Қыста көкөніс атаулыға аузы жарымайтын Қызылқоға ауданындағы үйлерде әдетте картоп пен жуадан басқа ештеңе болмайды. Бұл миялылық жеке кәсіпкер Тұрлан БЕКЕШОВТЫ (суретте) көптен бері мазалайтын. Ойлана келе, егіншілікпен айналысуды қолға алып, ауылға жылыжай тұрғызу керек деп шешті.
Тұрланның бұл бастамасын ерлік десе де болады. Себебі, көп адамдарға құрғақшылық жайлаған құмды өңірде егін салып, өнім алу мүмкін емес нәрсе болып көрінетін. Бірақ, «ебін тапқан екі асар» демекші, Тұрлан еңбегінің жемісін көре білді.
- Мал өсірумен айналысатын Қызылқоға жері диқаншылыққа қолайсыз өңір. Себебі 2006 жылдан бері Ойыл өзені тасымай, елде қуаңшылық болды. Ауданда егін егуге ынта білдіретіндер санаулы ғана. Биыл бес адам егін еккенімен, дұрыс өнім ала алмады. Келесі жылы олардың бұл жұмыстан бас тартатыны сөзсіз. Ауылда егінші тұрақтамай тұр, - дейді Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали БАЗАРБАЕВ. –Ал саудагерлерге дақылдарды қыста тасу оңай емес, сөрелердің қақсып тұратыны сондықтан. Біздер бұл тығырықтан шығу үшін жұртшылыққа арнап көкөніс қоймасының құрылысын бастауды ұйғардық. Бұл іске Тұрлан Бекешов деген жеке кәсіпкер тартылды.
Тұрлан егіншілік кәсібін бастамас бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алды. Алды да, 100 тонналық көкөніс сақтайтын қойма салды.
- Бұл қоймаға тасымалданып әкелінген бау-бақша дақылдары қолжетімді бағамен сатылуда. Бірақ, мен аудан халқын көкөніспен толық қамту үшін жалғыз қойманың да аздық ететінін түсініп, жылыжай қажет деп таптым. Менің ісімнің алға басып кететініне күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ, мен қойған мақсатыма жеттім, - дейді Т. Бекешов.
Бұрын-соңды егіншілікпен айналысып көрмеген Тұрлан диқандарға қатысты ақпарат жинады, ғаламторды қопарды. Басқа жылыжай иелерінің тәжірибесіне сүйенді. Атыраулық агрономдармен ақылдасты. Астанада голландық мамандардан дәріс алды.
Тағы да 3 млн теңге шағын несие алып, израильдық технологиямен жылыжай құрылысын салды. Жалпы аумағы 480 шаршы метрді құраған жылыжайдың жалпы құны 12 млн теңге болатын. Алғашқы өнім халыққа биылғы жылдың ақпанында ұсынылды. Әсіресе, қиярдан мол өнім алынды. Биыл қызанақты көп егу жоспарлануда.
Тұрлан мол өнім алудың сырымен де бөлісті. Ол сиырдың бес, он жылғы әбден «өлген» көңін тыңайтқыш ретінде пайдаланып отыр екен. Ол өз ісін қиындықтарға қарамастан, әрі қарай жалғастыра бермек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор