Атыраудың сол жақ жағалау бөлігінде 5 күнге газ беру тоқтатылады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы директорының орынбасары Мақсот ӘБУОВТЫҢ айтуынша,«Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральды газ құбыры басқармасы жоспарлы-алдын алу мақсатында жөндеу жұмыстарына байланысты 30 қыркүйектен бастап4 қазанды қосқанда Жайықтың сол жақ жағалауындағы тұтынушыларға табиғи газ тасымалдауды уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге салсақ, жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты соңғы рет биылғы жылдың маусымында газ беру уақытша тоқтатылған болатын. Неліктен тағы да жоспарлы жөндеу жұмыстарын бастаған деген сұраққа, М. Әбуов: «Барлық сұрақты «Интергаз Орталық Азияға» қойыңыздар» деп жауап берді.
Кеше, 30 қыркүйекте сайтымызға ақпарат жарияланған бойда редакцияға қиярларды жылыжайда өсірумен айналысатын өзі аттас шаруа қожалығының басшысы Едіге САБУРОВ хабарласты:
– Менің 8 мың шаршы метр өнімім зая кететін болды, - дейді фермер абыржи. – Біз 1 қарашаға дейін өнімді жинап алуды жоспарлаған едік. Бірақ егер бүгін кешкісін газ бермесе, өнім зая кетеді. Әңгіме күніне 600-1000 келі қиярды жинау туралы болып отыр. Бізге ескертілген жоқ, тіпті ескертілсе де, не істей алар едік? Жылына 4 мәрте қолдану үшін бізге электр стансасын орнату ақылға қонымсыз. Бұл өте қымбат жабдық. Ешқашан қазан айында газды ажыратып көрген емес, неге бұлай жасап отыр? Біздің шаруашылығымызға 5 жыл болды, егер газды ажыратса, ертең оның жерлеу рәсіміне келулеріңізге болады. Біз қиярларды қара күзге дейін өсіруді ұйғарған едік, биыл газбен жылыту жүйесін жүргіздік. Бұл Атырау нарығындағы бірден-бір жылыжай шаруашылығы. Ең болмағанда түнгі уақытта таңға дейін газ қосуға болмай ма? Қиярларға кем дегенде 16 градус жылылық керек.
Бүгін, 1 қазанда, біз «Интергаз-Орталық Азия» АҚ Атырау магистральды газ құбыры басқармасы бас инженерінің орынбасары Мұрат ЕРІМБЕТОВПЕН хабарласқан едік:
- Сол жақ жағалауды қамтып отырған осы газ құбырының қолданылып келе жатқанына 25 жылдан асты, ешқашан бұған диагностика жүргізілмеген. Осы жазда біз қандай жағдайда екенін білу үшін диагностика жасаған едік. 20 қыркүйекте бізге тұрбаішілік ақау анықтағыш бойынша газ құбырында едәуір ақаулар бар екенін көрсеткен алдын ала есеп берілді. Мұндай жағдайда газ құбырын пайдалану өте қауіпті. Біз қыста апатты жағдай орын алмас үшін ақауларды жоюға тиіспіз. 30 қыркүйектен бастап жөндеу жұмыстарына кірістік. Қазір бізде апаттан құтқару-дәнекерлеушілер бригадасы, тұрба құбырын оқшаулау үшін 1 бригада және бақылау жасап, техникалық ақау анықтайтын инженерлік-техникалық орталықтың 3 бригадасы жұмыс істеуде.
Қалаға газ беретін газ құбырының жалпы ұзындығы – 32 км, біз 10 тұрбаны ауыстыруға тиіспіз. Алайда жұмыс барысында қосымша ақаулар анықталып, барлығы 18 тұрбаны ауыстыратын болдық (200 метрдей шамада).
Уәде етілген мерзімде үлгереміз, тіпті одан бұрын аяқтаймыз деп үміттенемін. Бригадалар тәулік бойына жұмыс істеуде, бәлкім, ертең кешке дейін қалаға газ беріп те қалармыз. Біз тұтынушылардың наразылығын түсінеміз, бірақ қыста қиналып қалмас үшін осы жұмыстарды жасауымыз қажет. Жазда газды ажыратып тастадық, диагностика жүргізу үшін камераларды ойып орнаттық. Яғни, диагностика жүргізу үшін дайындық жұмыстарын жасадық. Біз қазір газ құбырының ең қауіпті учаскелерін ауыстырып жатырмыз. Қалған учаскелер бойынша соңғы есеп бір айдан кейін келеді. Бірақ оларды ауыстыру жұмыстарын келесі жазға қалдырамыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА