Қазақстанда осымен екінші жыл қатарынан жас кәсіпкерлерге арналған «Atameken Startup» бизнес идеялар байқауы өткізілді. «Atameken Startup Weekend Атырау» жобасының өткен жылғы белсенді қатысушылары бүгінде нарықта сәтті жұмыс жасауда, ал олардың орташа айналыстары айына 1-5 млн. теңгені құрайды. Бұл әлі бастамасы ғана.
ИДЕЯЛАР ШЕРУІ
18 қазанда «КәсіпҚор» Ұлттық холдингінің акт залына 300-ге тарта адам жиналды. Атыраудағы стартапқа қатысуға жергілікті жастармен қатар аудандардан, басқа қалалардан, тіпті басқа елдерден – Ақтау, Орал, Орскіден үміткерлердің келуі қуантарлық жайт болды. Тұрғылықты жерге тіркелуіне, азаматтығына байланысты шектеу қою жоқ, мәселен, Atameken Startup WeekendАстана жобасында Германиядан келген қатысушылар тіркелсе, Павлодарда Қостанай мен Бішкектен келген командалар болған.
Байқауға қатысушылар отбасыларымен келіпті. Мысалы, «Atameken Startup-2012» жеңімпаздарының бірі Сергей ШУТОВ бұл жолы жаңа идеяларымен ғана емес, жұбайы мен кіндік баласын да ертіп келіпті. Айта кетсек, әйелі тек Сергейге қолдау көрсетуге ғана емес, өз жобаларын ұсынуға да келген екен. «Лига добра» өкілі Инга ҚҰБЫШЕВА мұқтаж адамдарға тек заттай ғана емес, түрлі қызметтермен де көмек көрсеткілері келетіндерге арналған арнайы сайт ашуды ұсынады. Мәселен, еріктілер арасынан шыққан мамандар көп балалы отбасылар пәтеріне жөндеу жүргізіп, немесе балаларына ағылшын тілінен немесе математикадан дайындалуға көмектесіп, тіпті, ауру баланы емханаға алып бару сияқты қызметтер көрсете алады. Ұйымдастырушылар көмек тек мұқтаж адамдарға ғана жету үшін барлық деректер қорын тексеру жауапкершілігін өздеріне алды. Сонымен қатар, жобаны әзірлеушілер «Лига добра» жұмыстарына қатысушы еріктілерге дүкендер мен супермаркеттер желісінен қолдау жасауды жоспарлауда: тегін зат тапсырcа немесе қызмет көрсетіп көмектессе, жеңілдіктер купонына ие бола алады.
Атыраудағы байқауға 46 бизнес идея ұсынылды. Кейбірулері бір-біріне ұқсас болып, бір-бірін қайталап жатты. Бұл жағдайларда олар бірігіп кетіп жатты. Мысалы, Асыл ДҮЗБАЕВА аналар мен балаларға арналған «Анашым» ана мен бала орталығын ашу идеясымен келіпті. Ал Әлия ЖАМИТОВАДА жас аналар өз бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өздерін шығармашылық бағытта шыңдауға мүмкіндік беретін хобби-хаус жобасы болды. Осы идеяны бизнес жобаға ресімдеуге бизнес саласының сарапшылары – менторлар көмектесті.
- Жас адамдар бұл жерден тек өз идеяларын жүзеге асыру алаңдарына ғана ие болмайды, сонымен қатар өздерін бизнесмен ретінде сезініп, өз жобаларын қолданысқа енгізерде кәсіпкерлер қалай тер төгіп, қандай әдістер қолданатынын да көре алады, - «Spark Искра» жас кәсіпкерлер одағының жетекшісі Әлібек МҰХИТ.
19 қазанда 34 команда құрылып, краш-тесттен кейін сарапшылар 12 идеяны экономикалық тұрғыдан сәтті деп есептеді. «Service Portal» командасы бизнес үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін біріккен сервистер порталын құруды ұсынды. Ал әлеуетті клиенттер мен жеткізушілер туралы барлық ақпараттар қорын телефонға енгізіп, бизнеске арналған ұялы қосымша ұсынған «Biz mo» презентациясы да сәтті шықты. Команда капитаны Роман ГУРБАНОВ түсіндіргендей, қосымша көп салалы бизнес-каталог қағидаты бойынша жұмыс жасайды. Мұнда сіз өзіңізге қызықты ұсынысты тапқан бойда, бір пернені басу арқылы онлайн-режимде деректеріңізбен алмасасыздар, содан кейін тараптар бір-бірімен байланысып, әріптестік мәселелерін талқылай алады.
Жол көлік оқиғалары кезінде арнайы қызметтерге (жедел жәрдем, ТЖД және т.б.) хабар беретін арнайы байланыс жүйесін қолдануды «Profit company”ұсынды, бұл жоба талай адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. «Лайф» командасының өкілдері құлпынайды көшетханаларда жыл бойына өсіру бойынша жобаны ұсынды. Ал «Healthy food» ыстық тамақты кез келген уақытта және кез келген жерде дайындауға мүмкіндік беретін арнайы ыдыс ұсынды. Асханалық мектеп-студияда бас аспазшының жетекшілігімен дайындалған дәмді ас туралы «Базилик» командасы айтып берді. «Айдар» командасы ұлттық саз аспаптарын сататын сайт құруды ұсынды. «Дан Винчи» интерьер дизайн-студиясы жұмыс жасап жатқан жоба, алайда қызметін кеңейтуге қаражат керек. Келесі бір команда ландшафты дизайн бойынша өз қызметтерін ұсынса, «West Side» жігіттері авто көліктерге тюнинг жасауды алға тартты. Индер ауданындағы әйгілі Тұздыкөл маңында шағын шипажай салу бойынша жобаны «Сәттілік» командасының өкілдері ұсынды. Бір қызығы, команданың кейбір мүшелері жергілікті емес. Олар Атырауға қонаққа келіп, Тұздыкөлдің емдік қасиеттерін естіп, Индерде болған екен. Осылайша жобалары өмірге келіпті. Команда жеңімпаздар қатарына іліккен жоқ, алайда олардың идеяларын «Атырау» ӘКҚ қолдап отыр.
Аналар мен балаларға өз қызметтерін ұсынған «Анашым» командасы ең соңғы болып өз жобаларын көрсетті.
«ЖАСТАР БЕЛСЕНДІ БОЛА ТҮСУДЕ»
Қатысушылардың жобаларын құрамына облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының, «Атырау» ӘКК, «Spark Искра» жас кәсіпкерлер одағы, «КәсіпҚор» ҰХ басшылары, Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының, «Даму» КҚҚ, жеке кәсіпкерлердің құқығы үшін күресіп жүрген белгілі қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ кірген әділ қазылар алқасы бағалады. «Atameken Startup» жобасының өңірлік серіктесі ретінде биыл KAZENERGY қоғамдастығы мен «Медикер» компаниясы әріптестік көрсетсе, «КәсіпҚор» ұлттық холдингі Атыраудағы өңірлік серіктесі болды. Оқу орны байқауды өткізу үшін өз ғимаратынан орын ұсынған үй иелері ретінде қызмет көрсетті. Айта кетсек, «КәсіпҚор» студенттері «Стартапқа» белсенді қатысып, тіпті, финалға дейін жете алды.
Биыл жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Үшінші орын бес 100 мың теңгелік сертификатты «Biz mo» командасы алса, екінші орын мен 200 мың теңге «Базиликтің» бесаспап аспаздарына бұйырды. Ал 300 мың теңгелік бас жүлдеге облысты құлпынаймен қамтамасыз етуге сөз берген жас өрендер ие болды. Бұл ақшаларды идеялары үшін алған марапаттары деп есептеуге болады.
«Атамекен Стартап» ОҚБ директоры Нұрлан ТАЗАБЕКОВТЫҢ айтуынша, барлық идеялар Қор жанынан ашылған Бизнес-періштелер клубының ақпараттар қорына енгізіледі. PricewaterhouseCoopers халықаралық компаниясының кеңесшілері басқарған сараптама комиссиясы болашағы бар деген жобаларды іріктеп алып, бизнес-періштелерге оларды қаржыландыруға ұсыныс береді. 2013 жылға жоспарланған инвестициялық бюджет – 1 млн. долларға дейін жетеді және әр жобаға 50 мың доллардан бөлінетін болады. Ең қызықты деген жобаларды қаржыландыру тұрғысынан қарау үшін мемлекеттік және жеке даму институттарына (ДАМУ, ТДҰА, бизнес инкубацияның технопарктары мен орталықтары) жіберіледі.
- Жоба жұмыс жасап келе жатқаннан бері біз көптеген жас кәсіпкерлерді көрдік және жастар әр жерде әр түрлі екендігін айтып өткен жөн, - дейді Н. Тазабеков. – алайда, барлығын бір нәрсе біріктіреді: барлығында да кәсіпкерлік қасиет, көздерінде от бар, өмірлерін жақсартуды армандайды. Жастар белсенді бола түсуде, ойлана бастады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА