
Атырау облысы бойынша Экология департаменті «Транс Ойл Терминал» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады.
Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Кәсіпорын нысанында негізгі ластаушы заттар бөлінетін қазандық қондырғысында өндірістік шығарындылардан сынама алуға арналған арнайы штуцердің жоқ екені белгілі болды. Бұл — экологиялық мониторинг және бақылау талаптарының бұзылуы.
Сонымен қатар, компанияның өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына жер асты суларының күйін бақылау енгізілген. Алайда ұсынылған зертханалық хаттамаларда фондық көрсеткіштер және фондық ұңғымалар бойынша бақылау нәтижелері болмаған. Бұл жер асты суларының сапасын толық бағалауға мүмкіндік бермеген және экологиялық заңнама нормаларының бұзылғанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, «Транс Ойл Терминал» ЖШС 2024 жылдың III тоқсанына арналған өндірістік экологиялық бақылау есебін заңда белгіленген мерзімде тапсырмаған.
Қосымша анықталған мәлімет бойынша, компания экологиялық рұқсатсыз және белгіленген лимиттерсіз мұнай шламын заңсыз жинақтап, сондай-ақ 2024–2025 жылдары қазандықтарды тазалау кезінде ластаушы заттарды рұқсатсыз шығарған.
Анықталған құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша Атырау облыстық экология департаменті 15 474 615 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Айыппұл толық көлемде өндірілді.
В Атырау +4