Атырау, 12 қазан 14:30
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Патентке енді эмиссия төлемақысы қосылды

4 460 просмотра

Қоршаған ортаға эмиссия үшін 2006-2010 жылдар аралығындағы мерзімге төлемақы төлеу қажеттілігіне алаңдаған таксистер тобы «АЖ»-ға хабарласқан еді.

Олар қандай заңды негізде және неліктен соңғы бес жылдағы мерзім үшін төлемақы төлеулері қажет, төлем мөлшерін қалай есептеу және оны қалай дұрыс рәсімдеу керек – тасымалдаушыларды осы мәселелер мазалап отыр.

«Өткен жылдың аяғында маған табыс туралы анықтама қажет болды. Осы қағазды алу үшін салық департаментіне барғанмын. Ол жерде маған қоршаған ортаға эмиссия төлемегендігім туралы наразылық білдіріп, 42 мың теңге айыппұл жазып берді. Ол туралы мен алғаш рет естіген едім. Табыс туралы анықтаманы айыппұлды төлегенімше берген жоқ. Менімен қатар тағы үш жолдасыма да автомобильдің маркасы мен шыққан жылына қарамастан сол 42 мың теңге сомасында айыппұл жазды», - деп әңгімелейді жеке кәсіпкер-такси жүргізушілердің бірі.

Өндірістік емес төлемдер мен арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының бастығы Ербол ЖҰМАБЕКОВТІҢ айтуынша, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем Салық кодексінің 493-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. «Қазақстан Республикасының аумағында қызметін арнайы табиғат пайдалану тәртібімен жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады. Салық кодексінің 494-бабының негізінде салық салу объектісі белгіленген нормативтер шегінде және (немесе) одан артық мөлшерде қоршаған ортаға эмиссиялардың нақты көлемі болып табылады»,- дейді Е. Жұмабеков. – Жолаушылар мен жүктерді көлікпен тасымалдау бойынша қызмет көрсететін таксистер қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы төлеушілер боп саналады. Олар салық органдарына тиісті декларацияны ұсынуы тиіс. Декларациялар тоқсан сайын, есеп тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады. Егер салық төлеуші құжатты қағаз түрінде әкелсе, онда екі данада болуы керек  Оның бір данасы салық төлеушіге салық органының белгісі қойылып қайтарылады. Егер декларация электронды түрде болса, онда оны салық комитетінің сайтындағы салық төлеушінің кабинеті арқылы немесе салық есептілігін қабылдау мен өңдеу жүйесі – барлық салық органдарында болатын салық төлеушілердің терминалы арқылы үйден тапсыруға болады. Эмиссиялар екінші деңгейлі кез-келген банкте төленеді».

Қозғалмалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындылары үшін төлемақы пайдаланылған 1 тонна отын үшін арнайы мөлшерлеме бойынша есептеледі:этилденбеген бензин үшін - 0,33 АЕК, дизель отыны үшін - 0,45 АЕК, сұйытылған, сығылған газ үшін - 0,24 АЕК. Сонымен қатар жергілікті өкілетті органдардың мөлшерлемелерді екі есеге дейін көтеруге құқықтары бар. Атырау облыстық мәслихатының 2010 жылдың 27-қаңтарындағы №306-IV шешіміне сәйкес, мөлшерлемелер төмендегідей көлемді құрайды (пайдаланылған 1 тонна үшін мөлшерлеме):этилденбеген бензин үшін - 0,66 АЕК, дизель отыны үшін - 0,9 АЕК, сұйытылған, сығылған газ үшін - 0,48 АЕК.

Жүргізушілерді мына мәселе алаңдатады: олар пайдаланылған бензин мөлшерін қалай дәлелдей алады? Өйткені бірнеше жыл ішіндегі жанар-жағармай стансаларының чектерін олардың ешбірі сақтамаған. «Мұндай жағдайда өткен жылдар ішінде салық төлеуші өз көлігіне кететін отынның орташа шығын сомасын бағдарлап өзі көрсетуі керек. ҚР Салық кодексінің 496-бабының 1-тармағында төлемақы төлеушілер төлемақы сомасын қоршаған ортаға эмиссияның нақты көлемдерін және белгіленген мөлшерлемені негізге ала отырып дербес есептейді делінген, - дейді Ербол Жұмабеков. – Ал әрі қарай таксистер есепті тиісінше, тоқсан сайын тапсырып отыруы тиіс.

Айтпақшы, тоқсан сайынғы төлемақы мөлшері көп болмай шыққан – біреуіне 156 теңге, біреуіне 300 теңгеден есептеген. «Бұл сома, әрине, көп емес. Біз заңды құрметтейтін азаматтар ретінде төлеуге дайынбыз. Оның үстіне онсыз да патент үшін және т.б. төлемдерді үнемі төлеп тұрамыз. Бірақ осыншама көп мөлшердегі 42 мың теңге айыппұл қайдан шыққан?» - деп таңданады таксистер. «Әрбір нақты жағдай бойынша жеке шешу керек. Алайда тек эмиссияны төлемегендігі үшін айыппұл салмайтынымызды, тек ескертумен шектелетінімізді атап өткім келеді. Бұл жаза салық төлеуші есептілік бойынша басқа да құқықбұзушылықтар жіберген жағдайда, яғни бірнеше құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша қолданылады», - деп растайды қалалық салық басқармасы бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Берік ЖҰМЖАЕВ.

Салық қызметкерлерінің айтуынша, зиянды шығарындылар үшін төлемақы қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары бұрын да жүргізілген. Алайда соңғы кездері шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлінетіндіктен, бұл бағыттағы жұмыс жанданған. Соңғы бес жылдағы эмиссияны төлеу талабына келер болсақ, ҚР Салық кодексінің 46-бабының 2-тармағына сәйкес, салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі бес жылды құрайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 сәуір 2011, 20:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.