Атырау, 12 желтоқсан 09:40
 қар жаууы ықтималВ Атырау +1
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Намаз және «времянка»

3 492 просмотра

Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында тұратын  көп балалы отбасы үйлерінің апатты жағдайда тұрғанына шағымданады. Аудан әкімі мәселеге алақан жайып отыр, себеп-ақша жоқ. Дегенмен ауданның ресми сайтындағы мәлімет тек 2010 жылдың бірінші жартысында тұрғын-үй құрылысы саласында  негізгі капиталға салынған инвестиция  көлемі – 4349,0 млн. теңге, яғни, 2009 жылдың салыстырмалы мерзімімен 2,5 есеге  артқанын көрсетті.

Қызылқоға ауданының Миялы ауылында тұратын Абай және Алуа ҚАЙЫРЖАНОВАЛАРДЫҢ иттің үйшігіндей «времянкада» тұрып келе жатқандарына биыл 14 жыл. 40 жастағы Алуа көп балалы ана. Оның 5 баласы бар. Баласының бірі - 17 жасар  ұлы арбаға таңылған І топтағы мүгедек.

 - Баспана кезегінде 2000 жылдан бері тұрмыз. Ауыр отбасылық жағдайымыз туралы облыс әкіміне де, президент Н.Назарбаевқа да шағымдандық. Астана облыс әкімшілігіне, олар ауданға сілтеді. Осылайша шырмаудан шыға алмай-ақ келеміз,-дейді Алуа Қайыржанова.

Олар Миялыға 90 жылдары совхоздар тарай бастаған тұста шопан ауылынан көшіп келіпті. Абай Қайыржановтың ата-анасы мал баққан адамдар екен. Өздері тұрып жатқан уақытша баспананы олар кезінде 1 сиырға сатып алған. Абай Қайыржановтың айтуынша,  бұл отбасы негізінен мүгедек ұлдың жәрдемақысы есебінен күн көріп отыр. Абайдың өзі де анда-санда сауда саттық жасаған болады, нақтырақ айтсақ, шұлықтар сатады. Әйелі болса үйде ауру балаға қарайды. Шұлық сатудан түскен ақша әзірге  баспанаға жетпей тұр.

Сонда мүгедек баласымен бұл көпбалалы жанұяның  ұзақ жылдар үй кезегінде тұрып баспанаға  ие бола алмауына не себеп?  Біз бұл сауалды Қызылқоға ауданы әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВКЕ қойған едік.  Оның айтуынша, үйді әзірге дәрігерлер мен отбасында туберкулезбен ауыратын балалары барлар алып жатыр.

- Қайыржановтар әзірге кезекте тұр, бірақ бәрі қаражатқа тіреледі. Әр үйді 3 млн. теңгеге сатып аламыз. Қашан мүмкіндік туатынын  білмеймін. Оның үстіне,-деп қосып қойды әкім,- олар намаз оқитын адамдар.

Намаз демекші, Абайдың айтуынша, ауданның бұрынғы әкімі әйелі екеуін намаз оқығаны үшін   «теріс бағыттағы мұсылман» ретінде тұрғын кезегінен  алып тастаған.

- Имамнан біз ваххабист емеспіз деген анықтама әкелген соң ғана бізді тізімге қайта қосты. Ауданда үй беріліп жатқанын көзіміз көріп отыр. Оған ие болатындар ата–анасынан бөлек тұрғысы келетін үйлі-баранды болған дәулеттілердің балалары,-дейді Абай Қайыржанов

Сания ТОЙКЕН

4 мамыр 2011, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.