынылған. Дәрігерлер тек сауда атауының ғана айырмашылығы бар, ал әрекет етуші зат – циклоспориннің бірдей екенін түсіндіруде. Алайда науқастар «Экоралды» қабылдаудан бас тартып отыр. Нәтижесінде емханалар жаңадан анықталған пациенттер үшін бөлінген препараттардың біразын қайтарды. Ауқатты науқастар өз қаржыларына қымбат тұратын Сандиммун препаратын сатып алады. Терминалды созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің даму ықтималдылығы салдарынан Экоралмен емдеуге қарсы көрсетілімдері бар пациенттер емдерін үзіп алуы мүмкін. Сондықтан Облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы отырысының хаттамалық шешімінің негізінде Экорал генеригімен емделуге қарсы көрсетілімдері бар науқастар үшін «Сандиммун» сауда маркасындағы Циклоспоринды сатып алу туралы шешім қабылданды. Жергілікті бюджеттен осы топқа дәрілік заттарды сатып алу үшін қосымша қаржы бөлінді. Экорал қабылдауға қарсы көрсетілімдері бар науқастар үшін үш мөлшерлемедегі (25, 50 және 100 мг) Сандиммун жыл аяғына дейін және келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін жететін мөлшерде сатып алынды. Өкінішке орай, сатып алынған Сандиммунның қолайлы жарамдылық мерзімдеріне (2014 жылдың ақпан мен сәуір айлары) байланысты науқастарды анағұрлым ұзақ мерзімде осы препараттармен қамту мүмкін емес.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аз қаржыландырылса да, сатып алулар кезінде үнемі түпнұсқаларға басымдық танытатын. Амбулаториялық науқастар үшін «Плавикс» препараттары мен гиппоаллергенді «Нестожен» сүт қоспасы сатып алынады. Ал көрші облыстарда «Малютканы» сатып алады.

Іс жүзінде мұндай үнемдеудің тиімділігі жете есептелмегендей әсер қалдырады. Медициналық сайттардың бірінде мынадай цифрлар көрініс тапқан: егер Сандиммунды қабылдау кезінде асқыну қаупі 4 пайызға тең болса, онда Экоралда олар 15 пайызға дейін жетеді екен. Жанама әсерлер, ауыр асқынулар қосымша медициналық араласуды, қымбат тұратын шұғыл көмекті қажет етеді. Ағза мүшені итеріп тастаған жағдайда, тіпті осы адамдарды гемодиализге (жасанды бүйрек аппаратына) қайтарудың өзі (ағза ауыстыру квотасы бойынша берілген, желге ұшатын мемлекеттік ақшаларды айтпағанның өзінде) бюджет үшін едәуір сома тұрады...

Экорал облыстық бюджетке шамамен бір жарым еседей арзанға түседі. Атыраулық сұхбаттасушыларымның бірі облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржылық құжаттарынан оның бір орамасын сатып алу бағасы 77500 теңге екенін өз көзімен көргенін айтады. Ол маман болмағандықтан қателескен болуы мүмкін немесе бұл тексеру үшін себеп болмақ. Өйткені облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы және оның жеткізушісіндегі дереккөздері түрлі бағаларды атайды: 25-50-100 мг көлемдегі түпнұсқа үшін әдетте 7000-нан 12000 теңгеге дейін төлейді. Қалған жартыжылдыққа денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша циклоспориннің қолданыстағы түріне ұсыныс бағасы 3779 теңгеден 7700 теңгеге дейін белгіленген. Яғни, жеткізуші қанша қаласа да бұл сомаға түпнұсқаны жеткізе алмайды. Сондықтан ол қажет сомаға сай келтіріп, алмастырғышты сатып алған. Яғни, түпнұсқа мен алмастырғыш арасындағы айырмашылық мемлекет үшін бір жарым есе құрады. Астаналықтар болса, 45 мың теңгеге Сандиммунды сатып алғанын ашық растап отыр. Ресейлік сайттарда орташа сату бағасы 25-55 мың теңгені құрайды. Сонда қара нарықтағы дәрі-дәрмектердің бағасы қайдан алынады? Мұқтаж жандар үшін өмірлік қажетті дәрі-дәрмектердің бағасы қай кезеңде шарықтап кетеді? Өзге бүйректермен өмір сүріп жүрген 16 науқастан жырып, нақты біздің облысымыз көп қаржыны үнемдеп отыр ма?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.