Облысымыздағы ең арзан су Қызылқоға ауданында. Себебі, қызылқоғалықтар-дың басым бөлігі Мұздыбұлақ, Тайсойған және Қарасу жерасты суын (Қарасу суын, сондай-ақ, Ақтөбенің Байғанин ауданының 5 селосы мен елді мекені де ішіп отыр) тұтынады. Бірақ, бұл тіршілік көзіне жергілікті тұрғындар үлкен еңбекпен қол жеткізеді.
БАҒАНАШЫҚ ҚАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ ЖӘНЕ ТЕСІК ҚАЗАН
3-ші сынып оқушысы Наурызбек (суретте) -ата-анасының нағыз қолғанаты. Ол біздің көзімізше тобатай (бидон) толы суды арбасына өңгеріп алып жүріп кетті. Бағанашықтан (колонка) су тасыған миялылық келіншектер «Ақ бұлақ» бағдарламасы туралы жауыр болған әңгімені қозғады. Бір жағынан түңілгендерін жасырмайды:
- Өмір бойы су тасумен келеміз. Әсіресе, қыста қиын. Кезінде «Ақ бұлақ» бағдарламасын осыншама айтып еді. Енді одан қандай пайда болды бізге? Бәрі бұрынғыша қалды.
Ал билік биыл Миялы селосында тұрғындарды сумен қамтамасыз ету 100 пайыз орындалады деп отыр.
- Мердігер компания қазанның 15-нде бұл жұмыс толықтай аяқталады деп сендіріп отыр. Бұл жолы мердігер Миялы селосында 190 млн теңгеге 45 шақырым су құбырын жүргізудің жұмысын бітірмек, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ.
Бұл жұмыспен Алматыдан келген «Баймен» ЖШС айналысуда.
- Біз еліміздің әртүрлі өңірінде су құбырын жүргізумен көптен айналысып келеміз, айтарлықтай тәжірибе жинақтадық, - дейдісеріктесік басшысы Баймен ЖҰМАҒҰЛОВ.– Миялыда «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес, тек көшелерге ғана емес, су құбырын үйлерге жеткізіп, есептегішін орнатуды тегін атқарудамыз. Негізі Миялы селосындағы су құбырын төсеу жұмысы 2014 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ, біз өзгеріс енгізіп, бұл жұмысты биыл бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ал Сағыз селосында су құбырын жүргізуді 2014 жылы аяқтамақпыз.
«ТАЙСОЙҒАН СУЫ МҮЛДЕМ ЗИЯНСЫЗ»
Жасқайрат пен Қоныстану ауылдарында (әрқайсысында мыңнан астам тұрғын тұрады) су алатын бағанашық үш жерде ғана орналасқан. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, бұл - жеткіліксіз.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Қызылқоға ауданында сумен есептесудің екі жолы қарастырылған. Егер көше бағанашығынан су алса, онда айына кісі басына 49 теңге төлемақы төлейді. Ал 1 тонна водовоз суы 150 теңге тұрады, яғни 3 тонна су 450 теңгені құрайды. Облыстың басқа жерлерінде үш тонна судың бағасы 1 000-4 500 теңге шамасында.
- Біздің өңірде «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде су құбырын төсеу жұмыстары 2014-2016 жылдары аралығында толық бітеді деп отырмыз. Осы кезеңнен кейін ауыз су жайына толық нүкте қоймақпыз, - дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.- Биыл Миялы селосы тұрындары құбырдан су ішсе, келесі жылы су құбыры алыс ауылдарға да біртіндеп қосыла береді.
- Судың бағасы осы деңгейде қалады деп ойлайсыз ба?
- Судың да сұрауы болуы керек. Расында аудан халқы арзан суды тұтынып отыр. Оны ысырапсыз пайдаланып отыр деуге де болмас, бес саусақ бірдей емес. Көп адамдар малын суарады, көлігін жуады, қалай болса, солай пайдаланып жатыр. Сондықтан су бағасын көтеруге мен қосылар едім. Бүгінге дейін сумен қамтушы «Қазсушар» РМК-нің Қызылқоға филиалына субсидия беріліп, бағаны көтермей, бір деңгейде ұстап келеді. Келешекте бәрі өзгеруі мүмкін.
- Жерасты суы бір кездері сарқылады ғой. Сіздердің есептеулеріңізше ол қаншаға жетеді?
- Мұнда зерттеу нәтижесі көрсеткендей, әзірге 25 жылға жететін су қоры бар. Ылғал аз болып, Ойыл өзені тасымаса, жерасты суының да тартыла бастайтыны анық.
- Тайсойған полигонының адамдар денсаулығына тигізген зардабы белгілі. Ал оның жерасты суын бірқатар ауыл тұтынып отыр. Бұл судың халық денсаулығына зияны жоқ деп айта аласыз ба?
- Бұған ешкімнің күмәні болмасын. Тайсойғандағы су таза. Жерасты суы 70-80 метр тереңдіктен алынады. Ай сайын санитарлық дәрігерлер судың құрамын тексеріп отырады. Онда бәрі қалыпты, сондықтан қорқатын түгі де жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА