Үстіміздегі жылы 19 қазанда Мақат ауданының Бәйгетөбе ауылындағы орта мектептің шатырының бір бөлігін жел жұлып кетті. Бұл оқиға оқу күні нағыз қызған шақта орын алған, бағына қарай, зардап шегушілер жоқ.
«САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА КІМ ЖАУАПТЫ-2»
Кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» үкіметтік бағдарламасының шеңберінде салынған 424 орындық мектеп республикалық бюджетке 900 млн-дай теңгеге шыққан. Мердігер – «АтырауКапСтрой» ЖШС. Мектеп жаңадан салынған, нысанды 2010 жылы пайдалануға берген. Алайда мектепке кірмей жатып құрылыс олқылықтары көзге көріне бастады. Бұл туралы өткен жылы әріптесім Ләззат ҚАРАЖАНОВА жазған еді (АЖ№20, 17 мамыр 2012 жыл,«Мақаттағы сапасыз құрылысқа кім жауапты?»): «Ғимараттың бірінші қабатындағы бөлмелердің қабырғалары шытынай жарылып кеткен. Мұндай жағдай асхана, бірінші қабаттағы дәліз, әжетхана, киім шешінетін орындарда орын алған. Баспалдақ, дәліз кафельдері түсе бастапты. Жел соққан жақтың бөлмелері терезелердің сапасыз салынғандығынан күрт суып кетеді екен. 9 бөлменің қабырғасы 3-4 см-ге дейін отырып кетсе, сыртқы 2 пластик есік жарамсыз күйде».
Неге бұлай? Біз құрылыс басқармасының бірде-бір есебінен құрылыс сапасының нашар болу себебін ести алмадық. Біздің жолдаған сауалымызға берген жауабында құрылыс басқармасының басшысы қызмет көрсетудің кепілдік мерзімінің өткендігіне қарамастан мердігер компанияның шатырдың жұлынған бөлігін қалпына келтіретіндігі туралы ғана еске салған.
Ал кәсіби құрылысшы болмаса да, уақытша баспана салған адамдар неге бұлай болатынын айта алады: жарықшақтар іргетастағы арматура мен бетонға үнемдегендіктен пайда болады, ал кафельдің түсіп қалатындығы - ең арзан плитка, әрі оны желімге жапсырмаған және т.б. Бар нәрсеге үнемдеген ғой, өйткені 900 миллионның басым бөлігі «откатқа» кеткен.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАТЕЛІГІ МЕ?
Сондықтан да үстіміздегі жылдың 11 қазанында үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Н.Назарбаевтың Атырау облысында бірдей емханаларды салу шығындары 500 млн теңгедей айырмашылықты құрайтындығы туралы айтқан сөзі жұртшылық талқылауын туғызды. Әрине, жұртшылық бұл фактіні бюджет қаржысын ұрлау мысалы ретінде қабылдады.
Президенттің қандай нысандар туралы айтқанын және сметада неліктен мұндай көп айырмашылық бар екенін білу үшін біз облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВТЫҢ атына сауал жолдаған едік. Ол өз жауабында облыстық құрылыс басқармасының 11 қазанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент айтқан Атырау облысында бірдей емханаларды салу шығындарындағы 500 миллион теңгедей айырмашылық туралы мәселені қарағанын хабарлады. Әрі қарай Е. Ғалымжанов былай деп жазады: «2008 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауысымға 250 адам келетін емхана құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттама дайындады. Мемлекеттік сараптама сол кезде қолданыста болған нормаларға сәйкес оң қорытынды берді. 2009 жылы ауысымға 250 адам келетін 5 аудандық емхана құрылысы аяқталды. Оңтайландыру есебінсіз бір емхана құрылысы орташа алғанда 1,5 млрд теңгеге шықты.
2010 жылы денсаулық сақтау министрлігі 20.10.2010 жылғы премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, сонымен қатар, 25.10.2010 жылғы санитарлық нормалар мен ережелер туралы №828 қаулыға сәйкес (оңтайландыру есебімен), Құлсары қаласында ауысымға 250 адам келетін емхана құрылысын 7 521 шаршы метрден6 320-ға дейін азайтты. Нәтижесінде осы нысан құрылысының құны 226,8 млн теңгеге қысқарып, 1, 3 млрд теңге құрады».
Осылайша, бұл жауаптан шығындардағы айырмашылықтың президент атаған 500 миллиондай емес, бар болғаны 226,8 миллион теңге екенін білуге болады. Әңгіме ұрлық туралы емес, бір нақты емхана жобасын ғимарат мөлшерін кішірейту арқылы оңтайландыру туралы болып отыр. Сонда бұл жерде кім қателесіп отыр – президент пе, әлде облыстық құрылыс басқармасы ма?
Сәуле ТАСБОЛАТОВА