Атырау, 25 мамыр 13:18
 дождьВ Атырау +29.3
$ 470.80
€ 545.99
₽ 6.60

Атыраудағы «ШеберFEST»: ата-баба өнерін еске салған фестиваль

Сурет Бейнежазба
93 рет қаралды

Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңы екі күнге этно‑ауылға айналды. Жүннің иісі, күмістің сыңғыры мен қолөнердің өрнектері алаңды толтырды — «ШеберFEST» фестивалі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген қолөнершілерді бір жерге жинады.

22–23 мамырда облыс әкімдігі артындағы алаңда жартылай ашық павильондар тігіліп, шеберлер өз өнерін көрсетті: жүн иіріп, киіз басып, ағаш жонып, сазбалшық илеп, қазақ тұрмысының бір бөлігі болған дәстүрлі қолөнерді қайта жаңғыртты.

Кешке қарай алаңға халық көп жиналды. Сахнаға жас әнші Баянсұлу шығып, хит әндерін орындады. Бірі концертті телефонға түсірсе, енді бірі павильондарды аралап, шеберлермен әңгімелесіп, фестивальді көрмеден гөрі қонаққа келгендей қабылдады.

Көрмедегі әр бұйымның өзіндік ерекшелігі бар. Атырау облысының әр ауданынан келген шеберлер ұлттық өнердің сан түрін паш етті. Соның ішінде алғаш назар аудартқаны — Қызылқоға ауданының көрмесі болды. Алашаның үстінде кимешек киген әже ұршық иіріп отыр. Ол түйенің жүнін түтіп, жіп иіріп жатқан. Бұл көрініс бала кезде атамның үйінде жүн түтіп отыратын әжемді еріксіз еске салды.

Кейін назарымыз Мақат ауданының бұрышына ауды. Онда «қарын бүрме» деген ұлттық тағам көрмеге қойылған. Кейін белгілі болғандай, фестиваль соңында комиссия мүшелері әр шебердің еңбегін бағалайды. Сол кезде олар осы тағамнан да дәм татиды. Сондықтан қатысушылар бұл шараға ерекше дайындықпен келген.

Алаңды аралап жүріп, кішкентай баланың қолынан шыққан тігін бұйымдарын да көрдік. Жасы небәрі 12-де болса да, өзі пішіп, өзі тігіп жүрген жасөспірім нағыз модельер дерсің.

Маңғыстаудан келген қамшы өретін шебер Марат Амантаев та көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оның айтуынша, мұндай ерекше өрімді қамшыны Қазақстанда өзі ғана тоқиды. Қамшылардың бағасы әртүрлі. Ең қымбаты — 60 мың теңге. Шебердің сөзінше, дәл осындай қамшыны жақында ҰҚК қызметкерлері сыйлыққа сатып алып кеткен.

“Қамшыны көбіне сыйлыққа алып жатады. Негізінен үйге іліп қояды ғой” дейді ол.

“Иә, бәрінде бірдей мал жоқ болар” деп жылқы мінетіндер мен мал бағатындарды меңзеп, әрі қарай басқа қолөнершілердің жұмысын тамашалауға кеттім.

Кетерде маңғыстаулық шебер кезінде Атырау облысын басқарған, кейін Маңғыстау облысы әкімі болып, сосын Түрікменстанға елші болып барған шенеунік Нұрлан Ноғаевқа да осындай қамшы сатқанын айтты.

Осы кезде де жиналып қалған жұрт елең етті. 

Осы шеберге көрші отырған астаналық шебер, зергер Сержан Башировтың жұмыстарына жұрт қызыға тамашалады.
Оларды да зергерлік бұйымдардың бағасы қызықтырды. 

Астанадан келген тағы бір шебер Бибігүл Лаубайқызы киіз басу бойынша шеберлік сағатын өткізіп жатты. Біз де сабынды суға қолымызды малып, киіз басып көрдік. Бұл текемет дайын болғанда 200 мың теңгеге сатылымға шығарылады. Шебер тек өнер көрсетіп қана қоймай, киізден бұйым жасаудың мәнін, оның адамдарды жақындастыратын қасиетін де түсіндірді.

«Мен келінімді жаныма шақырып алып, бірге ұршық иіремін. Әңгімелесеміз, жақындай түсеміз. Осындай ортақ жұмыс адамдардың арасын жақындатады. Келін ұрпағымның жалғастырушысы, онымен тіл табыса алу, жылы қарым-қатынас орнату өте маңызды», – деді ол.

Шебердің бұл сөзі ұлттық өнердің тек кәсіп емес, адамдарды байланыстыратын рухани құндылық екенін аңғартқандай болды.

Қырғызстаннан келген қолөнерші әженің киізден жасалған аяқ киімдері де ерекше көзге түсті. Кенжекан Токтосунованың әдемі оюмен безендірілген жылы аяқ киімдердің бағасы 18–20 мың теңге аралығында.

Ал Өзбекстаннан келген шебер Мухаммаддиер Назиров керамикалық тәрелкелерін таныстырды. Әр бұйымдағы өрнек пен көк, жасыл және көгілдір түсті бояумен ғана боялған ыдыстар қай елдің туындысы екенін бірден аңғартады. Бағалары 25 мыңнан 90 мың теңгеге дейін барады.

Өзағам өз стилінде сауданың шебері екенін байқатып,  “прочный, авторский” деп екі тәрелкені үйкелеп, сапалы, оңайлықпен сына қоймайтынын, ыдыстың артында авторлық қолтаңба барын айтып үлгеріп қалды. 

Қырғыз, өзбек шеберлерімен қазақ тілінде сөйлестік. Түсінісу қиын болмады. 

Фестивальде Ресейден келген қолөнершілер де шеберлік сағаттарын өткізді. Соның ішінде сазбалшықтан мүсін жасайтын шебер де бар. Ал ағаш ұстасы Ризабек Байтуменов балаларға ағаш жону, қасық жасау тәсілдерін үйретіп жатты. Шебер қауіпсіздік ережелерін де түсіндіріп отырды.

Ары қарай ортеке ойнатып отырған домбыра жасаушы шеберді көрдік. Ол - Жолаушы Тұрдығұлов. Оның ұлттық нақыштағы жұмыстары көпшіліктің назарын аударды. Тағы бір шебердің ағаштан жасалған кеселер мен ортадағы торсық көрменің ерекше композициясына айналған.

Атыраулық қолөнерші Нұрсұлтан Қалиевтің жайын балығының терісін пайдаланып қобыз жасауы да келушілерді қызықтырды.

Түркістаннан келген шебер Нұрдәулет Тасболат сиыр терісінен жасалған сөмкелерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл іспен бұрыннан айналысады және теріден түрлі бұйымдар жасайды.

Фестиваль барысында ерекше көзге түскен тағы киіз үй бұрышында Бұлбұл Кәпқызы отыр. Оның он саусағынан тамған өнері де ел аузында. Ұлттық нақыштағы ерлер мен әйелдер киімдері, кестеленіп, сапалы қалың матадан жасалған бұйымдар көздің жауын алып тұр. 

Бұлбұл Кәпқызы әріптесіміз, медиасарапшы Есенгүл Кәпқызының әпкесі. Бұлбұл апай Атыраудағы “Sarqyt” мейрамханасының ішін ұлттық нақышта безендірген шебер екенін де айта кетейік.

Тағы да көзге түскен, Ақтөбеден келген апамыз алаша тоқып отыр. Қазақ өнерінің алаша тоқу техникасын ұмыттырмай, бүгінге жеткізіп келе жатқан шебер де киізден жасалған бұйымдар секілді ұршық иіріп, жүн түтіп, қолдан жіп жасап, оны бояп, ағаш құралға салып, тоқылған алашаның пайдасы мол деді. “Онда еш синтетика жоқ, жағымды әсер етеді” деді.  

Жергілікті зергерлер күмістен жасалған әшекейлері қолжетімді бағасымен ерекшеленді. Әсіресе сырғалар, білезіктер мен жүзіктер заманауи стильде жасалған.

зергер Берік Сәтінбекұлы
Зергер Берік Сәтінбекұлы

Ал оларға қарама-қарсы тұста Алматыдан келген зергер Берік Сәтінбекұлының жұмыстары қойылыпты. Оның бұйымдары қазақтың ежелгі зергерлік өнерін сақтап, ұлттық нақышты жоғалтпай жеткізуімен ерекшеленеді. Ірі, салмақты, тарихи сипаттағы әшекейлер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

суретші Айжан Бекқұлова
Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының төрайымы, суретші Айжан Бекқұлова

Алматыдан арнайы келген Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының төрайымы, суретші Айжан Бекқұлова да осы зергердің жұмыстарын жоғары бағалады. Оның айтуынша, ұлттық өнерді сақтап, қазақы нақышты жоғалтпай келе жатқан шеберлердің еңбегі аса маңызды.

Сонымен қатар ол кейбір қолөнершілердің дәстүрлі бағыттан алыстап бара жатқанын да айтты. Оның пікірінше, қазақ қолөнершілері ата-бабадан келе жатқан техникалар мен төл өнердің негізгі ерекшеліктерін сақтап қалуы керек.

«Аздап заманауи өзгеріс енгізілгенімен, ұлттық өнердің өзегі жоғалмауы қажет», – дейді ол.

Фестиваль аяқталған соң павильондар жиналып, алаң қайтадан күнделікті қалалық өмірге оралады. Бірақ бүгін алғаш рет жүн иіріп, ағаш жонып немесе сазбалшық илеп көрген балалардың есінде бұл күн ұзақ сақталары анық.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

Бүгін, 12:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.