
Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті интернет-алаяқтарға жәрдемдескен, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан және қылмыстық жолмен келген табысты заңдастырған ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топ Ақтөбе қаласында телефон және интернет-алаяқтары азаматтардан жымқырған ақшаны қабылдау, конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын құрған.
Заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру үшін топ ұйымдастырушылары 10-нан астам адамды тартып, 150-ден астам дроппердің қызметіне жүгінген.
Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған арнайы смартфондарды пайдаланған. Бұл алаңсыз дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және барлық қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз-ақ жүргізуге мүмкіндік берген.
Қаржылық мониторинг мамандары анықтағандай, жәбірленушілердің ақшасы алдымен транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылған. Кейін қаражат криптовалюта платформаларына бағытталып, USDT цифрлық активтерін сатып алуға жұмсалған.
Одан кейін аударылған ақшаға заңды сипат беру мақсатында жалған компаниялар мен өтірік қарыз шарттары қолданылған. Содан соң заңсыз кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.
Қазіргі уақытта еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Алаяқтардың кесірінен келген жалпы шығын көлемі 120 миллион теңгеден асып жығылады.
Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды, ал тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке, оның ішінде 8 пәтерге, 1 автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге бұғат қойылды.
Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
В Атырау +31.1