Ғасырлар бойы қалыптасқан стиль
5-6 қазанда Мәскеуде Жапонияның Дайто-рю штаб-пәтерінің ресми басшысы Кондо Кацуюки Сэнсэйдің басшылығымен және Кондо Масаюки Сэнсэйдің (Дайто-рю 7-ші дан) қатысуымен ІІ халықаралық Дайто-рю семинары өтті. Қазақстан атынан Атырау айкидо айкикай федерациясының президенті Н. Шайхиев (айкидо айкикай 3-ші дан) қатысты.
Семинар бағдарламасында лақтыру, ауру сездіру әдістері мен ұстап қалу техникалары көрсетілді.
Дайто-рю айкидзюдзюцу (джиу-джитсу) – дәстүрлі жапондық жекпе-жек өнері. Ол бізге Жапонияның үздік жекпе-жек өнерінің қырларын өз бойына сіңірген күйде жетіп отыр. Мектеп техникасы керемет жаттыққан жауынгерлермен шыңдалды. ХІХ ғасырдың аяғына дейін шеберлер Сокаку Такеда мен оның ұлы әрі ізбасары Токимуне Такеда жұртшылықты таныстырғанша бұл дәстүр ретінде құпия түрде мұқият сақталып келді. Мектеп техникасы көптеген заманауи жекпе-жек өнерінің негізін салды. Сокаку Такеданың шәкірттері айкидоның негізін салушы Морихэй Уэсиба (1883-1969), хапкидоны жасақтаушы Чой Ёнсоль (1904-1987) еді.
– Әуел бастан-ақ джиу-джитсу (дзюдзюцу) дәстүрлі мектебі жою құралы ретінде құрылып, айқас кезінде қолданылды. Көне мектептің басты мақсаты дұшпанын шұғыл және аса тиімді әдіспен өлтіру болатын. Қазір жекпе-жек өнерін оқытудың басты бағыты өзін-өзі қорғау, атап айтқанда, шабуыл жасаушыны бейтараптандыру болып табылады, – дейді Н. Шайхиев. – Егер сіз кез келген жағдайда өзіңізді қорғауды үйренгіңіз келсе, онда джиу-джитсу сабағы сізге арналған. Біз мектептің техникалық бағдарламасын мұқият сақтап, дәстүрлі жапон стилінде джиу-джитсудің (дайто-рю айки дзюдзюцу) түпнұсқа техникасын зерттеп, жасақтаймыз. Біз үшін үйрету сапасы мен жаттанды техниканы қолдана білу аса маңызды боп табылады. Біз жаттығу жүйелері мен жапондық додзеде қабылданған ережелерді қатаң ұстанамыз. Сабақ кезінде соққыға қарсы, қармауға және ұстап қалуға бағытталған көптеген әдістер үйретіледі. Бізде жаттыққан кезде сіз жан-жақты дайындыққа ие боласыз да, кез келген күтпеген шабуылды тойтаруға дайын боласыз. Дайто-рю айки дзюдзюцу (Джиу-джитсу) – бұл үйренуді қажет ететін нағыз жекпе-жек өнері.
***
Астанада алтын алды
2001-2002 жылы туған балалар арасында өткен Қазақстан мектеп лигасынан №34 гимназияның баскетболшылары қанжығаларына алтын медальді байлап қайтты.
Бұл туралы №34 гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жасұлан ТӘЖІБАЕВ былай деп әңгімелейді:
– Біз жазда облыстық іріктеу жарыстарында жеңіске жеткен болатынбыз. Астанада өткен финалдық турнирге 4 команда қатысты. Біздің балалар барлық матчта жеңіске жетті. Ал, финалда «Астана» командасынан 49:16 есеппен басым түсті. «Атырау» командасындағы ең үздік ойыншы болып Жолдасқали Мұқасан танылды.
***
Жүлде бұйырмады
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Алтын күз» баскетбол турнирінің ақтық сайысы өтті.
Турнирдің үміткері облыстық «Атырау барыстары» баскетбол командасы барлық үш ойында да басым түсіп, жеңімпаз атанды. «Күміс» медаль «Жанель-Авто» командасына бұйырды. Ал, аталмыш командалар арасындағы ақтық кездесу – 52:36 есебімен аяқталды. «Қоланы» өзінің табандылығының арқасында Isker командасы иеленді, олар Мұнай және газ институты командасынан 48:44 есебімен алда болды. Бұл матч Ұлттық баскетбол ассоциациясының қызу ойындарын еске түсірді. Ақтық мәреге 40 секунд қалғанда есеп 44:44- тең болды. Isker ойыншыларының сәтті екі шабуылы мұнайшы студенттерді олжасыз қалдырды.
***
Назгүл қолаға ие болды
Атыраулық Асхат Тельманов пен Назгүл Құбашева дзюдодан Гран-при сериясы бойынша өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды.
АлматыдаГран-при бойынша өткен белдесуде 69 келіге дейінгі салмақта шыққан Асхат бірінші жекпе-жекте қазақстандық Рүстем Ибраевты иппонға түсірді. Кейін Қазақстан құрамасы бойынша өз серіктесі Айбек Имашевтен ұтылып қалды. Ал, үшінші орын үшін болған күресте Армениядан келген дзюдошы Арам Григорянды тізе бүктірді. Асхаттың бапкері -Талап Мұқанов.
Назгүл болса, командалық әлем чемпионатының қола жүлдесі аясында Ташкентте өткен Гран-при бойынша татамиге шықты. Сөйтіп, ол өзінің санатын қорғап қалды. 57 келіге дейінгі салмақта шыққан Назгүл алғашқы белдесуде өзбек қызы Шахноз Ақтубаеваны жеңді, ал одан кейін хорватиялық Андрее Бекечтің алдында тізе бүкті. Төрешілер Назгүлді ынталандыру раундына қатысуға шақырды. Ол бұл жекпе-жекте Өзбекстаннан келген Мухлия Маннонованы жеңіп кетті. Бұл жеңіс Назгүлге қола медаль үшін күресуге құқық берді. Үшінші орын үшін болған кездесуде ол израильдық Камилла Минакавадан басым түсті. Назгүлдің жаттықтырушысы - Жандос Қиянов.
***
Желаяқтар желдей есті
Дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының бастамасымен Жайық жағалауында 1999-2000 және 1997-1998 жылдары туған колледж және мектеп оқушылары арасында жүгіруден облыс біріншілігі өтті.
Ересектер тобы жүгіруді «Жемчужина» емдеу-сауықтыру, ал, кіші топтағылар «Атырау-Ақпарат» ғимаратынан бастады. Екі жүздей баладан құралған жүйріктер тобы «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мәреге жетті.
Біріншілікте жүлдеге ие болғандардың есімдері мыналар:
1999-2000 ж.т. (жасөспірімдер) – Ризабек Жаңбырбай (Индер), Алексей Бленов (№20 мектеп), Игорь Фелеушин (№30 мектеп); (қыздар) – Ольга Лаврова ( №17 мектеп), Әсемгүл Сабыр (Қызылқоға), Арайлым Нұрланова ( №3 мектеп). 1997-1998 ж. т. (жасөспірімдер) – Ақтілек Ермекқали (Қызылқоға), Орақ Бекет (Қызылқоға), Мұрат Жұмашев (Индер); (қыздар) – Айкөркем Алтыбай (Қызылқоға), Александра Малахова (№12 мектеп) және Саида Жакешова (№3 мектеп).
***
Құтқарушылар турнирі
Қалалық судан құтқару стансасы мен «Мұнайшы» орталық жүзу бассейні аумағында құтқарушылардың спартакиадасы өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша1-ші орынды облыстық судан құтқару қызметінің командасы, 2-ші орынды жүзу бассейнінің командасы, ал 3-ші орынды «Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің» командасы иеленді. 3 шақырымға жүгірген – Тахир Кулушев («СПиАСР»), 300 метрге жүгірген – Дастан Бекетов («Өрт Сөндірушi»), 100 метрге жүзген – Ернұр Қойлиев (бассейн), дәрігерлік көмек көрсету бойынша – Глеб Шульга (қашағандық құтқарушылар отряды), құтқару белдігін дәл лақтыру бойынша – Нұржан Рахимов (судан құтқару) секілді қатысушылар жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ