Облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар төтенше жағдайларды жоюға бөлінген облыс бюджетіндегі 100 млн. теңгені су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының бюджетіне беруге дауыс берді.
Ал күн тәртібіндегі басты мәселе еңбек заңнамасын сақтау болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бастығы Тимур ЕСТЕБАЕВТЫҢ баяндамасынан ахуалдың күрделі екендігі, жұмысшылардың ұжымдық наразылықтары кездейсоқ еместігі айқын болды. Еңбекақы бойынша қазақстандық компаниялардың қарызы шашетектен. Мәселен, биылғы жылы еңбекақы бойынша: «Атыраумунайгазгеология» -61,1 млн. теңге, «Атырау Нефть и Газ Сервис» ЖШС -48,5 млн., «АВ Групп»- 33 млн., «Жаңа Құрылыс Атырау» АҚ - 4,7 млн, «Ран Дриллинг Сервис» -1,5 млн. қарыз болып отыр. Бережақты мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін департамент сотқа талап-арыз жолдаған.
Шетелдік компаниялар қатысатын кәсіпорындарда шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың еңбекақыларын төлеу бойынша айырмашылықтардың бар екендігі туралы мәселе ғана қалып отыр. «Петролеум Фасилитез Е & С Лимитед», «Эпско Техникал Сервисез АГ» және «Ескерткіш Қызмет Ратледж» компанияларына тексерулер жүргізіліп, қазақстандық жұмысшылармен салыстырғанда шетелдік мамандардың еңбекақыны анағұрлым жоғарғы деңгейде алатыны анықталған.
Т.Естебаев еңбекақыны үш жағдайда теңестіруді ұсынды№ Алдымен 3-санаттағы шетелдік жұмысшының позициясы бойынша қазақстандық маманнан жабдықты басқару жөніндегі арнайы білімі мен дағдылары талап етілмесе, 2-ші санаттағы шетелдік жұмысшы қазақстандық мамандармен тең лауазымда бірдей еңбек міндеттемелерін орындаған жағдайда және вахталық әдіспен жұмыс жасау кезінде 1, 2, 3-1-санаттағы шетелдік жұмысшыларды ауыстырушы қазақстандық жұмысшылар боп табылса.
Мәслихат сессиясының отырысы таяу күндері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінетіндігіне байланысты кейінге қалдырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ