
Атыраудағы №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Инклюзивті қолдау кабинеті» жұмысын бастады.
Жобаны облыстық Білім беру басқармасы, Атырау қаласының Білім бөлімі, Әдістемелік орталығы және «BI Жұлдызай» корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырды.
Кабинет ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім алу, әлеуметтену және жан-жақты даму үшін қолайлы жағдай жасайды. Мұнда логопед, психолог, дефектолог және емдік дене шынықтыру мамандары жұмыс істейді. Балалар тек диагнозына байланысты емес, ата-аналардың өтініші бойынша да қабылданып, мамандардың сүйемелдеуімен оқытылады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева мәлімдегендей, өңірде 7914 ерекше бала бар, олардың 2507-і мектепке дейінгі жаста. Жаңа кабинет балалардың толыққанды дамуына және қоғамға бейімделуіне маңызды үлес қосады.
Алдағы уақытта осындай кабинеттерді басқа балабақшаларда да ашу жоспарланып отыр.
В Атырау +2