
Қазақстан азаматы Кайсар Камза заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікпен Вьетнамнан Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аудиториясын пайдаланып, заңсыз интернет-казино жарнамалаған және азаматтарды құмар ойындарға тартқан. Осы қызметі үшін оның криптовалюталық әмиянына шамамен 200 мың АҚШ доллары түскен.
Қылмыстық топ 2021–2025 жылдары бірнеше заңсыз онлайн-казино ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.
Топтың 9 мүшесі қамауға алынған, қалғандарына халықаралық іздеу жарияланған. Қамза 2026 жылғы маусымда Вьетнамда ұсталып, Интерполдың сұрауы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Айып дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
В Атырау +32.5