
Дүниежүзілік сүйек кемігі доноры күні қарсаңында Ұлттық тіркелімге тіркелген Атырау тұрғыны Айнұр Қонарбекова 13 жастағы "жедел лейкозбен" ауырған балаға донор болды.
Жуырда көптен күткен қоңырау келді: оның ДНҚ-сы 2012 жылы туған балаға сәйкес шығыпты. Барлық тексерулер мен талдаулардан кейін қыркүйек айының басында трансплантация жасалды.
Туыстық байланысы жоқ донор мен науқастың сәйкестігі 10 мың адамның бірінде ғана кездеседі. Қазақстанда қазіргі таңда тіркелімде 11 мыңнан астам адам бар, жыл сайын оған шамамен 1,5 мың жаңа ерікті қосылады. Алайда, елімізде жылына орта есеппен тек үш рет қана туыстық емес донордан сүйек кемігі ауыстырылады.
«АЖ» анықтамасы
Астанадағы Қан орталығының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 300-ден астам науқасқа сүйек кемігін трансплантациялау қажет, олардың жартысы – балалар. Донорлардың ұлттық тіркелімі он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.
– Маған қоңырау шалғанда, еш ойланбастан келістім. Өйткені бір жерде сенің жасушаларың – бір баланың өмір сүруіне жалғыз мүмкіндік екенін түсінесің. Процедура қауіпсіз, ауырмайды. Ал оның нәтижесі бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Бұл мен үшін ерлік емес, табиғи шешім: егер біреуге өмір сыйлай алсаң – соны жасау керек, – дейді Айнұр.

Ережеге сәйкес, донор мен пациент құпия болып қалады. Олар бір-бірі туралы тек үш жылдан кейін ғана біле алады.
Генетикалық сыңары
– Сүйек кемігі доноры болу жолыңыз қалай басталды?
– Бәрі қан тапсырудан басталды. Алғаш рет оны өрттен зардап шеккен әріптесім үшін тапсырдым (Айнұр мұнай-газ компаниясында инженер болып жұмыс істейді. – Авт.). Кейін бұл әдетке айналды, сол кезде сүйек кемігі донорлығы туралы да сұрастыра бастадым, қауіптері мен салдары жайлы көп оқыдым. Процедураның қауіпсіз екенін, ал сүйек жасушаларының екі апта ішінде толық қалпына келетінін білдім. Содан кейін Алматыдағы Қан орталығына барып, мені тіркелімге енгізуді сұрадым. Типтеу үшін қан тапсырдым, сөйтіп Ұлттық тіркелімге енгізілдім. Қазір онда шамамен 11 мың адам бар.
– Бұл тіркелімнің пациенттер үшін маңызы неде?
– Лейкоз немесе басқа ауыр дертке шалдыққан науқастар үшін сүйек кемігін ауыстыру – аман қалудың жалғыз мүмкіндігі. Әуелі сәйкестікті туыстарынан іздейді, бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Сол кезде дәрігерлер донорлар базасына жүгінеді. Сәйкестік шынымен де сирек болады, сондықтан көп адам тіркелімде жылдар бойы тұрса да, шақырту алмайды.
– Сіз донор ретінде сәйкес екеніңізді білгенде, ары қарай не болды?
– Тамыз айының басында Қан орталығынан қоңырау шалды: сәйкестік 100% шыққан екен. ДНҚ-ны растау үшін қосымша анализ тапсыруымды сұрады. Содан кейін трансплантация жасау үшін күн белгіленді.
Баланы алдын ала дайындаған: донор жасушаларына орын босату үшін химия терапиясы курсымен оның өз дің жасушаларын толық жойған. Осы сәтте донордың бас тартпауы өте маңызды, әйтпесе науқастың тірі қалу мүмкіндігі болмайды.

– Сізден қандай дайындық талап етілді?
– Маған ауыр сырқаттарға, соның ішінде туберкулез, ЖИТС, гепатит сияқты ауруларға арналған шамамен 25 анализ тізімі берілді. Барлығын тегін тапсырдым, тек бір тестке ақша төледім — кейін оны қайтарды. Атыраудан Астанаға және кері жолдағы билеттерді де демеушілер төледі. Астанада мені дереу госпитализациялады: бес күн бойы сүйектен қанға дің жасушаларының шығуын ынталандыратын арнайы препараттар енгізілді.
– Ал процедура қалай өтті?
– 9 қыркүйекте кушеткада жеті сағаттай отырдым: қан аппарат арқылы шығарылып, дің жасушалары бөлініп, қан қайтадан кері құйылады. Келесі күні процедура шамамен алты сағатқа созылды. Ауырсыну болмады. 10 қыркүйек кешке Атырауға оралдым, ал 11 қыркүйекте балаға трансплантация жасалды.
Жасушаларды 99% жағдайда арнайы аппараттың көмегімен көктамыр арқылы алады. Процедура 4–5 сағатқа созылады, ал донордың жасушалары 10–14 күн ішінде қалпына келеді.
– Сіз көмектескен адамның атын білесіз бе?
– Ережеге сәйкес, донор мен пациент үш жыл бойы аноним болып қалады. Маған тек оның ұл бала екенін және жасын ғана айтты, ол Алматыда емделіп жатыр. Оның ұзақ та бақытты өмір сүргенін шын жүректен қалаймын.
Айнұрдың оқиғасы бір адамның кішкентай әрекеті де басқа біреудің өмірін түбегейлі өзгерте алатынын көрсетеді. Ұлттық сүйек кемігі донорларының тіркелімі көбейіп келеді, бірақ жаңа қатысушыларға сұраныс әлі де жоғары. Әр жаңа донор – аурумен күресіп жатқан балаға немесе ересек адамға өмір сыйлайтын мүмкіндік.
Айнұр САПАРОВА
«АЖ» анықтамасы
Салыстыру үшін:
- Қазақстанда – әр 2 000 адамға 1 донор;
- Германияда – әр 16 адамға 1 донор;
- АҚШ-та – әр 32 адамға 1 донор;
- Израильде – әр 9 адамға 1 донор.
Донор бола алатындар: жасы 18–45 аралығында, салмағы 50 ккеліден жоғары, ауыр сырқаты жоқ адамдар (онкология, туберкулез, гепатит және т.б.).
Тіркелімге тіркелу үшін аймақтық Қан орталығына барып, анкета толтырып, қан тапсыру жеткілікті. Сәйкестік бір жылдан кейін, он жылдан кейін болуы немесе ешқашан болмауы да мүмкін.
В Атырау +1