Атырау, 27 желтоқсан 04:22
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Берік Жанкеев: «Кінәм болғандықтан бой тасалап жүрген жоқпын»

6 033 просмотра

Жақында іздеу жарияланған бұрынғы Атырау облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының басшысы Берік ЖАНКЕЕВ «Ақ Жайық» редакциясымен байланысқа шығып, сұхбат беруге келіскен болатын.

Берік, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз: қайда және қашан дүниеге келдіңіз, қандай білім алдыңыз, ата-анаңыз кім, қайда және қандай лауазымдарда жұмыс істедіңіз?

– Мен 1976 жылы дүниеге келдім. Қазақ дәстүрі бойынша мені тұңғыш ұл болғандықтан атамның тәрбиесіне берген. Атам соғыс ардагері, отставкадағы офицер, коммунист және құрметті адам болатын. Ол мені қатаң ұстап, адал, ұқыпты болуға тәрбиеледі. Мектеп өміріне белсене араластым, спортпен айналыстым. Әрдайым да өз алдыма әрекет ететінмін. Мектепті жақсы деген бағамен аяқтап, әрі қарай Алматыдағы дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түстім.

– Құқыққорғау органдары сізді інісімен бірге іздеуде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚҚ-ның (бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтан тұратын ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық) белсенді мүшесі деп атауда. Сізді осы топтың қайсысының қатарына және неліктен қосып отыр?

– Бір жылдан астам уақыттан бері облыстың бұрынғы әкімі Б.Рысқалиев пен оның туыстарына қарсы құқыққорғау органдары тарапынан бастырмалатқан шабуыл мен қысымшылық жасалып жатыр. Осының негізінде көптеген қылмыстық істер ашылды. Олардың бірін маған таңғылары келеді. Оған ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықты немесе топты қосақтайтындай ол қылмыскер ме еді? Мұндай нәрселерді біз боевиктерде немесе шытырман оқиғалы фильмдерден көреміз ғой. Құқыққорғау органдары мен осыны ұйымдастырып отырған адамдар ұялса етті, олар мемлекеттік құрылым мен билікке зиян келтіріп отыр ғой. Он жыл бойына жоғарғы лауазымда жұмыс істеген адам аяқ астынан мафиоз немесе қылмыстық қауымдастықты ұйымдастырушы бола алмайды ғой. Осыған дейін бүкіл мемлекеттік қызметтер қайда қарап отырды? Мұндай адал әрі парасатты жандарға осылайша күйе жағу тек қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ғана жасалатындығы түсінікті. Шамасы, олар «жоғарыдағылардың» біреуінің жолын кесіп өткен болар.

Осынау сәйкессіздіктер мен ақылға қонымсыз жайттар бүкіл ашылған істердің белгілі бір күштердің тапсырысы бойынша жасалып отырғандығын білдіреді. Ал бұрынғы әкімнің облысты өркендету үшін  қалай жұмыс істегенін бәрі біледі, бұған түсінік беріп жатудың қажеті жоқ.

Егер мен мойындамасам және ешқандай қылмыстық топты білмейтін болсам, мен оның құрамында қалай болғанмын?  Бұл сұрақты мені солай есептейтін адамдарға қою керек. Бүкіл әулиелермен ант етем, мен ешқашан пара алған емеспін және ешқандай қылмыс жасаған жоқпын.

– Біздің сайтымыздағы комментарийлерде сіздің Ақтөбеде Бергей Рысқалиевтың оққағары әрі жүргізуші болғаныңызды, содан кейін Атыраудағы спорт басқармасына басшылық ете бастағаныңызды жазды. Сіз Рысқалиевтың командасына қалай келдіңіз, ағайындылармен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?

– Мен Рысқалиевтармен 90-шы жылдардың аяғынан бері таныспын. Ол кезде оның бірнеше үлкен компаниялары бар болатын. Оны ауқатты адам деп есептейтін. Өзінің жеке қауіпсіздік қызметі болды, ол оққағар ретінде менің көмегіме мұқтаж емес еді. Ол жұмыс істеген Алматы мен Ақтөбеде оны парасатты бизнесмен деп есептеді. Онымен жұмыс істеген жандардың барлығы оны құрметтеді, жақсы көзқараспен қарады. Солардың ішінде ол мыңдаған атыраулық жігіттерді өзіне жұмысқа шақырды. Мен жабдықтар жеткізумен айналысатын компаниялардың біріне жұмысқа орналастым. Ешқашан оның жүргізушісі де, оққағары да болған емеспін.

– Сіз 2012 жылдың тамызында әкім отставкаға кеткеннен кейін қыркүйекте облыстық спорт басқармасының бастығы лауазымынан кеттіңіз. Сіздің кетуіңізге түрткі болған не, қандай себеп болды? Сіз сол кездің өзінде қамауға алу әрекеттерінің басталатындығын білдіңіз бе?

– Бергей Рысқалиев Атырау әкімі боп жұмыс істеген кезде ол мені қала әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы ҚМҚК бастығы лауазымына жұмысқа шақырды. Осы жұмыста ол менің іскерлік қабілетімді, жұмысты жақсы атқаратынымды көрді. Мені қалалық спорт бөлімінің бастығы лауазымына тағайындады. Әрі қарай облыс әкімдігінің қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы және облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының басшысы болдым. 

2012 жылдың шілдесінде тексеру басталып, Бас прокуратурадан тергеу тобы келді. Сондықтан бұрынғы әкім отставкаға кеткенге дейін бүкіл көрсеткіштер бойынша көшбасшы болған облысқа жайдан жай шүйлікпегені түсінікті болды. Мен әлденеден сезіктеніп, өңірдің жаңа басшылығы бәрібір өз командасын әкелетіндігін ойлап, жұмыстан кету туралы арыз бердім.

Сіз туралы жақсы лебіздер де бар. Әкімнің інісі Аманжан РЫСҚАЛИМЕН бірге спорт үшін қаржы тауып, ол үшін бизнесмендер мен бай компанияларды жұмылдырған дейді. Ал нашар лебіздерге келер болсақ: көптеген тендер жеңімпаздарын - Рысқалиевқа ұнамды компанияларды таңдауда сіздің қатысыңыз бар дейді. Соған түсінік беріп кетсеңіз.

– Мені Аманжан Рысқалимен байланыстырудың қажеті жоқ. Мен оны жылына бір-екі рет көретінмін. Оның меценат әрі қайырымдылық жасаушы азамат екенін бәрі біледі. Әсіресе аз қамтылған отбасыларға көп қол ұшын берді және Атырау облысындағы спорттың дамуына көп үлес қосты.  Бұл туралы дзюдо, бокс, тхэквондо бапкерлерінен сұрасаңыздар жеткілікті. Ол осы спорт түрлерінің федерациясына басшылық етті, олар үшін көп нәрсе жасады. Бірнеше мысалдар келтірейін. Алғаш рет Атырауда тұрақты негізде халықаралық және шеберлік турнирлері өткізіле бастады. Біздің екі спортшы тхэквондодан Бейжіңдегі олимпиадалық ойындарға лицензиялар алып, қола алқа иеленді (А. Шылманов. – Редактордың ескертпесі). Атырауда алғаш рет ересектер арасында дзюдодан ҚР чемпионаты өтті. Әлемдік аренада жетістіктерге қол жеткізген спортшылар үшін көтермелеу марапаттары көп болды.

Мен ресми тұлға ретінде жұмыс істедім, өзім де спортқа көмек ретінде көптеген бизнесмендерді тарттым. Солардың арқасында үлкен жетістіктерге жеттік, сол үшін оларға тағы да алғысымды білдіргім келеді. Мен облыстағы спорт саласына басшылық еткен кезде жүздеген спорт нысандары салынды.

Тендерлер мен қандай да болмасын компанияларға келетін болсақ: менің бұған еш қатысым жоқ, мені ешкім де бұған қоса алмайды.

– Шенеуніктерді қамауға алу басталатындығы туралы сізге ескертіліп пе еді? Сіздің пікіріңізше, ДӘУКЕНОВ, ӘБДІРОВ, ЖАНТЕМІРОВ, КЕРІМОВ және басқалар неліктен бой тасаламай, қамауға алынды?

-Маған ешкім де ескерткен жоқ. Бірақ шенеуніктерді бірінен кейін бірін қамап жатқанын көрген кезде, көзге көрінбеуге бел будым. Сіз айтып отырған қамауға алынған адамдардың осылай болғаны өкінішті, олар өз ісінің тәжірибелі шеберлері, облысқа құрметті жандар. Шамасы, олар заңға қайшы ештеңе жасамағандықтарына сенімді болып, еш нәрседен қауіптенбесе керек. Сондықтан да тасаланбаған шығар. Бұл сұрақты олардың өздеріне қойған жөн. Олардың әлдеқандай кінәсі бар деп ойламаймын.

- Сіз ағайынды Рысқалиевтармен байланыс жасап тұрасыз ба? Олар шынымен Лондонда ма?

- Мен олардың ешқайсысымен де байланыс жасамаймын және олардың қазір қайда екендерін де білмеймін. Сондықтан да, алдын ала ескертіп қояйын, егер де БАҚ беттерінде олар туралы менің атымнан қандайма бір деректер берілсе, бұл – жалған ақпарат.

- Республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатыңызда сіз: «...Оларға бұрынғы әкім, содан кейін оның жоғары шенді қолдаушысы (кім туралы айтып тұрғанымды білетін боларсыз) керек. Ал жоғарыға қарай бұл – саяси бәйге», - дедіңіз. Сіздіңше осы жемқорлық істерді көтерудің негізгі мақсаты - Асылан МУСИННІҢ беделіне үлкен нұқсан келтіру ме? Неге сіз оның атын айтпадыңыз?

- Мен мұндай үлкен және ашық мәлімдеме жасау алдында өз қауіпсіздігім туралы ойлануым керек. Саясат туралы аз да болса хабары бар адам осылайша ойлайды, алайда түсінікті себептермен мұны айта алмайды. Мен араласып жүрген қарапайым атыраулықтардың да пікірі осындай. Өңір үшін көп жақсылықтар жасаған Бергей Рысқалиев сияқты адамның үлкен ойында «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, түйелер арасындағы шыбын болғаны өте өкінішті.

- Жақында сот облыстық волейбол командасының басшыларын ұзақ уақытқа бас бостандықтарынан айырды. Ол жерде басқа шығындар баптарымен бірге спортшыларға, негізінен, шетелдік ойыншыларға, үлкен жалақы берілген. Енді қаржы полициясы баскетболдан облыс құрамасындағы қаржылық заң бұзушылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Жергілікті жанкүйерлер қазірдің өзінде футболшылар мен хоккейшілердің жағдайлары не болады екен деп қам жеуде. Барлық спорттық клубтар КМК түріндегі жеке заңды тұлғалар екені белгілі, алайда облспорттың басшысы ретінде олардың бюджет қаражатын қалай жойып жатқаны жөнінде білмегеніңіз қалай?

- Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкерлер мен «Атырау» волейбол командасының мұндай күйге түскені өте өкінішті. Олар кінәлі емес. Сотта адвокаттар ақшалардың ұрланбағанын, қаражат жалақы мен іссапар шығындарына кеткенін дәлелдеді. Ең бастысы – ұрлық жоқ, ал қаржылық қызметте жіберген олқылықтары үшін 8 жыл беру әділетті ме? Мен қылмыс жасаған жоқпын, пара алмадым. Бұл туралы волейболшы әріптестерім сотта айтқан болатын. Бейнежазба бар, естіген боларсыздар. Неге осы 2008 жылдан, мен басқармаға басшы болып келген кезден бастап тексеріліп жатыр деп ойландыңыздар ма? Осындай қаржыландыру әдісі «Атырау волейбол командасы» КМҚМ құрылғаннан бері қолданылып келеді. Менен бұрын болған басшыларды неге жауапкершілікке тартпайды? Неге осылай іріктеп тексереді? Міне, осылар туралы жазу керек. КМҚМ - өз директоры, есепшісі және мөрі бар заңды тұлға. Барлық ішкі шаруаларын өздері жеке шешеді, бұл қаражаттарды жұмсауға да қатысты. КМҚМ жыл басында басқармаға іс-шаралар жоспарын ұсынады. Оны басқарма бастығы бекітеді. Онда қанша ақша бар, қайда жұмсалады, бәрі жазылған. Жыл сайын жоспарлы тексерулер келді, екі жыл сайын қаржы министрлігі өз тексеруін жүргізді, осылардың бәрі еш нәрсе таба алмады.

Мұның барлығы бұл іс – жай ғана қылмыстық іс емес, белгілі бір адамдарға жасырын пиғылмен бағытталған даулы іс. Әрі қарай бәрі түсінікті...

- Қандай спорт түрімен шұғылданасыз, атақтарыңыз, разрядтарыңыз бар ма? Жақында Алматыда болған бокстан әлем чемпионатына қатысқан спортшылар арасында атыраулықтар неге жоқ деп ойлайсыз?

- Жас күнімде бокспен шұғылданып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін қорғадым. Болашақта Атырау өкілдері бокстан ҚР құрамасының сапында өнер көрсететін болады. Қазіргі уақытта Атырау мамандары бокс федерациясымен бірлесе отырып, көптеген жұмыстар атқарды. Жыл сайын шеберлік турнирлері өткізіліп тұрады. Естеріңізде болар, кеңес дәуірінде Гурьевте ұшқыш-ғарышкер Попович атындағы турнир жыл сайын өткізілетін. Біздің боксшыларымыз осы турнирде жеңіске жеткеннен кейін ғана облысымызды әйгілі еткен жоқ па? Біз осындай мәртебесі бар турнирді қайта жандандырдық. Болашақта осы спорт түрінен де өз чемпиондарымыз шығатын болады. Бұл үшін барлық материалдық техникалық база мен инфрақұрылымдар бар.

- Міне, жылдан аса уақыт құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрсіз. Кейбір атыраулық қашқындар республикалық, кейбірі мемлекетаралық (ТМД бойынша) іздеуге берілді. Сізді қай бағыттан іздеуде? Бірнеше жыл уақыт өткеннен кейін сізді кінәлап отырған қылмыстардың тергеу мерзімі аяқталады немесе сізді және бұрынғы әкім командасындағы басқа да адамдарды, сондай-ақ кейбір кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау тоқтатылатын өзгерістер болады деп үміттенесіз бе?

- Егер сіз осы адамдарды «қашқын» деп атауыңыз дұрыс деп ойласаңыз, қатты қателесесіз, бұл адамдар - облыс үшін көп нәрселер жасаған қадірлі адамдар. Олар туралы не айтылып, не жазылып жатса да, қара жағу қандай түрде болса да, біз бұларға ілеспеуіміз керек және әр адамның өзінің азаматтық көзқарасы болуы қажет, соның ішінде атыраулықтар мұны білу керек.

Мен кінәлі болғандықтан жасырынып жүрген жоқпын. Заңсыз сотталатыныма сенімдімін. Қаржы полициясының ресми сайтында мені мемлекетаралық іздеуге беріпті, ал мені қай жақтан іздеп жүргендерін өздерінен сұрау керек. Мен әділдік орнап, біздің еш кінәсі жоқ әріптестеріміздің ақталатынына, бізге қарсы қылмыстық істердің тоқтатылатынына сенемін. 21 ғасырда, зайырлы құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой.

- Берік, ғаламтордағы белсенділігіңізге қарағанда (басқа іздеу жарияланғандар арасында) сіз тұрмыстық тауқымет көріп отырмаған сияқтысыз? Мамандар сіздің жасырынған жеріңізді тауып алады деп қорықпайсыз ба? Көптеген қашқындардың өз отбасыларын шетелге ертерек шығарып, жоқшылық көрмей өмір сүрулерін қамтамасыз етіп қойғандары, кейбірінің тұтқындау алдында туыстарымен бірге шекара асып кеткені белгілі. Сондықтан да соңғы сұрақ – отбасыңыз туралы: қанша балаңыз бар, жұбайыңызды көрмегелі көп болды ма, әлде отбасыңыз қасыңызда ма?

- Біз дамыған мемлекетте өмір сүреміз, ғаламтор барлық жерде бар. Тергеушілер мені тауып алып, тұтқындайды, азапқа салып, мазақ қылады деп қорқамын. Мен тәрбие көрген адаммын және өз атыма кір жұқтырғым келмейді. Сондықтан да өз кінәсіздігімді ақтық демім үзілгенше дәлелдеуге тырысамын. Менің байлығым да, ақшам да жоқ, мен қарапайым қызметші болдым. Әрине, төрт кішкентай баламды жалғыз тәрбиелеп отырған жұбайыма қазір ауыр-ақ. Мен оларды көптен көрген жоқпын және қатты сағындым. Құдай барлық адамға осындай сынақ жібереді ғой, біз содан сүрінбей өтуіміз керек. Менімен өңіріміздің көптеген адамдары келіседі деп ойлаймын.

Жазып алған Азамат МАЙТАНОВ

1 қараша 2013, 16:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.