Атырау, 26 қараша 08:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мал-жаның аман ба?

7 610 просмотра

Қызылқоға ауданында бруцеллез індетімен күрес әлі жүріп жатыр. Бірақ, ауруды ауыздықтау оңайға соқпауда. Тасшағыл ауылында екі ай жарым уақыттан бері жарияланған карантин әзірге жойылған жоқ. Жуырда бруцеллездің негізгі ошағы табылған Миялы селосы және Қоныстану ауылдарындағы жекелеген көшелер мен шаруа қожалықтарына, Қосқұлақ елді мекеніне малды сатуға, союға, ауыстыруға, өзгенікіне қосуға уақытша шектеу енгізілді. 

ІНДЕТ КЕЗІНДЕГІ НЕ ТОЙ?

Биылғы жылы 17 қарашаға сәйкес келген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ауданда алдын ала қыркүйектің 26-27-сі күні тойланды. Озаттар ұлығыланып, бәйге ұйымдастырылып, өнерпаздар өнер көрсеткен бұл тойда 72 бас қой-ешкісінен айрылған Тасшағыл ауылының тұрғындарына демеушілік көмекпен 22 қой сыйға тартылды. Алайда, ауылдықтар той тойлауға кеткен қаржыны бруцеллездің зардабын жоюға жұмсаса дұрыс болар еді деп есептейді. 

 

20 КҮН САЙЫН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Қызылқоға ауданы прокуроры Есенбек БИЛАЛОВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта тасшағылдықтардан түскен арызға орай аудан әкіміне хат жолданған. Ал дерттің етек алуына жол беріп, қателікке бой ұрған 6 ветеринар маманға айыппұл салынған. Малын уақытында жоймаған кейбір тұрғындар да айыппұл төлеуге мәжбүр. 

«Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облыстық филиалы мамандары жалпы аудан бойынша бүкіл мал атаулыны әрбір 20 күн сайын тексеруді қолға алған.

- Біз жануарлардан осымен үшінші рет қан алып, бактериологиялық зерттеуден өткізіпотырмыз. Бруцеллезге бейім мал әлі шығып жатыр. Жануарлар қанының талдамасы екі мәрте теріс нәтиже бергенше сынама алу жүре береді, - дейді филиалдың жетекші маманы Қайсар ЕСҚАЛИЕВ.

Оның айтуынша, ауру шыққан мал қоралары мен аулаларды  дезинфекциялау үшін дәрі-дәрмек енді ғана келіп жатыр.

Сондай-ақ, ветеринар мамандар бруцеллез жұқтырған ірі қаралардың етін алдын ала қайнату арқылы (100 градус температурада) пайдалануға болатынын айтады. Ал қой-ешкілердің етін қанша термикалық әдіспен өңдеуден өткізсе де, яғни қанша қайнатса да, мүлдем тамаққа қосуға болмайды. Ауру малды өкпесіне аммиак егіп өлтіреді (аммиак егілген мал 2-3 минуттан соң сеспей қатады). Содан соң арнайы қазылған шұңқырларға салып өртейді.  

 

СТАТИСТИКА

Күні бүгінде аудандағы 32 457 ірі қараның 561-і, 14 276 қой-ешкінің 1 279-ы, ал 1 598 түйенің20-сы бруцеллез дертіне шалдыққан. Әсіресе, 3 ауыл-селода шамадан тыс көбейіп кеткен. Тасшағыл ауылындағы 61 бас ірі қара мен 581 бас қой-ешкіден аталмыш ауру табылып, карантин күні ұзартылуда. Сонымен бірге Миялы селосында 117 сиыр, 221 қой-ешкі бруцеллезге ұшырап, кейбір көшелерге шектеу жарияланбақ.

- Қоныстану ауылынан 63 ірі қара мен 193 қой-ешкіден дерт табылып, Қосқұлақ елді мекені, «Шүкірғали», «Жексенғали» шаруа қожалықтары және Қоныстанудағы төрт көшеге шектеу жариялау үшін құжаттар тиісті орындарға жіберілген, жақын арада келеді деп  отырмыз, -дейді Көздіғара ауылы округі әкімінің міндетін атқарушы Болат ҚАБЕСОВ.

 

80-ШІ ЖЫЛДАРЫ БАСТАЛҒАН

Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ айтуынша, ауданда бруцеллезге бейім мал саны 1980 жылдары шамадан тыс көбейіп кеткен.

- Содан бері бұл жұқпалы ауруды жою шаралары жүргізілгенімен, еш нәтижеге қол жеткен жоқ, -дейді әкім. - Бұл аурудың біздің ауданда шығу себебі - кезінде малдың көзі жойылмай, бруцеллез инфекциясының қан құрамында ұзақ сақталып қалуынан немесе жайылымдардың ластануынан болуы мүмкін екендігіне көзіміз жетті.

Қызылқоға өңірінде 2000-2010 жылдары бруцеллез анықтау үшін малдан қан алу жұмыстары толық жүргізілген жоқ. Әсіресе, қой-ешкілер жаппай тексерістен өткізілмей қалды да, бұл инфекцияның тұтануына алып келді. Және сол жылдардағы жүйе бойынша жануарлардан қан алу жұмыстарын веб-порталдан ұтқан жеңімпаздар жүргізген болатын. Ол кәсіпкерлерді өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарады деп айту қиын, бір-екі малдан ғана қан алып,  құр есеп үшін оның санын қолдан көбейте салған болар. Одан бөлек, малды ауыстыру, сырттан әкелудің де септігі тиді. 

-Демек, малды бір-бірімен араластыруға шектеу қою - бруцеллезді анықтауда шатаспас үшін қажет болды ма?

- Иә, сондықтан біз белгілі бір көше тұрғындарына шектеу енгіздік. Өйткені, бір ауыл малды үш кезекпен бағады. Тексерген кезде тек бір кезектегі малдан ғана бруцеллез шықты, ал қалған екі кезектегі мал сау. 

-Басқаларға қарағанда көбірек зардап шеккен тасшағылдықтарға тағы қандай көмек қарастырылған?

- Тасшағылдықтарға заңсыз жойылған қой-ешкінің орнына мал, ал науқастанған балаларға қайырымдылық қорынан біржолғы көмек берілетін болады.

Алайда, тұрғындар қойылған шектеу аурудың алдын алатынына күмәнмен қарайды. Себебі мал өрістері жақын, суаттары бір. Ауру көп шыққан Тасшағыл мен көрші ауыл Қаракөлдің мал жайылымдары аралас-құралас. Осы Қаракөлде өткен жылы 191 қой-ешкіден дерт шықса, биыл олардың саны  91-ге жеткен.  Ветеринар-инспектор Әлібек ЕСКЕНДІРОВ карантин мен шектеуге байланысты уақ жандықтарды сатуға, әкелуге, сойып жеуге болмайтынын біле тұра, ауыл адамдары арасында қой-ешкіні сойып алу фактілері көптеп кездесіп отырғанын жасырмады.

Ал соңғы дерек бойынша ауданда 192 үй тұрғындары300 қойды сойып, етін пайдаланған. 

- Біз қалай оны жемейміз? Көп адам жұмыста жоқ. Бұрын малды сататын едік, енді одан айрылдық. Енді жұрт ет жемей отыра алмайды ғой. Менің тағы бір айтпағым, осы ауру шықты дегеннен малымды бөлек бақтым, бөлек суардым. Үш рет уақ жандықтан қан алғанда таза деді, ал төртінші рет тексергенде 7 бас мал бруцеллезге бейім болып шықты. Бұл қалай? -дейді Тасшағыл ауылының тұрғыны Туман САДАУОВ.

Тасшағылда карантин жарияланғанымен, ауылға кірген-шыққан көлікті тексеріп жатқан ешкімді көрмедік. Тасшағыл ауылы округі әкімінің міндетін атқарушы Мәлік ҚУАНЫШЕВ учаскелік инспектордың жақын арада ауысатынын айтып ақталды.

 

ҚАУІПТЕН САҚТАН: БРУЦЕЛЛЕЗ

Аудан бойынша 16 адамнан бруцеллез табылған. Науқастар он күн ауруханаға жатып, қалған емді үйде жалғастыруда.

- Егер осы аурумен сырқаттанғандар толық емделмесе, онда буындары ауырып, бедеулік пен белсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін,  -дейді дәрігер Амангүл БЕКЕЕВА.

Кейбір тасшағылдықтар буындарының сырқырап, аяқтарын баса алмай жүргендеріне шағымдана бастаған.

- Менің балам мен көрші бала екеуі Атырауда колледжде оқитын. Олар мектепті биыл бітіріп, оқуға түскен еді. Бастапқы ауырғанда қызуы қатты көтеріліп, құсып, жатып қалды. Сөйтсек балалар осы дертке шалдығыпты, оған қатты қамықтық. Ауруханаға жатты, дәрігердің нұсқауы бойынша емделді, бірақ сырқаттарының қайталап қоза бастауы бізді алаңдатып отыр, -дейді Амангелді САЛЫҚОВ.

Осы ауруға шалдыққан  2008 жылы туған Бекарыс МҰХАМБЕТҰЛЫ сол аяғын баса алмай, ақсаңдап жүр.

- Біздің отбасымыздан үш адам ауырды. Ауруханаға жаттық. Аудандағы инфекционист оқуға кеткендіктен, баламды Индер ауданындағы дәрігерлерге қараттым. Бірақ екі ай өткесін қайта қызулап, аяғын баса алмай жүр. Ал енем екеуміздің емделетін қаржымыз болмағандықтан, бізге бас тартуға тура келді. Баламның осыншама қорлық көруі жанымды қатты қинап отыр, -дейді налыған 27 жасар Асылша ІЗМАҒАНБЕТОВА.

- Бруцеллезбен ауырған адам уақытылы ем қабылдауы керек, өйткені дерт оның буындарына, жамбасына, ішкі құрылыстарына зардабын тигізетіні сөзсіз, -дейді Қызылқоға аудандық аурухананың бөлім меңгерушісі Роза ИБАШЕВА. -Бұл созылмалы ауру, сондықтан қан құрамындағы бруцеллез таяқшасы азайғанымен, адам әлсірегенде олар көбейіп кетуі мүмкін. Алғашқы күндері он күн ауруханада жатып емделеді, сосын учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Егер ауру тағы қозса, біз оларды ауруханаға жатқызып, облыстағы инфекционистердің көмегіне жүгінеміз.

- Бруцеллездің қауіптілігі неде?

- Бұл ауру адам бойында өмір бойы қалып қояды. Сондықтан үнемі күтініп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып жүруі керек.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.