Атырау, 26 қараша 10:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қосқұлақтың келешегі бар ма?

3 035 просмотра

Қызылқоға ауданына қарасты Қосқұлақауылының елсіз қалатын түрі бар. Жыл сайын бұл жерден адамдар отбасыларымен көшіп кетіп отыр. Себеп – жұмыстың жоқтығы.

- Бұрын Қосқұлақта дүрілдеген №3 ферма орталығы жұмыс істейтін. Біз мұнда жолдасымызбен бірге 1987 жылы көшіп келдік. Ол зоотехник болатын, - дейді Қосқұлақ елді мекенінің 72 жастағы тұрғыны Шанжан МАКЕЕВА. – Ауылымызға көгілдір отын келгенде қалай қуандық! Жағдайымыз жақсара түсер деп ойладық. Мұнда таза ауа, денсаулыққа пайдалы. Соған  не жетсін! Қалаға барсам, ауылға кеткенше асығамын.

Қосқұлақ құмайтты жерде орналасқандықтан жаңбыр суы тез сіңіп кетеді. Осы ерекшелігіне орай мал бағуға өте жайлы.

- Қазір билік малымызды пұлдауға, сойып жеуге болмайды деп, шектеу қойды ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бруцеллез - қауіпті індет. Біраз уақ жандықты жеуге болмайды деп, көзін жойып жатыр. Ауру малмен күрестің басқа амалы жоқ дейді мамандар. Енді бірер айдан кейін мал төлдей бастайды. Егер бұл жас мал да індет жұқтырса, бізге қиын болады, - дейді қосқұлақтықтар.

Жұмыссыз отырған тұрғындар малынан айырылса, күндері одан сайын қиындай түсетіні сөзсіз.  

- Көшіп кетейік десек, басқа жерден үй сатып алатын, болмаса салып алатын жағдайымыз жоқ. Сосын кете алмай отырмыз, - дейді Исатай ТАШИМОВ. – Мұнда ең болмаса ұсақ-түйекті алатын дүкен де жоқ. Артынып, тартынып, Қоныстану ауылына барып, керегімізді алып келеміз. Қарттар зейнетақысын көрші ауылға барып, поштадан алады. Жол жоқ қой, тас жолдың өзі быт-шыт.

Расында да, жол мәселесі бұл жерде өзекті болып тұр. «Қазына» деп аталған жердегі көпірдің тас-талқаны шыққан.  Жолдар 1994 жылдан бері жөндеу көрмеген.

Ауыл халқы ауыз суды жалғыз құдықтан тасып ішеді. Жерасты суы өніп жатқан құдық ауылданжарты шақырым жерде орналасқан.   

- Қосқұлақтың болашағы жоқ деуге болмайды. Округке қарасты бұл ауылда 33 үй болса, онда 202 адам тұрып жатыр.  Келесі жылы сумен толық қамтылады. Рас, мұнда бруцеллез шыққаннан кейін малды сойып, сатуға, басқа жерден алуға шектеу қойылды. Карантиннің қашанға дейін созылатынын білмеймін. Мал ұстайтындар шөптерін өздері дайындайды. Үш ай сайын екі адамнан ақылы қоғамдық жұмысқа тартып отырмыз. Жақында бос тұрған үйді пайдаланып, клуб, кітапхана ашу ойластырылуда. Үш адам жұмысқа тартылады. Біз қолдан келгенше көмектесуге ниеттеміз, - дейді Көздіғара ауылы әкімінің міндетін атқарушы Болат ҚАБЕСОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.