2012 жылдың желтоқсаны мен биылғы жылдың желтоқсаны аралығында халықтың аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған тобынан шыққан балалар мен жастардың әл-ауқатын жақсарту саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың жобаларын қолдау бағдарламасының аясында «Бота» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ «Еңбекке қабілетті» жобасын жүзеге асыруды қолға алды.
Бұл жоба облыстағы 15-24 жас аралығындағы мүмкіндіктері шектеулі жастардың компьютерлік сауаттылық пен іс тігу машығын меңгеруі мен өзара байланыс орнату үшін қолайлы жағдай туғызуға бағытталған. Оқумен қала мен селолық округтерде тұратын 30 шақты мүмкіндігі шектеулі жастар қамтылған. Сабақ 15 адамнан екі топта өтеді. Ал жақында «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ серіктестері болып табылатын Атырау сервис колледжі мен бизнес және құқық колледжінде көшпелі тәжірибелік сабақтар өтті.
- Біз оларға оқу орнының ауанын сезінсін, студенттермен әңгімелессін деп арнайы көшпелі сабақтар ұйымдастырдық, - дейді «Мүгедектер әлемі» ҮЕҰ-ның директоры Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА.
ДАСТАННЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Қатты әсер қалдырған бұл күн балалардың естерінде ұзақ қалатын шығар. Бизнес және құқық колледжінің оқытушысы Амангелді АДИРОВ қонақтарға компьютерлік сауаттылық бойынша дәріс берді.
- Бұған дейін барлық сабақтар «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның кеңсесінде өткен еді, - дейді А. Адиров. – Балалардың ішінде қандайма бір оқу орнын бітіріп, мамандық алғандары да бар, алайда көпшілігі мектептен кейін ешқайда оқуға түспеген.
- Колледж бен жоғары оқу орындары, өкінішке орай, мүгедектерді, әсіресе, тірек-қимыл аппараттары бұзылған адамдарды оқытуға арналмаған. Сонымен қатар, балалар студенттік ұжымға бейімделуде өздерін оғаш сезінеді, өйткені олардың кейбірі мектеп бағдарламасын да үйінен оқыған ғой, - дейді К. Нұржігітова.
Балалардың кейбірімен жақынырақ танысқан едік. Компьютерлік сауаттылық курсының тыңдаушысы 23 жастағы Дастан үйінен көп шықпайды. Кезінде науқастығына байланысты мектеп білімін де ала алмапты.
- Менің сабағымда Дастан жақсы жетістіктерге жетіп жүр, - дейді Адиров. – Кез келген адамның бір нәрсені үйренуге деген қабілеті бар деп ойлаймын.
Ал 26 жасар Николайға індет медициналық колледжде «Фельдшер» мамандығына оқып жүрген кезінде жабысыпты:
- Бұл ауыр сырқат болды, мүгедектік санатына іліктім. Бірақ колледжді бітіру үшін бар күшімді салдым. Рас, мамандығым бойынша жұмыс жасай алмаймын, - дейді Николай. – Алайда, массаж жасау курсынан өтіп, қазір жұмыс жасап жатырмын. Енді компьютерлік сауаттылықты меңгерудемін. Компьютерді бұрыннан да қолдана аламын, бірақ қазір өтіп жатқан сабақтар сол дағдымды кеңейтуге мүмкіндік береді, болашақта бір керегі болар.
БІР БЕТКЕЙ ӘЙГЕРІМ
Келесі көшпелі сабақтар «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның тағы бір әріптесі – сервис колледжінде өтті. Мұнда «Жұмысқа қабілетті» жобасына қатысушы қыздар болашақ тігіншілерді дайындайтын кабинетте болды. Тігін ісінің оқытушысы Меруерт АЙТЖАНОВА оқу үдерісі колледж студенттерінен баяулау жүріп жатқанын атап өтті:
- Ол түсінікті жайт қой. Сабақ кезінде мен әр қызға жеке уақыт бөлуге, жасап жатқан жұмыстарының дұрыстығын қарап, көрсетуге тырысамын. Әрине, оларға оңай емес. Бір қуанарлығы, барлығы үйренуге тырысып жатыр. Бірнеше айдың ішінде қыздар түрлі маталардың ерекшеліктері туралы біліп, қалта, жаға, манжеттер, бала жаялықтарын тігуді үйренді. Келесіде төсек жаймаларын пішу мен тігуді үйретемін.
Тыңдаушылардың бірінің аты Әйгерім екен. Ол мүгедектігіне қарамастан гуманитарлық колледжді ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітіріпті:
- Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым, бірақ оған мойымаймын. Міне, тігіншілікті үйреніп жатырмын. Өмірімде міндетті түрде пайдаға асады, сонымен қатар, университетке де түстім, болашақта психолог боламын. Мен өмірдегі өз орнымды тапқым келеді және міндетті түрде табамын.
Жастардың бұл ерліктеріне бас июге болады. Алайда оларға жан жақты көмек керек. Әңгіме барысында олар жұмыс берушілердің за бойынша міндетті болғанмен, оларды мүгедектіктеріне байланысты жұмысқа қабылдамайтындарын да айтып кетті. Сонымен қатар олар үшін жоғары оқу орындары мен арнайы орта оқу орындарына қабылдауға квота бөлінетіні заңмен белгіленсе де, бұған қол жеткізу оңай болмай отыр.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор