Атырау, 5 желтоқсан 13:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Төлемдер өсіп кетті: тарифке не әсер етеді және суық батарея үшін қайда шағымдануға болады

402 рет қаралды
Көрнекі сурет

Қазақстанда жылыту маусымы басталды, демек түбіртектерде қосымша сома қайта пайда болады. Бірақ коммуналдық төлемдер онсыз да айтарлықтай қымбаттап кеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жыл ішінде суық су 82%-ға, жылу мен газ – 11%-ға, ыстық су – 7%-ға өскен. Маусым айында инфляция деңгейі 11,8%-ға жетті. Тарифтердің көтерілуі әсіресе отбасы бюджетіне ауыр тиіп отыр.

Неге әр қалада тариф әртүрлі? 

- Тариф көптеген фактордан құралады, әр қалада жағдай басқа. Ең үлкен үлесі – отын. Бір жерде көмір жағады, бір жерде газ немесе мазут қолданылады, олардың бағасы әртүрлі. Сондай-ақ құбырлардың ұзындығы мен тозуы да маңызды: құбыр көп әрі ескі болса, жөндеу мен электр шығыны көбірек болады. Аймақтағы жалақы деңгейі де ескеріледі. Сондықтан Астанадағы тариф Алматы немесе Жезқазғаннан өзгеше болуы қалыпты.

Пәтердегі жеке есептегішті өшірсем, мүлде төлемесем бола ма? 

- Жоқ. Жеке есептегіш тек сіздің пәтердегі жылу шығынын көрсетеді. Бірақ батареяны жауып тастасаңыз да, үйдің ортақ қажеттілігіне (подъезд, жертөле, шатыр) төлеу міндетті. Бұл шығын барлық тұрғындарға пәтердің аумағына қарай бөлінеді. Ал батареяны өз бетіңізше ажырату заң бойынша тыйым салынған, себебі ол бүкіл үйдің жылу сапасына әсер етуі мүмкін.

Үйге қойылатын ортақ есептегіш деген не? 

- Бұл – үйдің кіреберісіне қойылатын құрылғы. Ол бүкіл үйге кірген жылуды есептейді: су температурасы мен көлемін өлшейді. Кейін деректер бөлінеді: егер пәтерде жеке есептегіш болса – оның көрсеткіші және ортақ шығын қосылады; болмаса – төлем пәтердің аумағына қарай есептеледі.

Неге көршім аз төлейді, ал біз бірдей пәтерде тұрамыз? 

- Бұл тек аумаққа емес, бүкіл үйдің жүйесіне байланысты. Егер ортақ есептегіш болса, төлем бүкіл үйдің нақты жылу шығынына сай бөлінеді. Мысалы, кіреберістің есігі ашық тұрса, шатырдағы терезе жабылмаса, жылу сыртқа кетіп, есептегіш көп шығын көрсетеді. Жүйе нашар реттелсе де – жылу көп жұмсалады. Сондықтан бірдей үйлерде тариф әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бір үйдің ішінде бірдей аумақты пәтерлердің төлемі өзгеше болмайды.

Пәтер суық, ал мен уақтылы төлеймін. Не істеу керек? 

- Жылу үйге дейін жеткізіледі, ал үй ішіндегі құбыр мен батареяға ПИК немесе МИБ жауапты. Құбыр ескі болса, бітеледі де, батарея қызбайды. Сондай-ақ кіреберіс пен шатырдағы терезе ашық тұрса, жылу жоғалады. 

  • – Алдымен ПИК/МИБ-ке жазбаша шағым беру керек. 
  • – Батарея температурасы мен құбыр жағдайын тексеруді талап етіңіз. 
  • – Жүйеге жөндеу 15 жылда бір рет жасалуы тиіс, бірақ іс жүзінде сирек орындалады.

Егер мәселе шынымен жылу компаниясынан болса (үйге тиісті мөлшерде жылу берілмесе), онда қайта есептеуді талап етуге болады. Қайта есептеу тек маусым соңында жасалады, ал үйде ортақ есептегіш болмаған жағдайда сыртқы ауа температурасына қарай есептеледі.

Қайта есептеу үшін не істеу керек? 

– Суық болғанын бір тәуліктен кешіктірмей тіркеу керек. – Заявкада үйдің мекенжайын, күнін, уақытын, мәселені жазу керек. – Оны жылу компаниясына беру қажет.

Олар деректерді журналмен және құрал көрсеткіштерімен салыстырады. Расталса – қайта есептеу жасалып, төлем түбіртегінде түзетіледі. Егер компания әрекет етпесе, акиматқа шағымдануға болады.

Неге жылу тарифі жыл сайын өседі?

— Тарифтің көтерілуі «артық табыс табу үшін» емес, нақты себептерге байланысты.

Біріншіден, инфляция. Отын, электр энергиясы, материалдар қымбаттайды, қызметкерлердің жалақысы өседі.

Екіншіден, желілердің тозуы. Құбырлар мен қазандықтарды үнемі жөндеп, ауыстырып отыру керек, әйтпесе апаттардан құтылу мүмкін емес.

Үшіншіден, инвестиция. Тарифтің бір бөлігі жабдықты жаңартуға, жүйені модернизациялауға жұмсалады. Бұл – жылудың үйлерге тоқтаусыз жетуі үшін қажет.

Заң бойынша компания бағаны өз бетімен көтере алмайды. Ол тек есеп жасап, уәкілетті мемлекеттік органға тапсырады. Барлық шығындар мұқият тексерілгеннен кейін ғана тариф бекітіледі.

Тарифті көтеруге негіз болатын себептер:

  • көмірдің, газдың немесе электр энергиясының қымбаттауы,

  • жабдықтардың тозуы, күрделі жөндеу немесе ауыстыру қажеттілігі,

  • экология мен қауіпсіздік бойынша жаңа талаптар,

  • салықтар мен міндетті төлемдердің өсуі,

  • аймақтағы жалақы деңгейінің көтерілуі (статистика негізінде).

Тарифті шын мәнінде кім бекітеді?

— Жылу компаниясы бағаны өздігінен қоя алмайды. Олар барлық шығындарды негіздеп, есеп дайындайды да, оны уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.

Сол жерде мамандар әрбір көрсеткішті мұқият тексереді: отын қанша тұрады, жалақы деңгейі қандай, жөндеу жұмыстары мен салықтарға қанша қаражат қажет.

Егер артық сома немесе негізсіз шығын болса, ол қабылданбайды. Барлық тексеруден кейін ғана тариф бекітіліп, күшіне енеді.

Оған қоса, бұл процесс ашық қоғамдық тыңдаулар арқылы өтеді — онда тұрғындар сұрақ қойып, пікір білдіре алады.

Тарифтің қай бөлігі қайда жұмсалады? 

– Жылу тарифінің құрылымын бөлсек: 39,2% – қызметкерлердің жалақысы мен салықтары. – 3,2% – ағымдағы жөндеу. – 16% – жүйені жаңарту және күрделі жөндеу. – 41,8% – отын, электр, су және қазандық жұмысына кететін шығындар.

Бұл шығындардың бір бөлігі тек тарифтен ғана емес, қосымша бюджеттен де өтеледі.

Ал қалған 41,8% – отынға, электр энергиясына, суға және қазандықтар мен желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады.

Яғни, тарифтің әрбір пайызы нақты мақсатқа бағытталған: жалақы, жөндеу, жаңарту және үйлерді жылумен қамту.

9 қазан, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.