Осыдан бірнеше жыл бұрын Миялы селосында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылған болатын. Алайда, психологтарға толық жағдай жасалмаған.
- Кабинет қызметкерлері біздің балаларымызға бар қамқорлығын көрсетіп, оларға қуаныш сыйлау үшін жұмыс жасап жатыр. Алайда қуықтай ғана кабинеттің мүсәпір күйіне көңіліміз толмайды, - дейді ата-аналар.
Олар бұрынғы босаған аурухана ғимаратынан орын берсе дейді.
Аудан бойынша 18 жасқа дейінгі 343 жасөспірім мүгедектер тіркелген. Соның 33-і ғана педагогикалық-психологиялық кабинетте тіркеулі. Оның ішінде 10 бала шалғай ауылдардан қатынап қаралады.
- Өзі мүгедек жандардың алыстан салдырлап келуі қиын. Көлік те бола бермейді. Тек әке-шешелері жолдары түскенде ертіп келіп, мұндағы кабинеттен көмек алады. Арнайы балаларға арналған үш кабинет бар, - дейді Қызылқоға аудандық психологиялық-педагогикалық кабинет меңгерушісі Нұрболат ҒҰМАРОВ.
Психологиялық-педагоги-калық кабинет орналасқан ғимарат 1963 жылы салынған және 2004 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Күтімсіз қалған ғимараттың сыртқы қабырғалары жарылып, қаптама кірпіштер түсе бастапты. Іргетасы жерге кіріп кеткендіктен, есік, терезелер төмен түсіп, ашылып жабылуы қиындаған. Кабинет қызметкерлері жыл сайын тек жеңіл жөндеу жүргізіп отыр. Алайда, ескінің аты ескі, жамалған жыртығы бәрібір көрініп қалып жатыр.
- Бұл ғимараттың бір бөлігін педагогикалық-психологиялық кабинет етіп әуелде өздері балансына алған. Күні бүгінде олар үшін ғимарат табу өте қиын болып тұр әрі кабинет облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ал бұрынғы босаған аурухананы 250 балаға арналған балабақшаға айналдырмақ. Егер туберкулез ауруханасы жабылса, содан да орын беруді қарастыратын боламыз, - дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА