Сириядағы жағдай бейбіт түрде шешілуі тиіс.
Соғыс салдарынан 100 мың адам қаза тауып, миллиондаған бейбіт тұрғын босқын болып жүр. БҰҰ-ның кезекті сессиясында ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун осылай деп мәлімдеді. Әлемнің 200-ге жуық елінен келген мәртебелі меймандардың алдында сөз сөйлеген бас хатшы Сирия үкіметін химиялық қарудан арылуға шақырды.
Қоршаған ортаны қорғау мақсатында энергетика саласын жаңа сатыға көтеру маңызды. Сондай-ақ халықаралық құқық жүйесін нығайтып, Сириядағы соғысқа тосқауыл қою керек. Сессияның күн тәртібіндегі маңызыды мәселелер осындай болды. Әлем көшбасшылары бас қосқан алқалы жиында жаһан назарын өзіне аударған Сириядағы ахуал көп айтылды. Жиында сөз сөйлеген БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун алдымен бір жыл бойы атқарылған шаруаларды баяндап, келешекте еңсеретін мәселеге тоқталды. Өз сөзінде бас хатшы Сирия үкіметі мен оппозициясының бір мәмілеге келіп, химиялық қарудан арылуға шақырды.
Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы:
- Сириядағы қантөгісті тоқтату қажет. Себебі соңғы екі жылда жүз мыңдаған адам қаза болып, жеті миллионнан астам халық елден қашып, босып жүр. Егер бұл сұмдық осылайша жалғасса, онда бұл сан 2-3 есе өсетіндігі белгілі. Ал соғысқа тосқауыл болу үшін барлық мемлекет жұдырықтай жұмылып, үлесін қосуы керек. Мен Сирияға қару-жарақ тасымалдау мәселесін айтып тұрмын. Демек, осы елге қару жеткізудің жолын кесу – басты міндет. Сондықтан бәріңізді қарусыздану мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын.
Халықаралық саяси маңызы бар жиында сөз алған АҚШ Президенті Барак Обама да Сирия мәселесін қозғады. Ол бұл іске БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің араласып, тараптарды жөнге салатын кез келгендігін жеткізді. Жаппай қырып-жоюды халықаралық бақылауға алып, БҰҰ түйткілдің түйінін тарқатуға ықпал етуі тиіс екендігін айтты.
Барак Обама, АҚШ Президенті:
- Сириядағы қақтығыс салдары азаматтық соғыстың жандануына ықпал етті. Бұл жағдайды елдегі экстремистер өз пайдасына қолданып отыр. Сондықтан әлемдегі тыныштыққа жауапты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл мәселені өз бақылауына алуы тиіс. Тіпті, батыл қадамдарға барып, Башар Асадтың әрекетін жіті қадағалауға алуына да аталған кеңестің құзіреті жетеді. Ал олай болмаған жағдайда БҰҰ халықаралық құқықты қамтамасыз етуге қауқарсыз екендігін көрсетіп, беделіне нұқсан келтіреді.
Ушыққан мәселеге нүкте қоюда әлем қауымдастығы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне үміт артқан тұста, қазақ елі аталған кеңеске тұрақты емес мүше болуға талпынуда. Кеңес халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке жауапты. Алқалы жиынға арнайы келген ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шетелдік бірқатар әріптесімен екіжақты кездесу өткізді. Жүздесу барысында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу ниетімен бөлісіп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдету тетіктерін талқылады. Айта кетейік, еліміз бұл беделді кеңеске 2017-2018 жылдары мүше болуды көздейді.
Дереккөз: 24.kz