
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот қазақстандық ЖШС-ні алимент алушыға ұсталған 513 362 теңге сомасын аударуға және 168 690 теңге өсімақы (неустойка) төлеуге міндеттеді.
Жұмыс беруші бұл соманы қызметкердің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға жалақысынан ұстап қалған. Алайда, кәсіпорынның шоттары бұғатталғандықтан, қаражат алимент алушыға түспеген.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қызметкердің алимент бойынша берешегі 1 126 875 теңгені құраған. Сот орындаушысының талаптарын орындамағаны үшін компанияның лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алимент алушы ақшаны тікелей ЖШС-ден өндіріп алуды талап етті. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жұмыс беруші алимент бойынша борышкер болып табылмайды әрі өндіріп алушы алдында мүліктік жауапкершілік көтермейді деп есептеп, талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан еді.
Кассациялық сот мұндай тұжырымдармен келіспеді. «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 165-бабына сәйкес, жұмыс беруші ұсталған алиментті жалақы төленген күннен бастап үш күннен кешіктірмей аударуы тиіс.
Сот жалақыдан ұсталғаннан кейін бұл қаражат қызметкерге тиесілі болмайтынын, сонымен бірге жұмыс берушінің мүлкіне де айналмайтынын атап өтті. Ақшаның мақсатты бағыты бар, ал ұйымның шоттарының бұғатталуы оны алушыға аудару міндетінен босатпайды.
Төменгі сатыдағы соттардың шешімдері күшін жойды. ЖШС-ден 513 362 теңге алимент, 168 690 теңге өсімақы және 10 230 теңге мемлекеттік баж өндірілді.
В Атырау +34