Атырау, 5 желтоқсан 13:11
 бұлттыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Банктер несие беруді тоқтатып жатыр

295 рет қаралды

Қазақстанда банктер бірінен соң бірі ипотека беруді және клиенттерден өтініш қабылдауды уақытша тоқтатып тастады. Банктердің бір бөлігі барлық ипотекалық бағдарламасын тегіс жапса, басқасы серіктес құрылыс компанияларымен арадағы келісім бойынша тек соның жаңа тұрғын үй кешендерін несиелендіруді ғана қалдырды, деп жазады inbusiness.kz.

Бұған не себеп?

Қазақстанның Ұлттық банкі 10 қазанда, күтпеген жерден базалық ставканы бұрынғы 16,5%-дан 18%-ға дейін күрт көтерді. Тосын болғаны, тіпті Ресейдің өзінде орталық банкі шешуші ставканы (ключевая ставка) таяуда 17%-ға дейін төмендетті және жыл соңына дейін 15 пайызға дейін түсіруге ниетті.

Алайда бас банкир Тимур Сүлейменовтың командасы базалық ставканы күрт көтеруге өздерін инфляцияның ырық бермей, ары қарай шарықтауы, сұраныстың шектен тыс өсуі мәжбүрлеп отырғанын мәлімдеді. Оның үстіне ұлттық валюта да қатты құнсызданып барады, ставканы көтеру оған демеу болуға тиіс.

Бұған қоса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылғы 1 қарашадан бастап, тағы бір шектеу енгізуді жоспарлап қойды. Оған сәйкес, ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ немесе орысша ГЭСВ) ең жоғарғы шегі бұған дейінгі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілуге тиіс. Осы арқылы Үкімет халыққа арналған кредиттер құнының өсуін ұстап қалуға тырысып жатыр.

Неге банктер ипотека беруді доғарды?

Ұлттық банктің базалық ставканы күрт көтеруі банктердің кредит беруден табатын маржасын (депозит түрінде тартқан қаржының құны мен ипотека ставкасы арасындағы айырманы) қатты азайтты.

Егер қаржылық реттеуші ЖТСМ-нің максималды шегін 20%-ға түсірсе, табыс-маржасы тіпті мардымсыз болып қалуы мүмкін. Өйткені базалық ставка – 18%. Сондықтан банктер үшін ипотека беру енді экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды.

Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер ең алдымен қайталама нарықтағы баспанаға ипотека беруді жауып тастауда. Жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтер үшін несиені табуға болады, бірақ ол қымбаттады. Оның өзінде әр банк негізінен серіктес құрылыс компаниясының баспанасын қолдайды. Басқасынан бас тартуда.

• Altyn Bank қайталама нарыққа ипотека беруге өтініш қабылдамайды. Тек бастапқы нарықтағы серіктестік бағдарламалары бойынша ипотека қалған.

• ЦентрКредит банкі "техникалық себептерге" байланысты деп, барлық ипотекалық бағдарламасын уақытша жапты. Тек мемлекеттік "7-20-25" бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрғандардан өтініш қабылдайды.

• Нұрбанк ипотека беруді және жаңа өтініштерді қарауды уақытша доғарды.

• ForteBank-те ақшаны кепілге қойып несие алуды қосқанда, ипотекалық бағдарламалар уақытша тоқтатылған.

• Freedom Bank Kazakhstan өзінің "Фридом" холдингінің қызметкерлері мен жалақылық клиенттерінен ғана қайталама нарық бойынша өтініш қабылдайды. Басқасының бәрі үшін өтініш қабылдау уақытша жабылды.

Осындай жағдай өзге де банктерде қалыптасуда. Банктердің байланыс орталықтарының операторлары өтінішіне кепілдікті хат алған клиенттер үшін ғана қарыз берілетінін нақтылады. Жаңа өтініштер және алдын ала мақұлдау алған өтініштер қанағаттандырылмайды.

Сонымен бірге ипотекалық несиелендірудің қашан қайта басталатынын да банктер айтпады. Қайта ашылса, кредит беру шарттары өзгере ме, ол да белгісіз.

Осылайша, бүгінде қайталама нарықтағы баспанаға ипотека алуға өтінішті тек "Отбасы банкіне" беруге болады. Оның өзінде несие біраз уақыт жинақ жинағандарға ұсынылатыны белгілі.

Экономист Эльдар Шамсутдинов Krisha.kz-ке сұхбатында ипотека нарығында қалыптасқан дағдарысты Ұлттық банктің базалық ставканы көтеру туралы шешімі туындатқанына назар аудартты.

"Бұған сондай-ақ қаржы секторындағы табыстылықтың күрт өзгеруі де ықпал етті. Банктердегі ағымдағы ипотека ескі параметрлерге (ЖТСМ 17-18%) құрылған, алайда нарықтағы ақшаның шынайы құны Tonia (банктер арасындағы бір күндік заем бойынша орташа ставканың көрсеткіші, ол банктер үшін ақша құны қанша тұратынын көрсетеді) бойынша 16,9%-ға жетті. Тиісінше, кредитті ескі ставкалармен беру дегеніміз – зиянға жұмыс істеу деген сөз. Реттеушінің саясаты да ары қарай қатайтылуда", – деді экономист.

Оның пікірінше, егер Ұлттық банк базалық ставканы 18%-да ұзақ ұстаса немесе тіпті одан да өсірсе, онда жаңа ипотекалар 20-22%-бен беріле бастауы ықтимал.

Қарапайым халық мұндай қымбат қарызды көтере алмайды, ипотека алғысы келіп отырғандар ол жоспарын кейінге ысырады. Осыдан нарық біршама "салқындайды". Банктер несиелендіру моделдерін қайта құрады.

Сарапшы халыққа ипотека бермесе, банкирлердің қылы да қисаймайтынына назар аудартты. Өйткені олар үшін еш тәуекелсіз табыс табуға мүмкіндік беретін басқа құралдар бар.

"Бүгінде банктерге ипотека беріп, оған қызмет көрсеткеннен, жай ғана арбитраждан – екі ставканың айырмашылығынан табыс табу әлдеқайда жеңіл. Ұлттық банктің құралдарына 17%-бен орналастырып, кредиттік еш қауіп-қатерсіз ақша жасай алады. Тегін ағымдағы шорттар арқасында ірі банктерде қорландырудың орташа құны 10-12% ғана. Бұл банктерге ешкімге ешқандай кредит бермей-ақ, яғни, еш қиналусыз 3-3.5 пайыздық пункт көлемінде таза маржа тауып отыруына мүмкіндік береді", – деді Эльдар Шамсутдинов.

Оның түсіндіруінше, Ұлттық банктің банкирлерге ұсынатын құралдарының табыстылығы ары қарай да кредиттерден түсетін таза табыстан жоғары бола берсе, онда банктерге өз ақшасын реттеушіге апару тиімді болып қала береді. Мұндай жағдайда банкирлер ипотеканы табыстың емес, шығынның қайнары ретінде қабылдайды.

Ипотека қайтадан берілуі үшін не істеу керек?

Экономисттің байламынша, бұл үшін Ұлттық банк өтімділік-ликвидтілікті қысқартуға тиіс, сондай-ақ стерилизациялау бойынша ставканың заемдар бойынша табыстылықтан асып түсуі тоқтауы қажет. Сонда банктер белсенді несиелендіруге қайта оралады.

15 қазан, 10:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.