Атырау, 10 желтоқсан 23:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Дәуір өткенмен «хрущёв» үйлері әлі тұр

4 638 просмотра

Дружба көшесі, №5 үй көз алдымызда үгітіліп барады

Бұл пәтерлердің тұрғындарын үрей билегелі қай заман. Атам заманғы үйдің қабырғасы омырылып ортасына түсер қорқынышты сәті қашан орын алады екен? Тұрғындардың алаңдауы орынды. Өйткені, қалалық «хрущев» үйлерінің балкондары мен күнқағарлары үгітіліп, үнемі қалалықтарға зақым келтірердей құлап жатады.

«Хрущёв» үйлері 1959-1985 жылдар аралығындағы кезеңде салынды, әсіресе, олардың құрылысы 60-шы жылдары қарқынды жүргізілді. Ал, халықтың оны осылайша атауына сол кездегі Никита Сергеевич Хрущевтің «Жобалау мен құрылыста шамадан тыс шығындануға жол бермеу жөніндегі» қаулыға қол қоюы себеп болды. Құрылысшыларға жедел түрде ешқандай сәулеттік ізденіссіз көппәтерлі үйлерді салу жүктелді. Олар негізінен 1 және 2 бөлмелі, төбесінің биіктігі 2,48 метр және кішкене 4,5-6 текше метр ас үйлі болып келеді. Ондай «хрущев» үйлердің ас үйлерінің терезесінің астында азық-түліктер сақтайтын «қойма шкафтар» болатын. Бұл шкафтың сыртқы қабырғасының қалыңдығы әдетте жарты тас болады және ол салқын күндері тоңазытқыш міндетін де атқаратын. Тағы бір ол үйлерге тән ерекшелік- ас үйде  канализация құбырлары тар жерде абажадай болып үлкен орын алып тұр. Баспалдақтардың ені мен баспалдақ алаңдарының көлемі кішкентай-ақ. Кіреберіс дәліздің тарлығы сондай, кірген екі адам әзер дегенде сияды. Бөлмелер «вагон» типті жобаланған. «Хрущёв» үйлері арзан және тез салынды және сол кезде ол үйлер коммуналды пәтерде тұратын адамдар үшін арман болған еді.

Алайда, содан бері қаншама жылдар өтті, уақыт өзгерді, ал, қазір «хрущёв» үйлері байырғы көне үйлер болып қалды. Тіпті, олар қауіпті бола бастады, өйткені, пайдалану мерзімі баяғыда-ақ біткен болатын. 2007 жылдың көктемінде Маслопромдағы екі қабатты үйдің біреуінің күнқағары соның астында тұрған екі қыздың үстіне құлап кетті. 2009 жылдың 3 маусымында Құнанбаев көшесіндегі №2-ші төрт қабатты үйдің балконы омырылып түсті. Ондай жағдайлар жыл өткен сайын артып келеді. Дегенмен, атыраулықтардың біраз бөлігі әлі де осы өткен дәуірдегі көненің көзіндей болған «жәдігер» үйлерде тұрып жатыр.

«БІЗДЕРДІ АПАТТАН ҚҰТҚАРА КӨРІҢІЗДЕР!»

Дружба көшесіндегі №5-ші сондай екі қабатты үйдің бірінде біз болып қайттық. Үй иесі, айталық Катя тәтей бұл жерде баяғыдан бері тұрып келеді. Сондықтан да ол өздері тұрып жатқан үйлерінің сырын бес саусақтай біледі. «Қыста пәтерлер салқын, батарея тек жылымшы күйде ғана болады. Көктемнің келуін түсқағаз жапсырумен бастаймыз. Олай болмаса тағы болмайды. Бөлменің іргесіндегі қарайып-көгеріп кеткен жерлер үнемі пайда болып тұрады. Ал, жазда керісінше, өте ыстық, қапырық болады. Үй қабырғаларының жұқалығы сонша, біздің бүкіл өміріміз барлық көршілердің талқысына түседі. Оның үстіне біздерде су көтерілмейді, су арыны баяу. Желдету де нашар, тұрбалардан үнемі су тамшылап тұрады, жарық жиі-жиі сөнеді».

Катя тәтейдің бірінші қабаттағы көршісі өз үйінің отырғандығы соншалық, жерге кіріп кеткендігін айтады.

- Сіздердің ПИК-іңіз қайда қарап отыр?

- Бізде ол жоқ! Қайда баяғыдан-ақ болған жоқ. Ешкім біздің үйлерді алғысы келмейді, оны жөндегеннен күреп тастаған он есе артық болар.

«ҚАШАН БОЛСА ДА КҮРЕЛЕР»

«“Хрущев”үйлерінің көпшілігіне ПИК қызметі көрсетілмейтіндігін мен жоққа шығармаймын, -деп жағдайға түсінік берді ПИК ассоциациясы төрағасы Асылбек МҮЛІКОВ. – Оған басты себеп – коммуналдық проблемалардың жеткілікті болуы. Ол үйлер тозығы жеткен, өте ескі үйлер, соған сай барлығы да тозып біткен».

- Атырауда 16176 пәтерден тұратын 285 «хрущев» үйлері бар, - дейді қалалық ТКШ бөлімінің бастығы  Жұмабай ҚАРАҒАЕВ – Екі-, үш, төрт және бес қабатты үйлер қаланың барлық аудандарында орын тепкен. Азаттық даңғылы, Шарипов және Шамин көшелеріндегі үйлердің көпшілігі осы «хрущев» үйлерінен тұрады.

Қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы Бақтыбай ДҮЗЕЛБАЕВТЫҢайтуынша, ондай үйлердің кейбіреулері, әсіресе, бір, екі  қабатты үйлер апатты жағдайда деп танылып, күреліп тасталды. Олардың орнына бес, тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынды.

«Хрущёв» үйлердің қала келбетінен мәңгіге қашан өшетіні және сол үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге орналастырыла ма деген біздің жазбаша сауалымызға облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Асқар ДОСБАЕВ қысқаша жауап қайтарды: «Бұл ғимараттарды бағалау жөніндегі комиссия құрылды. Оның қорытындысы әлі шығарыла қойған жоқ».

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

Жуынатын бөлмеге тек унитаз бен ванна ғана сияды, ал  қол жуғышқа орын жоқ

Мына көлікжайлар қатарынан сол маңдағы үйлердің тұрғындары жанға жайлы үлкен үйді көруді армандайды

27 сәуір 2011, 20:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.