
Атыраулық жүкті әйелдің туыстары «науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетілмеді» деп шағымданғаннан кейін, облыстық аурухана оның дәрігерлерге жүгіну хронологиясын егжей-тегжейлі баяндап, ауруханаға жатқызуға неліктен негіз болмағанын түсіндірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін туыстары 32 апталық жүктілігі бар әйелді жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізгенін айтқан болатын. Ол қатты ауырсынудан өздігінен қозғала алмай, каталкамен тасымалданған. Отбасының айтуынша, ол қажетті ем қабылдамай, көп ұзамай үйіне жіберілген.
Аурухана әкімшілігі әйелдің медициналық көмекке алғаш рет 5 шілдеде жүгінгенін хабарлады. Оған ауырсынуды басатын инфузиялық терапия жасалып, диагнозды нақтылау үшін бел омыртқасының компьютерлік томографиясынан өту ұсынылған. Алайда, емдеу мекемесінің мәліметінше, ол бұл тексеруден өз еркімен бас тартқан.
Жүкті әйел қабылдау бөліміне екінші рет 8 шілдеде сағат 18:36-да жедел жәрдем көлігімен түскен. Алдымен оны акушер-гинеколог қарап, жедел акушерлік-гинекологиялық патологияны жоққа шығарды. Содан кейін әйелді терапевт пен невропатолог тексерді.
Тексеру қорытындысы бойынша дәрігерлер келесі диагнозды қойды: «вертеброгенді люмбалгия (омыртқадан болған бел ауруы). Жүктілік 32–33 апта».
Аурухананың мәліметінше, қарау кезінде әйелдің жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық болған, өмірлік маңызды көрсеткіштері норма шегінде еді, ал медиктер оныңайқайлап, қатты ауырсынғанын байқамаған. Оған қоса, дәрігерлердің айтуынша, әйелге ауырсынуды басатын терапия ұсынылған, бірақ ол препаратты енгізуден өздігінен бас тартқан.
Сондай-ақ аурухана басшылығы неврология бөлімшесіне шұғыл жатқызуға ешқандай көрсеткіш анықталмағанын мәлімдеді. Ал туыстарының мерзімінен бұрын кесарь тілігін жасау туралы өтінішіне қатысты мекеме мұндай шешімдерді стационар емес, емделушінің тіркелген жері бойынша емхананың дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (ДКК) қабылдайтынын түсіндірді.
Бұдан бөлек, әкімшілік әйел ауруханаға емханалардың жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін түскендіктен, келесі күні таңертең оның медициналық активі тұрғылықты жері бойынша емханаға берілгенін хабарлады.
Облыстық аурухана науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді деп есептейді, ал туыстары жариялаған ақпарат, әкімшіліктің пікірінше, болған жағдайды толық сипаттамайды.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +22.5