
Атырауда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы басталды. Жоба ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешуге бағытталған. Қар мен жаңбырлы маусымда жер асты сулары көтеріліп, аулалар суға толып, санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болатын.
Енді жаңа жоба осы мәселелердің алдын алуға және тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, жалпы ұзындығы 26,2 шақырымды құрайтын кәріз желілерін салу жұмыстары биыл шілде айында басталды. Қазірдің өзінде 7,5 шақырым құбыр жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының шамамен 28 пайызы орындалды. Жоба толық аяқталған соң 2315 үй мен үш әлеуметтік нысан орталық кәріз жүйесіне қосылады. Бұл сегіз мыңнан астам тұрғынның өмір сапасын жақсартуға оң ықпал етпек.
Жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын жоба 2026 жылдың наурызына дейін аяқталады деп жоспарланған. Биылғы жылы құрылысқа 45 миллион теңге бөлінді.
Құрылыс жұмыстарын «Ақмешіт-Мелиоратор» компаниясы жүргізіп жатыр. Жобаның техникалық қадағалауын «АстанаДорАрхпроект», ал авторлық қадағалауды «ТЕGYS» компаниясы қамтамасыз етуде.
Геолог пен Мирас тұрғындары бұл жаңалыққа абайлап, оптимизммен қарайды: құбырлар тартылып жатыр, бірақ әлі екі жыл уақыт күтеді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау +2