30 қыркүйекте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің (ТМРАД) бастамасымен «Атырау су арнасы» КМК (АСА) 2013 жылғы инвестициялық бағдарлама нысандары бойынша журналистерге баспасөз турын өткізді.
Алдымен АСА директоры Андрей ТАШЛЫКОВ есеп берді:су құбырларыныңжалпы ұзындығы 1,7 шақырым болатын апатты учаскелері 17,3 млн теңгеге ауыстырылды. 11,1 млн теңгеге кәріздік жүйелердің 400 метрлік құбырлары, 4,5 млн теңгеге тозған жабдықтар алмастырылса, 26,8 млн теңгеге арнайы техника сатып алынды.
А. Ташлыковтың айтуынша, кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы кері қаралып, табыстан түскен қаражатқа АСА қазіргі қолданыстағы барлық су сорғыларының орнына қуаты аз, яғни электр қуатын аз тұтынатын жаңа сорғылар орнатуды жоспарлап отыр. «Жаңа бағдарламаны орындау үшін су тарифін көтерудің қажеті жоқ», - деп А. Ташлыков көңілді орнына түсіріп қойды. Бұл сөзді ТМРАД басшысы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА да растады. Ол жаңа электр қуатын үнемдеу бағдарламасы бойынша есеп-қисаптарды монополист осы жылдың қазанына дейін ұсынуға уәде берді деп хабарлады.
А. Ташлыков журналистерге АСА су тазалау құрылғысының қазандығын көрсетіп, былайша түсінік берді:
- Мұнда жылу жүйесіндегі ыстық суды айналдыруға арналған және реагенттерді жою резервуарына айдайтын кеңестік үлгідегі 3 сорғы тұрған. Біз оларды «Grundfos» фирмасының сорғыларына ауыстырдық. Бұлардың ең басты қасиеті, тиімді жұмыс жасай отырып, 3 есе аз электр қуатын тұтынады. Бұл өте маңызды мәселе, өйткені АСА «Атырау Жарық» АҚ-на тұтынылған электр қуаты үшін ай сайын 25-26 млн теңге ақша төлейді.
«Grundfos» фирмасының әр сорғысын АСА 550 мың теңгеге алған. Кәсіпорынға осындай сорғылардың тағы бірнешеуі керек: 1-су көтеру нысандарына – 6, 2-су көтеру нысандарына – 11.
Сәтпаев даңғылындағы «Рубин» дүкенінің маңында орналасқан тұрғын үй массивіне қызмет көрсететін №6 жоғарылату сорғы станциясында (ЖСС) түнгі уақыттарда су тұтыну көлемі азайғанда айналымды төмендететін электрлі жиілілік реттегіші орнатылды.
- Қазірдің өзінде (журналистер №6 ЖСС-те сағат 17.00 шамасында болды)сорғылар 75% қуатымен жұмыс жасап жатыр. Реттегіштің көмегімен біз тек электр қуатын үнемдеп қана қоймаймыз, сондай-ақ, су құбыры апаттарының санын азайтамыз, - дейді АСА-ның бас энергетигі Дмитрий КАБЕШОВ.
Жиілілік реттегішін АСА 1,5 млн теңгеге алыпты. Қалада 44 ЖСС бар. Яғни, «жиілілік» алу үшін АСА-ға 66 млн теңге керек екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ