Атырау, 26 қараша 10:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Ауғандықтардан біздің қай жеріміз кем?»

5 802 просмотра

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрысқа қатысушылар ел президентінен өздерін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестіруді cұрайды.

РЕСЕЙДЕ ЕСТЕРІНЕ АЛДЫ

16 қазанда Атырауда №5546 әс-кери бөлімшенің қызыл бұрышында «Тәжік-ауған шекарасындағы соғыс ардагерлерінің одағы» ҚБ жергілікті филиалының мүшелері республикалық «...Одағының» төрағасы Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВПЕН кездесу өткізді.

Ол осы қоғамдық бірлестіктің Н.Назарбаевқа жолдаған хатының мәтінін оқып берді.

Атап айтқанда, онда былай деп жазылған: «1992-2001 жылдар аралығында Қазақстанның мем-лекетаралық келісімшарттарына сәйкес, ІІМ Қарулы күштерінің бөлімшелері, ішкі әскерлері және ҰҚК шекаралық қызметі тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғау міндеттерін атқарды. Бұл жерде осы мерзімде еліміздің 14 мыңдай азаматы әскери қызмет атқарып, әскери ұрыстарға қатысты.

Шекараны бұзушы қарулы топтармен қақтығыс барысында, заставаға бандиттік шабуыл, қазақстандық контингент құрамымен терактілер және диверсиялар нәтижесінде қаза болғандар, жараланғандар мен хабар-ошарсыз кеткендер болды. 1995 жылдың 7 сәуіріндегі Пшихавр шатқалындағы бес сағатқа созылған қанды қырғын кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы ротасының 17 әскери сарбазы қаза тауып, 33 сарбаз жараланды. Ал моджахедтер Тәжікстан аумағына кіре алмады.

ТМД шекарасын қорғаған және өз өмірлері мен денсаулықтарын бейбітшілік үшін құрбан қылған қазақстандықтарды жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестіру қажеттігі әлдеқашан пісіп-жетілген болатын.

Ресейде 2012 жылдың 1 қаңтарында «Ардагерлер туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Онда 1992 жылдың қыркүйек-қараша айларында, сонымен қатар 1993 жылдың ақпанынан 1997 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған».

– Бізде жараланған, күйік алған, жүйке-неврологиялық диспансерде есепте тұрған әскери қызметкерлер көп. Біз лайықты медициналық көмек көрсетіліп, тұрғын үй проблемасы шешім табады деп үміттенеміз, – дейді М. Мұхамеджанов. – Ардагерлеріміз «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР заңының 6-бабында қарастырылған тізімге енгізіледі деп үміттенеміз. Бұл тізімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауған жауынгерлері мен Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар кіреді.

Атырауда Қазақстанның басқа қалаларындағыдай «Қайсар» мектеп әскери-патриоттық лигасын ашуды жоспарлап отырмыз. Балалар құрметті қарауылға қатысып, әскери-тактикалық машықтарға, сапқа тұру, атыс даярлығын меңгеретін болады. Өз басым әскер қатарында бір жыл болған қазіргі сарбаздар ештеңе үйренбейді деп есептеймін. Мектептегі әскери-патриоттық тәрбиеге үміт арту керек.

 

ШАТҚАЛДАҒЫ ҰРЫС

«...Одағы» Атырау филиалының төрағасы Қабир АХМЕДҒАЛИЕВ хабарлағандай, облыста 300-ден астам тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрыстарға қатысушылар тұрады. Құлсары қаласының 36 жастағы тұрғыны Әлібек ШАМШАДИНОВ (суретте) тәжік-ауған шекарасындағы Қалайқұм ауданында №5485 ішкі әскердің жедел полкінің құрамында пулеметші боп қызмет атқарған. Ол 1996 жылдың 2 желтоқсанындағы қырғынды ешқашан ұмытар емес.

– Шамамен сағат 22-де «духтар» Пяндж өзені арқылы бітімгерлер позициясын атқылай бастады. Біздің бәріміз дабыл бойынша аяқтарымыздан тік тұрдық. Мен қол пулеметімен және оқ-дәрілеріммен окоптарға жүгіріп, құздан төмен қарай құлап кеттім. Есімнен танып қалыппын. Есімді қолым мен аяғым сынған, оң жақ жанарымнан айырылған күйде госпитальде жинадым... Жақында өзімнің мүгедектік тобымды 2-ден 3-ші топқа қайта ресімдедім. Өйткені 31 мың теңге зейнетақым әйелім мен қызымды асырауға жетпейді. Жұмысқа орналасқым келеді...

Әлібек «Әскердің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 10 жыл», «ҚР Қарулы күштеріне 20 жыл», «ҚР Мемлекеттік шекарасының ардагері» медальдарымен марапатталған. Сарбаз өзіне марапаттардың бірін Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан ЕРТАЕВТЫҢ табыс еткен сәтін мақтанышпен еске алады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.