Атырау, 26 қараша 08:33
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Қожайын бұйрық берді»

4 108 просмотра

Ешқандай сот көмектесе алмайды

Азаттық даңғылы бойындағы 26 «а» үйдің ауласында балалар алаңының аумағында көпқабатты ғимараттың құрылысы қызу жүріп жатыр.

ТҰРҒЫНДАРДАН СҰРАМАҒАН

Енді өздерінің кішкентай алаңында коммерциялық мекеменің жаңа ғимаратының бой түзейтінін тұрғындар кездейсоқ білген. Онда да ПИК жиналысында емес. Бір күні жұмысшылар келіп, теректерді кесіп, әдетте ата-аналар балаларын қадағалап отыратын орындықтарды алып тастаған. Олар өз әрекеттерін жай ғана «Қожайын бұйрық берді» деп түсіндірген. Жер телімі жеке қолға беріліп, бұл жерге коммерциялық нысан салынады екен.

Тұрғындардың жеке жиналысында бұл мәселе талқыға салынған жоқ, үй ауласынан жаңа ғимарат салуға біздің келісімімізді ешкім сұрамады. Біз, тіпті, бұл жерге не салынатынын да білмейміз. Бастапқыда балабақша туралы әңгіме жүрген еді, қожайындары мемлекет ақшасына салынған біздің балалар алаңының жаңа балабақшаға көшетінін растаған еді. Енді келіп, бұл жерге дүкен салынады дейді, - деп әңгімелейді №26 «а» үйдің тұрғындары.

Адамдардың мазасыздануын түсінуге болады. Өртке қарсы нормаларға қарамастан, арнайы машиналар олардың аулаларына тек бір жақтан – Гурьевский көшесі жақтан кіре алады. Ал аулаларында жаңа коммерциялық ғимарат пайда болғаннан кейін (ол жерге күн сайын ондаған машиналар келетіні сөзсіз), өрт техникасының кіруі тіптен мүмкін болмай қалады.  Бұл тұрғындардың өміріне, денсаулығына зиян келтіруі  және мүліктер шығынына алып келуі мүмкін. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақында, 1 қыркүйекте көршілес №28 үйде өрт болып, өрт сөндіру машинасы өртеніп жатқан пәтерге жақындап келе алмағандықтан, тұрғындардың бірі қаза болған. Өрт сөндірушілер командасы тез келген, бірақ екі жақтан үй жанына жапсарлас салынған ғимараттардың салдарынан аулаға ауыр техника кіре алмаған. Көше жақтан кіруге тура келген.  Нәтижесінде өрт сөндірушілер алтын уақыттарын жоғалтып алды. Бұл уақытта өртеніп жатқан пәтерде ер адам, өз отбасын асыраушы-әке газге уланып, қайтыс болады. Мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепілдік береді?

 

ЕРЕЖЕГЕ САЙ ЕМЕС

Тұрғындардың келесі уәжі –  бұл алаң жақын маңдағы үйлердің балалары үшін жалғыз ғана қауіпсіз жер болатын. Ал енді келіп ойнап жатқан балалардың қақ төбесінен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйдің немесе қоғамдық ғимараттың балалар алаңына жақын орналасуы ҚР №3.01-01-2008 Құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын бұзу боп табылады. Оның үстіне, тұрғындардың растауынша, жер телімі жылу жүйелерінің қорғау аймағында орналасқан. Құрылыс маңында жылу трассасы жүргізілген. Бұл фактіні сәуір айында жер инспекциясы сотқа берген талап-арызында келтірген. Бірақ бұл туралы төменде айтылады. Құрылыс салушымен тұрғындар сөйлесе алмаған. Құрылысшылар оның өздеріне нұсқауды тек үшінші тұлға арқылы жеткізетінін растайды екен. Құрылыс салушының өкілдері тілдеспек болғанда теріс айналып, алаңнан кетіп қалатын көрінеді.

Редакция қалалық әкімдікке ресми сауал жолдағаннан кейін 2011 жылдың 18 мамырындағы №816 Атырау қаласы әкімдігінің қаулысымен жер телімінің дүкен салу үшін азамат М.К.-ге жеке қолға берілгенінен хабардар болды. Жер телімінің жалпы алаңы 0,012 га. Сол жылдың тамызында М.К. бұл жер телімін азамат Г.И.-ге сыйға тартқан. Ал ол өз кезегінде оны 2013 жылдың ақпанында қазіргі жер иесі боп табылатын азамат М.У.-ға сатқан.

Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті оған осы телімге құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат берген.

 

БҰЛ ОСЫ ҮЙ МЕ?

Үй тұрғындары жер учаскесі құжаттарының көшірмесін қолдарына түсіріпті. Сөйтсе, қағазда басқа заңды тұлға – Азаттық даңғылы, №26 мекен-жайдағы жер телімі, яғни көрші ғимараттың ауласы белгіленгенін білгенде таң қалыпты. Бұл №26 және 26 «а» екі үйді Гурьевская көшесі бөліп тұр. 

– Көрші ауладағы учаске қожайыны біздің алаңда қандай негізде құрылыс салып жатыр? – деп наразы болған тұрғындар «Атырау облыстық аумақтық жер инспекциясы» ММ-не, қалалық әкімдік пен прокуратураға шағым жазған.

Шағымды қарау барысында аумақтық жер инспекциясы анықтаған жайттарды сөзбе-сөз келтіреміз: «Көзбен шолған кезде жер телімі Азаттық даңғылы бойындағы №26 «а» үйдің ауласында орналасқан, ал «АтырауЗемСтрой» ЖШС маманы ұсынған жергілікті жердегі жер телімі шекарасын белгілеудің схемалық сызбасы бойынша Азаттық, 26 мекен-жайы көрсетілген. Алайда жер телімінің мемлекеттік актісі бойынша мекен-жай №26 үй маңы деп көрсетілген. Яғни, №26 үйдің өзі емес. Оның үстіне, сызба бойынша бұл телімнің іс жүзінде Азаттық даңғылы бойындағы №26 «а» үйдің ауласында орналасқаны көрнекі түрде көрініп тұр. Осылайша, бұл жағдайда мемлекет жерін заңсыз басып алу фактісі жоқ».

Мекен-жай №26 үй емес, №26 үйдің маңы деп көрсетілген деген уәж көңілге қонбайды. Олай болса, кез келген жерден - ғимараттың оң жағынан, сол жағынан болсын, құрылыстар сала беруге болады ғой. Ал бұл жағдайда әңгіме болып отырған жер телімі - жолдың ар жағындағы көрші аулада.

 

ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ

Жер инспекциясының 2013 жылдың сәуірінде осы учаскені мемлекет меншігіне қайтарып алғысы келген әрекетін ескерсек, оның түсіндірмесі беделін сақтап қалғысы келген әрекеттей көрінеді. Өйткені, өткен жылы Астанадағы отырыстардың бірінде президент тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше өңірдегі қалаларда көппәтерлі үйлердің аулаларында орналасқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға тапсырма берген еді. Солардың ішінде, Атырау облысы да бар-тұғын. Осыған байланысты 2012 жылдың қарашасынан бастап қалалық әкімдік «Аумақтық жер инспекциясы» ММ-мен және облыстық прокуратурамен бірігіп, бұрын көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларындағы заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару шараларын алады. 2013 жылдың сәуірінде аумақтық инспекция осы жер теліміне сәйкестендіру құжатын, сондай-ақ осы жер теліміне қатысты жасалған барлық келісімдерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз береді. Қалалық сот талап-арызды қанағаттандырмайды. 2013 жылдың шілдесінде осындай талап-арызды қалалық прокуратура жолдайды. Алайда қалалық сот тағы да қанағаттандырудан бас тартады. Өз тәжірибесінде осы секілді істерді кездестірген адвокат Гүлсім САБЫРОВАНЫҢ айтуынша, бұл жерді жеке тұлғалардың қолында қалдырған бірен-саран шешім екен. 2013 жылдың қаңтарынан бастап аумақтық жер инспекциясы қалалық сотқа 20-дан астам, қала прокуратурасы осындай 40-тан астам талап-арыз берген.

– Осы санаулы шешімдерден басқасының барлығы дерлік толықтай қанағаттандырылды, - дейді  Г. Сабырова.

Бүкіл істер мен прокуратура келтіріп отырған уәждердің жай-жапсары ұқсас, ал нәтижесі, біз көріп отырғандай, әртүрлі. Бұл жерде «неліктен бір жағдайларда жерді мемлекет меншігіне қайтарады, ал басқаларында құрылыс нормалары мен ережелерінің барлық нормаларына қарамастан тұрғын алаңдарында көпқабатты ғимараттар бой көтереді?» деген орынды сұрақ туындайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.