Атырау, 5 желтоқсан 15:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда да брокколи өседі: жергілікті фермер пайдалы өнім егуге көшті

Бейнежазба
431 рет қаралды

Атырауда жергілікті фермер брокколи өсіріп шығарды. Бұл туралы ол Treadste-те хабарлады. Азамат Есмұратов өзінің егін алқабында брокколи өсіп шыққанын қуана жеткізгенде, мен де шын қуандым. Себебі, дәрігер жақыныма жазып берген диета бойынша брокколи пайдалы екені көрсетілген. Атырауда брокколидің бір келісі 3000 теңгеден кем түспейді. Қымбат. 

Сол себепті, жергілікті өнім бағасы оған қарағанда әлдеқайда арзан бола ма деген үміт пайда болды. Рас. Мен Азаматтың өзімен жақынырақ танысып, қожалығы туралы, Қазақстанға сырттан әкелінетін брокколиді қалай жерсіндіргенін білуге асықтым.

Азаматтың мамандығы – химик-технолог. 32 жаста. Ол бала күнінен егін егеді. Өзінің айтуынша, 6 жастан бастап. «Бүгінде жиырма жыл болды, ағаш, гүл, бау-бақша дақылдарын егіп келемін», – дейді.

Азамат Атырауда туып-өскен. Мамандығы бойынша мұнай-газ саласында жұмыс істеген. Шаруа қожалығының жұмысын жолға қою мақсатында жұмыстан шығып кеткен. Кейін бала күнінен бергі сүйікті ісін кәсіпке айналдыру үшін шаруа қожалығын құрып, Махамбет ауданы Сарайшық ауылынан жер алған. Біз фермерден егінді қалай баптап-күткенін және брокколи өсіру тәжірибесін бөлісуін сұрадық.

– Бала күнімнен үй ауласындағы жылыжайға құлпынай, қияр, қызанақ егетінмін. Былтырдан бастап қала сыртынан жер жалға алдым. Былтыр су тасығанда егін екпедім. Биыл 1 гектарға қызанақ (0,7 га) пен қияр (0,1 га), сосын брокколи (0,3 га) ектім, - дейді фермер Азамат.

Табиғи өнім

Брокколи еккен егінінен 250 келі өнім алған. Егінді тамшылатып суарып, топырақты тезекпен араластырып алған. «Көп егінші топыраққа тезек емес, селитра қосады екен» дейді ол.

- Мен селитра қоспауға тырысамын. Өнімнің барынша таза, табиғи, химикатсыз, пайдалы болғанын қалаймын. Сарайшық ауылымен көршілес Бейбарыс ауылында (бұрынғы атауы Чкалов) сиыр мен түйе шаруашылығы бар. Солардан тегін тезек алып, трактор болмаған соң жерді қолмен, мотоблокпен өңдеп, қопарып, тезекпен араластырып отырып ектік. Биыл өнім көп шықты. Қызанақтың бір түбінен 5–6 келіге дейін өнім алдым. Дән сапасының төлқұжатында үш келіге дейін өнім береді деп жазылған. Қияр мен брокколи де жақсы шықты, - дейді шаруа.

Агрономдар Атырау облысында егін егуге Жайық өзені бойында орналасқан Индер және Махамбет аудандарын қолайлы жер деп айтады. Азаматтың мысалы осының дәлелі болу керек.

- Сарайшық ауылында биогумус шығаратын кәсіпорын бар. Солардан биогумус алып, жерге салдық. Бір қызығы – брокколиге тыңайтқыш қоспадық десек те болады. Себебі, қызанақ пен қияр жинап жүріп, ұмытып кеттім. Шықпайды деп ойладым. Тек су құйдым. Тіпті зиянкестерге де өңдеу жүргізбедім. Бір қарасам, жақсы гүлдеп жатыр. Содан бастап суаруды жалғастырдым. Сосын күн де салқындады. Брокколи күн салқында жақсы өседі. Қыркүйектің басынан бастап шыққан өнімді жинап алдық, - деп әңгімелейді Азамат.

Осы тұста айта кету керек, диетологтар брокколидің өте пайдалы өнім екендігін, бауырға, жүрекке, тіпті иммундық жүйе мен көңіл күйді көтеруге көмектесетінін айтады.

«Монако» Атырау жерін жатсынбады 

Фермердің шаруа қожалығында агроном жоқ. Сондықтан ол өнімді екпес бұрын оны өзі әуелі әбден зерттеп алады. Бұрын-соңды қандай елде өскен, қандай жер мен ауаны талғайды, Атыраудың климатына төзімді ме, оның пайдасы мен оған жұмсалатын шығындар қандай деген сияқты сұрақтардың жауабын алуға тырысады. Сондай ізденістің үстінде брокколидің ерекше сортын тауып алып, зерттеп көрген. Бұл сортты Өзбекстанда егеді екен. Азамат оны енді біздің жерімізде де егуге болатынын дәлелдеді.

–Көбіне сырттан әкелінетін брокколиді егу туралы ой қайдан келді деп сұрап жатырсыз ғой. Мен шынымды айтсам, брокколиді қолыма ұстап, «өнім алдым» деп желіге видео салар алдында бұған біреу таңғалады деп ойламадым. Көп адам қызығушылық танытты. Ең бірінші болып маған сіз хабарластыңыз, - деп әңгімесін жалғады Азамат.

- Эксперимент ретінде көп нәрсе ектім. Соның ішінде брокколи, «черешковый сельдерей» дегенді де ектім. Ауламда жақсы шықты бұлар. Сосын ісімді кеңейткім келді. Жалпы, көк шөп жеуге көшу керек деп жатыр ғой қазір. Біздің халық әлі асқазанға ауыр тамақтарды жейді ғой: сүрленген ет, кола, «чипсы» т.б. Көк шөпке көбірек көшуіміз керек қой. Қарасам, брокколи бағасы Атырауда қымбат. Біздің жергілікті халыққа да пайдалы өнім болсын деп брокколиді өсіріп көрейінші деп ектім. Шығады екен.

Ол енді келесі жылы брокколи жанына түрлі-түсті капуста (цветная капуста), «черешковый» сельдерей егіп көруді жоспарлап отыр. Брокколидің басқа да сорттарын егіп көремін деп отыр. «Сельдерей мен брокколи шықты. Енді «цветная» капустаны зерттеп қараймын енді. Білмеймін, шыға ма, шықпай ма, көреміз» дейді фермер. 

 

Жергілікті шаруалар өнімін өткізу кезінде қиналады 

Оның сөзінше, бастаған ісі өзі ойлағаннан да жақсы жүзеге асқан. Дегенмен, жергілікті фермерлердің алдындағы қиын шаруа – шыққан өнімді өткізу машақаты.

- Жергілікті фермерлерге өнімін сату қиын. Атырауға өнімнің көбі сырттан келеді көбіне. «Динаның» өзінен орынды әрең аламыз. Құжаттардан бөлек, ішіне кіріп, әкімшілігімен сөйлесудің өзі оңайға соқпайды. Біздер «Дина» базарының сыртындағы «колхозный рынок» деген жерде, таңғы алтыдан бастап сатамыз. Қаладан өніміңді өткізу үшін сауда орнын алу қиын. Сол сияқты қалада донер, бургер сататындар қалада қалай орын алады, білмеймін. Біздерге қиын екен. Биыл сол қиындыққа тап болғанда осыған көзім жетті, – дейді фермер Азамат Есмұратов.

Ол брокколидан 250 келі өнім алғанын айттық. Оның бір келісін 900–1000 теңгеге көтерме бағамен сатқан. Фермердің сөзінше, базарға апарып сатқан өнімін қаладағы көкөніс пен жеміс-жидек сататын дүңгіршектер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне сатып алған. Ал олар үстіне баға қосып сататыны белгілі. Сондықтан ақырғы тұтынушыларға жеткенше баға екі-үш есе өседі.

- Мәселен, «Дина» базарына қызанақты 200 теңгеден сатсақ, көтерме бағамен сатып алғандар оның үстіне 200 теңге қосады. Ал олардан сатып алған жергілікті дүкендер өнімнің үстіне тағы 200 теңге қосып, 500–600 теңгеден сатады, - деп түсіндірді шаруа бағаның қымбат болуының себебін. Егер өнім тұтынушыларға тікелей жетсе, бағаны қолдан өсіру болмас па еді?

Азамат биыл Атырауда егін өнімі мол шыққан соң оның бағасы да төмен болғанына тоқталды. «Байқадыңыз ба, биыл жазда қызанақ пен қияр бағасы 100 теңгеге дейін төмен түсіп кетті. Себебі, биыл қызанақ мол өнім берді. Биыл жаз қатты ыстық болмады, бұл соған да байланысты» дейді ол.  

 

Келешектегі мақсат

Брокколи де салқын жерде жақсы өседі деген шаруа егін шаруашылығына қатысты білімді интернет кеңістігінен, әсіресе, youtube-тан алатынын айтады. Сондай-ақ, Беларусь, Ресей, Украина фермерлерімен instagram арқылы сөйлесіп, кеңес алып тұрады.  

Бала күнінен бергі ісін әрі қарай дамыту үшін «GreenAgro» деген атаумен шаруа қожалығын құрған шаруаның тағы бір көздеген мақсаты бар. Ол - туған жерін көркейту.

- Мен егін егіп, алған өнімді сатып, одан пайда көру үшін ғана ашқан жоқпын бұл қожалықты. Егіннен түскен ақшаның бір бөлігін алдағы уақытта жерді көркейтуге, орман отырғызып, ағаш егіп көруге жұмсағым келеді. Мысалы, Израиль, Қытайда шөлде ағаш отырғызып жатыр ғой. Сол сияқты жасылдандыруды Атырауда да жасап көргім келеді. Себебі, өзіңіз білесіз ғой, біздің климат ыстық, қатал, шаң-топырақ. Орманның көп пайдасы бар. Ауа тазалайды, оттегі береді, шаң мен топырақты ұстап қалады. Мен қожалықты сондай мақсатпен аштым, - дейді фермер.

Керемет идея. Ендігі тек іске ассын деп тілейміз.

Кім білер, бәлкім бірнеше жылдан кейін Атырауда «жергілікті брокколи» деген сөз таңсық естілмейтін болар.

Айнұр САПАРОВА

Фото мен видео Азамат Есмұратовтың жеке архивінен 

3 қазан, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.