21 қазан күні Атырауда «Қазақстан Петролеум» қауымдастығының ұйымдастыруымен энергия тұтынушы ірі кәсіпорындарға арналған «Жасыл экономикаға көшу жолында» тақырыбында семинар өтті.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Жасыл экономика» туралы Заң қолданысқа енгізіледі. Осы заңға сәйкес, жылына 1 500 немесе одан да көп тонна баламасында энергия қорларын тұтынушы ұйымдар халықаралық ISO 50001 стандартына сәйкес энергия менеджменті жүйесін енгізуге міндетті.
«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Батыс Қазақстан филиалының өкілі Ақмарал ЕЛЕМЕСОВА өз баяндамасында ISO 50001 энергия менеджменті жүйесінің негіздері туралы айтты. Ол Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу үдерісі тек үлкен компанияларға ғана емес, әрбір қазақстандыққа байланысты болатынын атап өтті: «Біз қазірдің өзінде үнемдеуді бастай аламыз. Мәселен, А және А+ санатындағы энергияны көп шығындамайтын тоңазытқыштарды, жанармайды аз жұмсайтын көліктерді сатып алуға болады».
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өкілі Руслан МҰҚАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Жасыл экономикаға» көшу 3 кезеңде жүзеге асырылады екен:
«Бірінші кезең (2013-2020) – бұл елде «жасыл» инфрақұрылымдар құру. Екінші кезең (2020-2030) – жаңғыртылмалы энергетика технологиясын кеңінен енгізу. Үшінші кезең (2030-2050) – ұлттық экономиканың «3-ші өнеркәсіп революциясы» принципіне көшуі, оның негізі – жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалану».
«Жасыл экономикаға» көшу аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жылумен қамту жүйесін толықтай ауыстыру, «таза көлікті» дамыту, энергия менеджерлерін дайындайтын «жасыл» бизнес академиясын ашу және т.б. жоспарланып отыр.
- «Жасыл экономика» – бұл жаңаша ойлау, жаңаша өмір салты. Егер дәстүрлі экономика – бұл тауарлар мен қалдықтардың өндірісі болса, «жасыл экономика» қалдықтарды кері өндірістік циклға қайтаруы тиіс, - дейді өз баяндамасында Lloyd’s Register компаниясының өкілі Жандос ОРАЗАЛИЕВ.
Қазақстан таяуда өткен «RIO+20» саммитіне қатысушы басқа елдер секілді «жасыл экономикадан» экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстан шығар жолды көріп отыр. Бұл жерде әңгіме дамуды тежеуде емес, керісінше, өмір сүру мен қоршаған ортаның сапасын көтеруде жатыр.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА