Привокзальныйдағы көкөніс қоймасына тұрақ-тандыру қорынан алғашқы 5 тонна картоп түсті.
Биылғы жылы тұрақтандыру қорындағы картоп пен басқа да азық-түліктер облыстан тысқары емес, жергілікті шаруалардан алынуда. Үстіміздегі жылдың сәуірінде бағдарлама операторы боп табылатын «Атырау» ӘКК 17 шаруа қожалығымен фьючерстік келісімшарттар жасады (оның 5-і Атырау қаласынан, 5-і Махамбет және 7-і Индер аудандарынан). Солардың негізінде оларға сатып алынатын ауылшаруашылық өнімдерінің 85,9 млн теңгені құрайтын жалпы құнының 70 пайызы төленген. Бұл туралы бізге «Атырау» ӘКК директоры Абат ТАСИМОВ әңгімеледі.
Шаруашылықтардан сатып алу келесі көлемдерде жүргізіледі: 1 300 тонна картоп – 49,5 млн теңгеге; 300 тонна сәбіз – 13,9 млн теңгеге; 500 тонна пияз – 17,6 млн теңгеге; 20 тонна қызылша – 880 мың теңгеге және 50 тонна орамжапырақ – 1,9 млн теңгеге. Смета бойынша сатып алу бағасы (бір келісі үшін): картоп – 39,6 теңге, сәбіз – 46,6 теңге, пияз – 35,2 теңге, қызылша – 44 теңге, орамжапырақ – 39,6 теңгені құрайды. 12 пайыз мөлшердегі қосылған құн салығын (ҚҚС) шаруа қожалықтары төлемейді, олар үшін мұны ӘКК жасайды. Өнім жинау енді басталды. Бүгінде фьючерс негізінде 60,2 тонна картоп, 30,3 тонна сәбіз, 43 тонна пияз жеткізілді. Орамжапырақ пен қызылшаны жинауға әлі кіріскен жоқ. Шаруашылық келісімшарттары бойынша тамыржемістер мен көкөністердің бүкіл көлемін 31 қазанға дейін жеткізуі тиіс. Үлгере ме? Аграршылар үлгереміз деп сендіріп отыр.
1 тамызда тұрақтандыру қоры мәселелері жөніндегі облыстық комиссия қор өнімдерін халыққа өткізу үшін (бір келісі үшін) төмендегі бағаларды бекітті: картоп – 65 теңге, сәбіз – 75 теңге, пияз – 55 теңге, қызылша – 70 теңге, орамжапырақ – 70 теңге.
- Фьючерстік келісімшарттар бойынша түсетін өнімдер сұрыпталып, кептіріліп, «Атырау» ӘКК-нің сауда нүктелеріне жіберіледі. Бұлар «Дина», «Көктем», «Насиха» базарларындағы, «Атаба» және «Идеал» супермаркеттеріндегі «Әлеуметтік тауарлар» және «АтырауАгроСервис» ЖШС деген жазулары бар 13 сауда нүктелері, - дейді А.Тасимов. – Осылайша 55,3 тонна картоп, 2 тонна пияз және 3,6 тонна сәбіз сатылды. Мұнда 29 тонна картоп Атырау қаласында, қалғандары аудандарда өткізілді. Қазір тек Құрманғазы ауданына ғана картоп жеткізілмейді. Біз мониторинг жүргіздік: бұл аудандағы картоп бағасының бір келісі 90 теңге. Ол негізінен Астраханнан әкелінеді. Біз аудандық әкімдікпен келіссөз жүргізген едік. Олар «әлеуметтік картопты» қазан айынан бастап алатын болды.
Облыстық әкімдік фьючерстік жеткізілімге қосымша тұрақтандыру қорына 1700 тонна картоп, 120 тонна сәбіз, 1200 тонна пияз, 30 тонна қызылша және 200 тонна орамжапырақ сатып алуға шешім қабылдады. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 124 млн теңге бөлінді.
А.Тасимовтың айтуынша, шаруалар әкелетін өнімдер мұқият тексеріліп, сұрыпталып, өлшенеді. Ол үшін көкөніс қоймасында неміс өндірісінің арнайы жабдықтары бар. Бүгінде өнімнің 30 пайыздайы жарамсыз боп шығарылады. Мұндай жағдайда шаруалар фьючерстік келісімшарттарда бекітілген жеткізілім көлемін орындай ала ма? ӘКК басшысының айтуынша, егіс науқаны кезінде шаруаларға фьючерстік келісімшарттарда бекітілген көлемнен екі есе көп көлемде отырғызу жөнінде шарт қойылған екен. Сондықтан бұл тұрғыда қауіптенудің жөні жоқ көрінеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ